9 мың гектар жайылым бір отбасының меншігіне өтіп кеткен – депутат

0
256

Алматы облысында Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған бауыры Болат Назарбаевтың ықпал етуімен тағайындалған әкім заңсыз қаулы шығарып, жайылым жер бүтін бір отбасының меншігіне өтіп кеткен. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек айтты деп хабарлады Халық үніне сайты.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Депутат Бақытжан Базарбай заң жобасына енгізілетін өзгерістерге тоқталып, Назарбаев әулеті заңсыздықтарға жол бергенін ашық айтты.

«Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында Асысаға деген ауыл бар. Онда 11 мың гектар жайылым жер бар еді. 2013-2015 жылдар аралығында Болат Назарбаев қойған әкімнің заңсыз қаулысының салдарынан 11 га жайылымның 9 мың гектары бір отбасының жекеменшігіне өтіп кеткен. Әкесі – 2 300 га, үлкен ұлы – 1 370 га, ортаншы ұлы – 1 340, ортаншы қызы – 1 260 га, кіші қызы – 1 760 га және оның күйеуі 1 670 га жерді иеленді. Осылайша, бір ауылдың жері бір отбасы мүшелерінің жекеменшігіне және жер пайдалану құқығына өткен», – деді ол.

Оның айутынша, «Жер аманаты» республикалық комиссиясы жайылымның 6 500 га жерін мемлекет меншігіне қайтарған.

Мұны неге айтып отырмын? Жайылым жерлердің мәселесі Қазақстанның түкпір-түкпірінде өте өзекті болып тұр. Біз «қоғамдық жайылым» деген ұғымды енгізіп отырмыз. «Қоғамдық жайылым» деген ұғыммен қоса, енді жемқорлыққа белшесінен батқан әкімдер қоғамдық жайылым жерлерді ығай мен сығайларға беруге құқығы жоқ. Себебі ол базаға қоғамдық жайылымдық жер ретінде енгізіледі, – деді Бақытжан Базарбек.

Депутат заң жобасы жайылымды жерлерді егістік жерлерге айналдыруға мүмкіндік бермейтінін жеткізді.

Сондай-ақ енді әкімдер жайылымды жерлерді резервке қоюға міндеттеледі. Жайылымды жерлерді кооперативтерге береміз және кооперативтерді қолдаймыз, – деді ол.

Депутаттар заңды бірінші оқылымда мақұлдады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ