Алматы қаласында ересектер арасында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан кубогы өтіп жатыр. Елордалық балуан Бағдат Сабаз жарыстың алғашқы күні-ақ чемпион атанды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Дәстүрлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен 800-ден астам балуан қатысып, жүлделерді сарапқа салуда. Олардың қатарында әлем және Азия чемпионаттарының, Олимпиада ойындарының жүлдегерлері де бар.
Жарыстың алғашқы күнінде грек-рим күресінен жүлделер сарапқа салынды. Нәтижесінде елордалық балуандар 1 алтын және 1 қола медаль жеңіп алды.
67 келі салмақ дәрежесінің финалында елордалық балуан Бағдат Сабаз Жамбыл облысының спортшысы Ержет Жарлықасынмен белдесті. Финалдық кездесуде Бағдат Сабаз белсенді күрес көрсетіп, алғашқы минуттардан-ақ басымдыққа ие болды. Қорытындысында ол 6:0 есебімен жеңіске жетіп, Қазақстан кубогының чемпионы атанды.
Айта кетейік, Бағдат Сабаз 2025 жылы Вунгтау қаласында өткен U23 Азия чемпионатының жеңімпазы болған.
Сонымен қатар, грек-рим күресінен 55 келі салмақта елордалық Марлан Мұқашев қола медаль иеленді.
Алдағы күндері бозкілемге әйелдер мен еркін күрес шеберлері шығады. Қазақстан кубогы 17 мамырға дейін «Алматы Арена» спорт кешенінде өтеді.
