Жамбыл облысында Конституциялық реформаның саяси жаңғырудағы рөлі талқыланды

Бүгін Тараз қаласында «Ауыл» партиясы Жамбыл облыстық филиалының мүшелері арасында «Конституциялық реформа – саяси жаңғыру факторы» тақырыбында пікірталас өтеді. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – жаңа Конституция жобасы бойынша алдағы референдумды өткізу мәселесін талқылау.
Іс-шараның мақсаты – жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін және алдағы референдумды талқылау, біртұтас ұстаным қалыптастыру, сондай-ақ конституциялық реформаларды елдің саяси жаңғыруының маңызды кезеңі ретінде қолдауға бағытталған ұсыныстар мен бастамаларды әзірлеу.
Модератор ретінде «Ауыл» партиясы Орталық аппараты басшысының орынбасары Айгерім Сарсенбаева сөз сөйлеп, конституциялық жобаны талқылау барысында пікір алмасуға және ортақ шешімдер әзірлеуге баса назар аудару қажеттігін атап өтті.
Отырысты ашқан заңгер, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «Ауыл» партиясы фракциясы аппаратының жетекшісі Жазира Сұлтанқұлова демократиялық институттарды дамыту тек заңнаманы жетілдірумен шектелмейтінін, сонымен қатар қоғам мүшелерінің еркін пікір білдіруіне жағдай жасаумен тікелей байланысты екенін айтты.
Саясаттанушы Даурен Пірімбетов реформаларды табысты жүзеге асыруда қоғам белсенділігі шешуші рөл атқаратынын, ал азаматтық бірлестіктер мен сарапшылардың қатысуы халық мүддесін барынша дәл жеткізуге мүмкіндік беретінін жеткізді.
Сонымен қатар іс-шараға Ш. Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің «Экономика және бизнес» факультетінің деканы Жарас Қуатбеков; Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «Ауыл» партиясы фракциясы аппараты басшысының орынбасары Аида Жабағиева қатысып, өз пікірлерін білдірді.
Баяндамалардан кейін қарастырылып отырған тақырып бойынша пікір алмасуға бағытталған талқылау сессиясы өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар ортақ тұжырымға келді: жаңа Конституция – қауіпсіз, әділетті және тұрақты дамитын мемлекеттің берік іргетасын қалауға мүмкіндік беретін стратегиялық таңдау.
«Ауыл» партиясы» Баспасөз қызметі







