73 жасында аңшылардың дүниежүзілік форумына шақырылған құсбегі туралы не білесіз

0
123
Фото: Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің қоры

– Ертіс-Баян өңіріндегі кәсіби құсбегілердің соңғы тұяғы Мәуия Әбікейұлының есімі бүгінде аңызға айналған. Атақты саятшы заманында Мәскеуде өткен Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде алтын медальмен марапатталып, Чехословакиядағы аңшылардың дүниежүзілік форумына шақырылған. Қарт аңшы сондай-ақ Шәкен Аймановтың «Найзатас» фильміне түскен.

Мәуия Әбікейұлы 1900 жылы қазіргі Баянауыл ауданы Жарылғап ауылындағы Бәлтеш қыстауында дүниеге келген. Ес біліп, етек жиған жасөспірім шағынан алыс-жақынға құсбегілік өнерімен танымал бола бастайды.

Жалпы Баянауыл аумағында кезінде небір дүлдүл құсбегі-саятшылар, тазы өсірушілер болған. Аумақта аңшылық өнерге айрықша маңыз беріп, оны дамытуға атсалысқан – атақты Мұса Шорманұлы. Бұл туралы Мәшһүр Жүсіптің «Боздағым» деп, Мұса мырзаны жоқтау өлеңінде айтылады. Осы төңіректің арғы-бергі тарихын жазып кеткен өлкетанушы Өкпенің Кәрімтайы өз кітабында аймақта ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың басында оннан аса мықты аңшы болғанын баяндайды. Олар – Өкпе Дүйсенбайұлы (1864-1954), Қасен Әбенұлы (1886-1971), Жұмаділ Жақыпұлы, Мәуия Әбікеев (1900-1985), Бұғыбай Көбеұлы (1875-1934), Тілеубай құсбегі, Сқақ Уфанұлы (1891-1982), Мағаз Сәтбаев, Шайман Омаров, Нұржан Кемешов, Мұқан Құлманов (1907-1967), Кәрімтай Өкпеұлы (1930-2011). Атақты құсбегі Шайман Омаров жөнінде де ел аузында аңыздар көп. Әулиелі Қызылтау өңіріндегі Айыртаста (Мәшһүр Жүсіптің туған жері) «Шайманның асуы» деген тік жартастан тұратын биік тау бар. Мына бір аңыз әңгімені өлкетанушы Рамазан Нұрғалиевтің аузынан естіп едім.

«Бірде Қаракесек елінің сері жігіттері Шайманға келіп: «Мынау биік таудың ар жағында қара түлкі бар дейді, міне қаршығамыз, жол бастаңыз» депті. Құсбегі сендер жер жағдайын білмейсіңдер, мен өз бүркітімді ұшырайын деген шешімін айтады. Шайманның елге мәлім сары бүркіті болған көрінеді. Қайыңтоғайға жеткенде қара түлкі қашып, қыранының томағасын сыпырып қоя береді. Түлкіден айла артылған ба, жылғалармен қашып, әлгі биік таудан әрі асып кетіпті. Жоғарыдан сорғалаған сары бүркіт те сол жаққа ағып түседі. Қаракесектің сері жігіттері түлкі де, бүркіт те жоғалды деп күліп тұрғанда Шайман «бұл биіктен астымдағы байталыммен асып түсіп, түлкіні бөктеріп келмесем маған серт» дейді. Әлгілер сенбесе керек, 40 жылқыға серттесіпті. Сөйтсе, құсбегі мінген байтал таутекелерше орғитын ерекше жануар екен. Әлгі биіктен асып, түлкіні басып отырған қыранына аман жетеді. Қара түлкіні сері жігіттің қанжығасына байлаған екен. Сол уақыттан әлгі адам баспас биік тау «Шайманның асуы» аталып кеткен».

Мәуияның атасы Құжан да атақты саятшы болған. Бұл өнер ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, балалары Әбікей мен Дәстер де қыран баптап, тазы ит жүгірткен. Тағы бір ұлы Бек заманында он саусағынан өнер тамған ұста, етікші болыпты. Мәшһүр Жүсіппен бірге жүріп, онымен айтыс жасаған. Ол туралы ғұламаның еңбектерінен оқуға болады.

саятшы
Фото: Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің қоры

М. Әбікеевтің кәсіптік аңшылықпен кеңес өкіметі алғаш құрылған уақыттардан-ақ айналысқаны байқалады. Саятшылыққа аттың аты ғана шыдас беретіні түсінікті. Оның жылқы жануарын ерекше тани білетіндігін байқаған әскерилер Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары жылқы зауытына жұмысқа алады. Ол жерде ұрыс аттарын баптап, жаудың бетін қайтаруға үлкен үлес қосқан.

аңшы
Фото: Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің қоры
аңшы
Фото: Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің қоры
аңшы
Фото: Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің қоры

Ал 1957 жылы саятшылық өнердегі жоғары жетістіктері үшін КСРО тұтынушылар қоғамы орталық одағының қаулысымен «Аңшылық ісінің үздігі» атағы беріліп, қысқа ұңғылы бесатар карабин сыйға тартылады. Мәуия Әбікеев 85 жыл ғұмыр кешкен. Көнекөз қариялардың айтуынша, қазақтың үштен бірі қырылған отыз екінің аштығында өзі сияқты аңшылармен тізе қосып, Алтайдан таутеке, бұлан, елік атып әкеліп, тұтас ауылдардың аштықтан аман қалуына сеп болған. Түз жануарларының еті бір шеті Қарағанды, бір шеті қазіргі Екібастұздың аумағындағы ашыққан елге таратылған.

Мәуия
Фото: Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің қоры

Ол енді біреулер үшін аңыз адам. Ел алдындағы абыройының арқасында талай азаматты ажал сотынан аман алып қалып, жүздеген адамға шарапаты тиген. Кеңес өкіметінің түпкір-түпкірінен хат жазушылар аңшыдан қасқырдың өті мен бауырын жіберуді өтінген. Ол уақытта қызыл жегі, шошыну, сібір жарасы, алапес, өзге де қауіпті аурулардың еміне қасқырдың ағза мүшелері пайдаланылған екен.

– Әкеміздің өмірінде мықты үш аты болған. Соның ішінде ерекше есте қалғаны ала ат еді. Жарықтық жылқы ішіндегі ең ірісі, кеудесі кең, төсі алшақ-тұғын. Болдыру дегенді білмейді. Әкем Кереку мен Баянауыл арасында жиі сапарлап жүрді. Соғыстан кейінгі жылдары Павлодар қаласында Ертіс өзені үстінен қазіргідей үлкен көпір жоқ, ел-жұрт пароммен шұбырып өтетін. Әкей елге қайтқанда кешкілік пароммен бері өтеді де, сол жерде түнеп қалады. Таң алагеуімде жалғыз ат жегілген екіаяқты жеңіл арбасына отырып шу дейді. Сонда кешғұрым 200 шақырым жердегі Баянауылға жетіп келетін. Ал енді күз бен қыста аң аулауға шыққанда 2-3 ай үйдің бетін көрмейді. Астындағы атының мықтылығы ғой, қазіргі Қарағанды облысының аумағына, Екібастұздың ар жағындағы Өлеңті мен Шідерті даласына, тіпті Алтай тауларына дейін барып аң аулап қайтады. Ол кісінің еңбегі жанкешті еңбек еді. Мені жастайымнан аң қағушы етіп жанына ертті. Әкем бір мезетте 2-3 бүркітті баптады. Барлығын «Қандыбалақ» атайтын. Құстың нағыз қырандарын солтүстіктегі жалқарағай ормандарының арасынан әкеліп жүрді. Бірде жан-жағы толған түрлі аңның сүйектері, қарағайдың ұшар басындағы ұяға кезігеді. Әлгі аңдардың қаңқа сүйектері өте ірі екен, бүркіттің нағыз текті екенін аңғарады. Сөйтіп балапанын олжалап қайтқан. Ол қыраны қасқыр біткенді жапыратын нағыз алғыр құс болды, – деп әңгімелейді атақты аңшының ұлы, құсбегі Босаға Мәуияұлы.

Бір жылдары Чехословакияның бұрынғы президенті Людвиг Свободаның немере інісі, армия полковнигі Вацлав Свобода бүркітшіге хат жазып, жыртқыш құстарды қолға үйрету бойынша ақыл-кеңесін сұрайды. Сол тұста жергілікті журналист Айтжан Бәделхан Мәуия атаның айтуымен қыран құсты баптаудың қыр-сыры жайында В. Свободаға бірнеше мәрте жауап жолдапты. Осылайша екі жақ біраз уақыт хат алмасып тұрады. Вацлавтың өзі сұңқарға құмар жан екен. Кейін Чехословакияда аңшылардың дүниежүзілік форумы өтіп, қазақ бүркітшісі әлгі жиынға арнайы шақырту алады. Чехословак әріптестерін сонау қазақ даласындағы 73 жастағы қарияның бүрткітшілікпен әлі де болсын айналысып, қасқыр соғып жүргені ерекше әсерлендірсе керек.

Мәуия
Фото: Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің қоры
Мәуия
Фото: Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің қоры

Бүгінде Потанин атындағы өңірлік тарихи өлкетану музейінде әйгілі саятшы жайында жазылған мақалалар, фотосуреттер, құжаттары мен жеке заттарынан құралған бұрыш бар. Ертіс-Баян өлкесіндегі белгілі тұлғалар жайындағы кітаптардың авторы, аңшы туралы көптеген очерктер жазған Д. Приймак Мәуия Әбікейұлымен дос болған. Д. Приймактың «Охота и охотничье хозяйства» атты журналда жариялаған «С собаками и беркутами» очеркінде былайша баяндалады:

«Мәуия Әбікеевке аңшылық арғы аталарынан дарыған. Оның әкесі, атасы, бабасы аңшылықпен айналысқан. Шөбересі (Мәуия) шақпақты мылтық пен ежелгі заманғы әшекейлермен көмкерілген ертоқымды ұзақ уақыт сақтап, кейін өлкетанушылардың сұрауы бойынша оларды музейге тапсырды. Заманға сай қару сатып алды. Дейтұрғанмен аңшылық кезінде оның негізгі достары – тазы иттері мен бүркіттері. Маңайдағы колхозшылардың барлығы оны алыстан-ақ бүркітіне қарап таныр еді. Әбікеев бағалы аң терісін тапсыру бойынша жылдық жоспарды үш-төрт есеге, кейде тіпті бес есеге артық орындап тастайды. Ол Құрмет грамоталарын алған! Орталық одақ оған кәсіптік аңшылықтың үздігі атағын берді, оның бұған қоса қаншама Құрмет грамоталары бар. Осы жылдың алғашқы алты айында Мәуия 57 қасқыр терісін (жылдық жоспар – 10), 66 түлкі (жылдық жоспар – 20), 30 күзен (жылдық жоспар – 10) терілерін тапсырды. Оны жергілікті мал бағушылар аса құрметпен қарсы алады. Аңшы Ертіс өңіріндегі жүздеген шопанның отарын қасқырдан құтқарып отыр».

Ақсақал соғыстан кейінгі жылдары кеңес одағының түпкір-түпкірінен хат жазған адамдарға көмектескен дедік қой. Баянауыл аудандық «Баянтау» газетінде жарияланған сондай бір хаттан үзінді келтірейік:

«Сəлеметсіз бе, газет арқылы таныс та бейтаныс Мəуия Əбікеев. Менің мұңым өзіңізге жазуға мəжбүр етті. Газеттен бүркітпен аң аулау туралы мақаланы оқыдым. Төрт баланың жəне науқас ұлдың анасы ретінде сізден көмек сұрауды жөн көрдім. Үш жыл болды, үлкен ұлымның ұстамасы кетпеді. Бұл ауруды қасқырдың бауырымен емдейміз, бірақ оны алу өте қиын. Əке ретінде, дос, жолдас ретінде қасқырдың бауырын жіберуіңізді сұраймын. Мен өте риза болар едім. Асыға күтемін, Чернявская А.Н.».

Бұл тектес хаттар өте көп болған. Ал Сұлтанмахмұт Торайғыровтың немере інісі, ақын Шаймерден Торайғыров 1967 жылы жазған «Саятшы Мәуия» поэмасында қарт аңшының бейнесін шынайы суреттейді.

Мәуия
Фото: Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің қоры

Құсбегінің заманында атағы аспандап тұрғанының тағы бір дәлелі, атақты кинорежиссер Шәкен Айманов 1969 жылы Баянауылға келіп «Найзатас баурайында» картинасын түсіргенде қарт бүркітшінің бейнесін сомдау үшін Мәуия қарияны шақырады. Дәл сол жылы аңшы Мәскеуде өткен дүниежүзілік биолог-аңшылардың ІХ әлемдік конгресіне Қазақ КСР атынан жалғыз қатысып, құс баптаудың қыр-сыры жайында бірнеше сағат әңгімелейді. Айтқандары сол замат аудармашы мамандармен бірнеше тілде аударылып отырған.

Кереку жеріндегі кәсіби аңшылықтың дегдары, атақты саятшы Мәуия Әбікейұлы 1985 жылы дүние салды. Ақсақал өмірден өтерін білді ме екен, 1984 жылы туған жеріне барып, кезінде өз қолымен ұядан алған қандыбалақтарының ең соңғысын Ақбеттаудың бауырына апарып ұшырып қоя берген. Ізінен аңыз ерген қария татар дәмі таусылып, соңғы демі үзілгенше аттан түспей өтіпті.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз