Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы мерейтойын атап өтті

Республика сарайында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының 90 жылдық мерейтойына арналған салтанатты Гала-концерт өтті.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов оқып берді.
«Сіздерді Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының құрылғанына 90 жыл толуымен құттықтаймын! Бұл – ұлттық музыка өнерінің мерейлі белесі. Даңқты Ахмет Жұбанов негізін қалаған филармония ғасырлар жүгін арқалаған халқымыздың рухани мұрасын жаңғыртуға, өркениетіміздің өрісін кеңейтіп, қазақтың ән-күйін әлемге танытуға зор үлес қосты. Ұлт руханиятына айрықша өлшеусіз үлес қалдырған көптеген тұлғаларымыз осы киелі сахнада өнер көрсетті»,– делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.
Гала-концертте филармонияның жетекші шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, ұлттық музыкалық дәстүр мен заманауи академиялық бағыттардың жарқын үйлесімін ұсынды. Бағдарламада Нұрғиса Тілендиев, Мұқан Төлебаев, Еркеғали Рахмадиев, Төлеген Қажығалиев, Әділ Бестібавтың шығармаларымен қатар Людвиг ван Бетховен, Николай Римский-Корсаков, Антонио Вивальди және Пабло Сарасате сынды әлемдік классиктердің туындылары орындалды.
Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының 90 жылдық тарихы – қазақ музыкасының даму жолындағы ерекше кезең.
Мерейтойлық концерт ұлттық өнердің құдіретін айқындап, көрерменге есте қаларлық әсер сыйлады.
Іс-шара аясында филармония ардагерлеріне, қонақтарға, өнер және мәдениет қайраткерлеріне арнайы ұйымдастырылған көрме ұсынылды. Экспозицияда филармонияның қалыптасу кезеңдері, сондай-ақ Нұрғиса Тілендиевтің өмірі мен шығармашылық жолы кеңінен қамтылды.






