Бүгінде eGov.kz тек портал ғана емес, толыққанды цифрлық экожүйеге айналды

Екі онжылдықта eGov.kz қарапайым ақпараттық анықтамалықтан еліміздің қуатты цифрлық трансформациясына айналды.
eGov.kz тарихы 2006 жылы, электронды үкіметтің алғашқы кезеңі іске қосылғанда басталды. Оның құрылуына негіз болған 2004 жылғы 10 қарашадағы Қазақстан Республикасы Президентінің Қаулысы №1471 «2005-2007 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында электронды үкіметті қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламасы» болды. Алғашында портал азаматтарға мемлекеттік қызметтер мен органдар туралы ақпарат ұсыну үшін арналған болатын. Дегенмен, порталдың алғашқы жылдарында-ақ онлайн қызметтерді жасауға негіз қаланып, электронды үкіметтің дамуы басталды.
Жыл өткен сайын порталдың функционалдығы барынша әртүрлі бола түсті. Алдымен ақпараттық мәліметтерді ұсынудан басталған eGov.kz кейіннен электронды қызметтерге, онлайн төлемдерге, кейіннен бірқатар қызметтерді бір жүйеге біріктірген кешенді сервистерге айналды. Мемлекеттік деректер базалары, ведомстволық ақпараттық жүйелер және Ұлттық куәландырушы орталық сияқты маңызды цифрлық элементтердің енгізілуі қызмет алу процесін айтарлықтай жеңілдетті.
Пайдаланушы тәжірибесін жақсарту үрдісі үздіксіз болды: мысалы, 15 минут ішінде заңды тұлғаны тіркеуге немесе баланың дүниеге келуін онлайн рәсімдеуге, бір мезетте жәрдемақыға өтініш беріп, балабақшаға кезекке қоюға мүмкіндік пайда болды. 2019 жылы мобильді қосымша eGov Mobile жаңартылып, қазақстандықтар арасында кең танымалдыққа ие болды, мемлекеттік қызметтерді алу үшін ыңғайлы құралға айналды.
Пандемия кезеңі eGov.kz дамуының маңызды кезеңіне айналды. Шектеулер мен қашықтан байланыс қажеттілігі жағдайында портал азаматтармен мемлекет арасындағы негізгі байланыс арнасына айналды, маңызды қызметтерге үздіксіз қол жеткізуді қамтамасыз етті. Осы кезеңде биометриялық технологиялар енгізіліп, қызметтерді алу процесі едәуір жеңілдеді және пайдаланушылар үшін кедергілер айтарлықтай төмендеді.
Бүгінде eGov.kz тек портал ғана емес, толыққанды цифрлық экожүйеге айналды. Порталда 15 миллионнан астам пайдаланушы тіркелген, ал көрсетілген қызметтер саны 508 миллионнан асты. eGov Mobile мобильді қосымшасы қазақстандықтардың күнделікті өмірінің бөлінбес бөлігіне айналды: қосымша арқылы 111 миллионнан астам қызмет көрсетілді. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы онлайн форматта қолжетімді, сондай-ақ 39 цифрлық құжат жұмыс істейді.
20 жыл ішінде eGov.kz ақпараттық ресурстан кең ауқымды цифрлық экожүйеге айналды. Алдағы уақытта eGov 3.0 пайдаланушыларға жаңа проактивті сервистер мен шешімдер ұсынбақ, олар жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін болады, сондай-ақ AlemGPT сияқты платформалармен интеграциялау арқылы мемлекеттік қызметтерді пайдаланушыларға ыңғайлы интерфейстер мен табиғи диалог форматында алуға мүмкіндік береді.
Қазақстанның цифрландыру саласындағы жетістіктері халықаралық деңгейде жоғары бағаланды: 2024 жылы еліміз UN Global E-Government Development Index бойынша 193 елдің арасында 24-орынға ие болды, ал онлайн қызметтер индексі (OSI) бойынша 10-орында тұр. Сарапшылар Қазақстанның электронды үкіметінің тиімділігін және халықтың өмір сапасын арттыру үшін цифрлық шешімдерді енгізуді жоғары бағалады.
Қазақстан цифрландыру жолымен одан әрі дамып, ақылды әрі адамға бағдарланған мемлекет құруды жалғастыруда. 20 жыл бұрын бірқатар қарапайым процестерді, мысалы, тұрғылықты жер бойынша тіркелу немесе жәрдемақы алу сияқты рәсімдерді үйден шықпай-ақ бірнеше минут ішінде жасау мүмкін екені ешкімнің ойына да келмеген болар еді. Ал бүгін бұл — біздің күнделікті өміріміздің бір бөлігі.







