2035 жылға қарай әлемде бал аралары жойылып кетуі ықтимал
20 мамыр – Халықаралық аралар күні. Статистикаға сәйкес, әлемнің барлық аймақтарында бал аралары қырылып жатыр. Аралар жеміс ағаштарының, жидектердің, дәнді дақылдар гүлдерінің негізгі тозаңдандырушысы болғандықтан, олар азайса, адамзат тұтынатын көптеген өнімдер де жойылып кетуі ықтимал, деп хабарлайды ТАСС.
Бұл жәндіктердің қырылуына негізгі себеп – Varroa destructor паразиті, онымен күресу өте қиын. Сондай-ақ араларды фермерлер зиянкестермен күресу үшін қолданатын никотинді инсектицидтер өлтіреді. Бұдан бөлек, бей-берекет құрылыс салдарынан экожүйелер бұзылып жатыр. Бұған жаһандық жылыну да теріс әсер етуде.
Аралардың жылдық қырылуы 20% деңгейінде сақталса, 2035 жылға қарай олар толығымен жойылып кетуі ықтимал. Төмендеудің жыл сайынғы ең жоғары көрсеткіші Солтүстік Америкада (30-40%), Еуропада (~30%) және Оңтүстік Африкада (~30%) байқалады.