Көшпелі семинар-тренингтер мәресіне жетті

0
250

Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен өткен «Жастардың саяси мәдениетін арттыру жолдары» атты көшпелі семинар-тренингтерге әртүрлі мамандық иелері қатысты. Олардың арасында саясаттану мамандығы бойынша білім алатын студенттермен қатар, халықаралық қатынастар, журналистика, тіпті инженерлік курста оқитындар бар. Себебі саяси мәдениетті меңгеру мамандық түрімен шектелмейді.

«Мәңгілік Қазақстан» қоғамдық қорының жоба жетекшісі Б.Нәлібаевтың сөзінше, еліміздегі соңғы жылдардағы саяси үдерістер осындай жобалардың пайда болуына түрткі болып отыр екен. «Бұл жобаның аты «Халықтың саяси мәдениетін арттыруға бағытталған тақырыптық іс-шаралар өткізу» деп аталады. Ал семинар-тренингтердің мақсаты – болашағынан зор үміт күттіретін саясаттанушыларды іріктеу. Алматы қаласы саяси өзгерістердің эпиорталығында орналасқан. Мұндағы оқиғалар қалған өңірлерге бірден әсер етеді. Мегаполиске жыл сайын аймақтардан әртүрлі жастағы адамдар ағылып келіп жатыр. Әлеуметтік және саяси шиеленістер ушықпас үшін осындай іс-шаралар көп өткізілу керек деп санаймыз» дейді ол.

Төрт жерде ұйымдастырылған семинар-тренингтерге бес саясаттанушы тартылған. Олардың барлығы бұған дейін саяси мәдениет тақырыбы бойынша ғылыми жұмыстармен айналысқан мамандар. Мысалы, Жеңісбек Төлен, Нұркен Айтымбетов, Нұрболат Нышанбай сынды тренерлер осы тақырыпта диссертациялық еңбектер жазған. Сонымен қатар олар қаладағы жоғары оқу орындарында педагогикалық қызмет атқарады.

Көшпелі семинара-тренингтерге қатысқан барлық қатысушылар ұйымдастырушылардың қолынан сертификаттар алды.

Қ.Қарабаев

ПІКІР ҚАЛДЫРУ