«Алма-Арасан» радон бұлағына баратын маршрутты кешенді жаңғырту қолға алынды

2025 жылы 12 мамырдан бастап «Алма-Арасан» автотұрағынан радон бұлағына дейінгі маршрутты кешенді жаңғырту басталды. Жоба аясында радон бұлағының инфрақұрылымын жаңарту, беткейлерді нығайту, көпірлерді қайта жөндеу, сонымен қатар жол бойын көріктендіру – жаңа төсеніштер, баспалдақтар мен демалыс орындарын орнату жұмыстары қамтылған. Бұл туралы Алматы қаласының туризм басқармасы хабарлады.
Бұлақ маңында тау жыныстарының құлауынан қорғану жұмыстары жүргізілуде, оған өнеркәсіптік альпинистер тартылған. Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрақсыз тау жыныстарынан беткейлерді тазарту көзделген, соның ішінде тастарды сынық темірлер мен гидроқұралдарды пайдаланып, қолмен түсіру жұмыстары жүргізіледі.
Беткейлердің қосымша тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін анкерлік жүйелер орнатылады. Беткейлердің бетін болат торлармен және тартпа арқанмен қосымша бекіту жұмыстары жүргізіліп, бұл тау жыныстарының тұрақтылығын арттырып, құлау қаупін азайтады.
Жаңғырту жұмыстары 2025 жылы шілде айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Дегенмен кейбір жұмыстардың мерзімі ауа райының жағдайына байланысты өзгеруі мүмкін. Барлық жұмыс аяқталғаннан кейін бұл маршрут анағұрлым қауіпсіз, жайлы әрі экологиялық таза болып, әртүрлі жастағы және дайындық деңгейіндегі туристерге бейімделеді.
«Қала тұрғындары мен қонақтарынан сапарларын жоспарлау кезінде уақытша шектеуді ескерулерін сұраймыз. Жұмысң барысы мен уақытша жабылулар туралы ақпарат қосымша жарияланады», – деді хабарлады қаланың туризм басқармасы.