3 миллионнан астам адамның табысы өсті – Әлихан Смайылов

0
152

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов «AMANAT» партиясының барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының республикалық форумында сөз сөйледі деп хабарлады turkystan.kz.

Ол азаматтардың табысын арттыру, мектептер, медициналық мекемелер, тұрғын үйлер салу және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту шаралары туралы айтты.

Биыл 2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде әлеуметтік төлемдерге, денсаулық сақтау мен білім беруге, нақты сектор мен инфрақұрылымды дамытуға және басқа да бағыттарға қосымша 2,2 трлн теңге қаражат бөлінгенін атап өтті.

«Мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері уақтылы және толық көлемде орындалып келеді. Биыл 4,4 млн адамды көтерілген әлеуметтік төлемдермен қамтуға 4,6 трлн теңге бөлінді. Халықтың табысын арттыру шаралары аясында 3 млн-нан астам адамның табысы өсті. Жәрдемақылар 900 мыңға жуық адамды қамти отырып, 23%-ға өсті. Студенттерге стипендия 20%-ға көтерілді. Бұдан басқа, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын іске асыру шеңберінде жыл соңына дейін 1 млн-ға жуық адам жұмыспен қамтылады», – деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министрдің айтуынша, ауылдық жерлерде медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін қосымша «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы іске асырылып келеді.

«Оның аясында 2026 жылға дейін 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын салу және 32 көпсалалы аудандық аурухананы модернизациялау жоспарланып отыр. Биыл осындай 309 нысан іске қосылады», – деді ол.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ