Zamandas.kz ақпараттық агенттігі
ОбразованиеҚоғам

АШЫҚ ХАТ (Абай ұлттық мектебінде оқытылатын «Қазақ әдебиеті» пәнінің бағдарламасы жөнінде)

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі 

Сүлейменова Жұлдыз Досбергенқызына

Көшірмесі:

Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына

Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне

Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне

Бұқаралық ақпарат құралдарына

 

АШЫҚ ХАТ

(Абай ұлттық мектебінде оқытылатын «Қазақ әдебиеті» пәнінің бағдарламасы жөнінде)

 

Қазақ әдебиеті пәнінің басты мақсаты – оқушыны әдебиеттанушы етіп шығару емес, көркем мәтін арқылы оның ұлттық болмысын қалыптастыру, рухани иммунитетін күшейту, сөз өнерін сезіне алатын тұлға етіп тәрбиелеу. Әдебиетті оқымаған ұрпақ – тарихи жадынан ажыраған ұрпақ. Бала көркем шығарма арқылы ғана адам болмысының күрделілігін, ар мен намыстың салмағын, әділет пен мейірімнің құнын таниды. Сондықтан мектептегі әдебиет пәнінің түпкі миссиясы – ұлттық мінезді сақтайтын, рухани тамыры терең тұлға тәрбиелеу.

Бүгінгі күні Абай ұлттық мектебінде «Қазақ әдебиеті» пәні екі түрлі бағдарлама негізінде оқытылып отыр: 8–11-сыныптар қолданыстағы оқу бағдарламасымен және 7-сынып эксперименттік «Qazaq National School Programme» бағдарламасымен .

Қолданыстағы бағдарламада пәннің мақсаты – сөз өнерін ұлттық құндылық әрі мәдени мұра ретінде танып, эстетикалық талғамы жоғары, шығармашыл тұлға қалыптастыру деп көрсетілген. Ал эксперименттік «Qazaq National School Programme» бағдарламасында әдебиет оқушының эстетикалық талғамын, эмоционалдық интеллектісін, оқырмандық мәдениетін, коммуникативтік құзыретін дамыту құралы ретінде беріледі. Яғни біріншісі академиялық-эстетикалық бағытқа жақын болса, екіншісі функционалдық және құзыреттілікке негізделген модельге сүйенеді.

Кез келген оқу үдерісі өзара сабақтас үш тағанға сүйенетіні белгілі: нені оқыту, кімге оқыту және қалай оқыту.

Нені оқыту – пәннің білім мазмұнын анықтайды;

Қалай оқыту – сол мазмұнды меңгертудің әдіс-тәсілдерін айқындайды;

Кімге оқыту – оқушының жас ерекшелігіне, психологиялық, когнитивтік және физиологиялық қабылдау мүмкіндігіне сүйенуді талап етеді.

Осылардың ішіндегі ең маңыздысы – нені оқыту. Себебі пәннің бүкіл табиғаты мен нәтижесі білім мазмұнына тәуелді. Әдебиетте бұл ең алдымен оқытылатын шығармалар мен оларды топтастыратын тақырыптарға байланысты. Шығармалар белгілі бір идеялық-танымдық жүйеге негізделіп іріктелуі керек. Демек, тақырып – жай әдемі атау емес, пән мазмұнын ұйымдастыратын өзек.

Қолданыстағы бағдарламада берілген тақырыптар:

1-тоқсан 2-тоқсан 3-тоқсан 4-тоқсан
7-сынып Дананың сөзі – ақылдың көзі «Даналық – өшпес жарық, кетпес байлық» Менің туған өлкем Қиял мен шындық
8-сынып Көнеден жеткен көркем сөз Ел мен жер тағдыры Көркем әдебиет және эпикалық сарын «Артық ғылым кітапта»
9-сынып Атадан қалған асыл сөз «Жапанға біткен бәйтерек» Тарихи шындық пен көркемдік шешім Қазақтың қилы тағдыры

 

Эксперименттік «Qazaq national school programme» бағдарламасында берілген тақырыптар:

1-тоқсан 2-тоқсан 3-тоқсан 4-тоқсан
7-сынып Әдеби мұра – асыл қазына Адам және табиғат Таным мен тағылым Ұрпақ тәрбиесі
8-сынып «Толғауы тоқсан қызыл тіл» Дананың сөзі – ақылдың көзі Махаббат және ізгілік Қиял мен шындық
9-сынып Атадан қалған асыл сөз Тарихи шындық пен көркемдік шешім Адам жанының құпиясы Мәңгілік Ел – мәңгілік мұрат

 

Қазіргі қолданыстағы бағдарлама мен эксперименттік «Qazaq National School Programme» бағдарламасындағы тақырыптарға назар аударсақ, олардың көпшілігі біртұтас парадигмаға бағынбайтынын көреміз. Бір тақырыптар ақын өлеңдерінің жолдарынан алынған поэтикалық тіркес түрінде берілсе («Толғауы тоқсан қызыл тіл», «Жапанға біткен бәйтерек», «Даналық – өшпес жарық, кетпес байлық»), енді бірі әдебиет теориясының ұғымдары ретінде ұсынылған («Тарихи шындық пен көркемдік шешім», «Қиял мен шындық»), үшіншісі философиялық категория сипатында («Адам және табиғат», «Адам жанының құпиясы»), ал кейбірі идеологиялық-концептуалдық мазмұнда («Мәңгілік Ел – мәңгілік мұрат») берілген.  Яғни тақырыптардың табиғаты әртүрлі. Бірі – поэтикалық форма, бірі – теориялық ұғым, бірі – философиялық категория, енді бірі – тәрбиелік концепт. Мұндай ала-құлалық білім мазмұнының жүйесін әлсіретеді. Тақырып нақты ұғымдық сипатта, мазмұнды дәл айқындайтын номинативтік формада берілуі керек. Тақырыптың басты қызметі – эмоциялық әсер беру емес, мазмұнды бағдарлау.

Жүйесіз тақырыптардың салдарынан шығармалар да жүйесіз топтастырылады. «Толғауы тоқсан қызыл тіл» немесе «Дананың сөзі – ақылдың көзі» сияқты айдарлар нақты қандай идеяны меңгертетінін анық көрсетпейді. Ал тақырыптың аты әдемі болғанымен, өзегі оқушының өмірімен түйіспесе, әдебиет формалды пәнге айналады.

Әдебиетті оқытуда басты назар – шығарманың идеялық өзегіне аударылуы керек. Баланың дүниетанымына әсер ететін негізгі ұғымдар – достық, ар-намыс, әділет, махаббат, жауапкершілік, мейірім, ерлік, жалғыздық, соғыс пен бейбітшілік сияқты мәңгілік құндылықтар болуы тиіс. Шығармаларды осындай ортақ идеялардың айналасына біріктіріп оқыту ғана әдебиетті оқушы өмірімен байланыстыра алады. Мысалы, «Ұлттық рух, елдік» тақырыбы. Бұл идеяны оқушы алдымен 6-сыныпта батырлар жырын оқу арқылы («Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын») ел мен жерді сыртқы жаудан қорғау, ерлік, бірлік және отан қорғау сияқты негізгі құндылықтар арқылы танып, ұлттық рухты эпикалық деңгейде, қаһармандық әрекет ретінде қабылдайды. 8-сыныпта оқушы Махамбет Өтемісұлы шығармаларын («Ереуіл атқа ер салмай», «Мен, мен едім, мен едім») оқи отырып, отарлық езгіге қарсы күрес, ұлттық мүдде және азаматтық үн секілді мәселелер аясында елдік идеясын нақты тарихи-әлеуметтік шындықпен байланыстырады. Жоғары сыныпқа келгенде ұлттық рух терең философиялық деңгейде ашылып, қазақ халқының тарихи тағдыры, болмыс-бітімі, рухани төзімділігі мен ұлттық бірегейлігі көркем түрде тұжырымдалған Ж.Молдағалиевтің «Мен – Қазақпын» поэмасын оқиды. Осылайша оқушы санасында ұлттық рух тек батырлық әрекет ретінде емес, тарихи жадыға, азаматтық санаға және елге қызмет етуге негізделетін құндылық жүйесі ретінде қалыптасады.

Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектептің басты ерекшелігі – ұлттық сөз өнерін, тілдік сананы, көркем ойлау мәдениетін терең меңгертуде. Мұндай мектептің мақсаты жай ғана оқу сауаттылығын қалыптастыру емес, әдебиетті танитын, ұлттық рухты бойына сіңірген тұлға тәрбиелеу болуы керек. Сондықтан мұндай мектептерде әдебиет пәніне бөлінетін уақыт көлемі де соған сай болуы заңды. Алайда эксперименттік «Qazaq National School Programme» бағдарламасында «Қазақ әдебиеті» пәніне бөлінетін сағат саны қысқартылған. Қолданыстағы бағдарламада 7–9-сыныптарда әдебиет аптасына тұрақты түрде 5 сағаттан, жылына 170 сағат көлемінде оқытылса, эксперименттік жаңа бағдарламада 7-сыныпта 114 сағатқа, 8–9-сыныптарда 152 сағатқа дейін азайған. Ал 10–11-сыныптардағы сағат саны 204 сағаттан 76 сағатқа дейін азайған. Соған сәйкес оқытылатын шығармалардың көлемі де қысқарған. Сағат қысқарған жағдайда әдебиет ең алдымен көлемнен ұтылады.

Қолданыстағы бағдарламадағы 7-сыныптың өзінде батырлар жыры, ғашықтық жырлар, ежелгі түркі әдебиеті, шешендік сөздер, ХІХ ғасыр әдебиеті, ХХ ғасыр әдебиеті, қазіргі әдебиет қатар қамтылған. Ал жаңа бағдарламада мәтін саны қысқарып, тек іріктелген шығармалар ғана берілген. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп үшін мұндай қысқарту қисынсыз. Себебі тереңдетілген мектептің табиғатының өзі кең әдеби өрісті талап етеді. Егер мұндай қазақ тілі мен әдебиеті бағытындағы мектепте де әдебиет сағаты қысқаратын болса, онда тереңдетіп оқытудың мәні қайда қалмақ?

Эксперименттік «Qazaq National School Programme» бағдарламасында сағат саны мен оқытылатын шығармалар санының азаюы оқушы көп ақпаратты оқығаннан гөрі аз мәтінді тереңірек зерттеуіне бағытталған болуы керек. Бірақ бұл бағдарламадағы «аз мәтінді терең оқыту» ұстанымын сағат қысқарту арқылы емес, мазмұнды қайта ұйымдастыру арқылы шешуге болатын еді. Яғни артық теорияны азайту, тақырыптарды жүйелеу, шығармаларды идеялық өзекпен топтастыру арқылы әдебиетті тереңдетуге мүмкіндік бар. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектепте әдебиетке бөлінетін уақыт азаймауы керек. Әдебиетке бөлінген сағат – жай кестедегі уақыт емес. Ол – ұлттың рухани біліміне бөлінген уақыт.

Егер біз әдебиетті тек қысқартылатын пән ретінде қарайтын болсақ, ертең мәтінді сезінбейтін, кітап оқымайтын, әдеби сөздің салмағын танымайтын ұрпақ қалыптасады. Ал рухани тамыры әлсіз бала батыстың лебіне де, шығыстың желіне де еріп, ұлттық діңгегі мен төл құндылығынан ажырайды. Сондықтан қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектептерде әдебиет сағатын қысқарту емес, оны мазмұндық тұрғыдан күшейту мәселесі бірінші кезекте тұруы керек. Әдебиетке бөлінген уақытты азайту – ұлттық рухты тәрбиелеуге бөлінген уақытты азайту деген сөз.

Эксперименттік «Qazaq National School Programme» бағдарламасындағы сағаттық жүктеменің бөлінуі қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектептің талабына қайшы келеді. Атап айтқанда, 10–11-сыныптарда «Қазақ әдебиеті» пәніне бөлінген уақыт көлемі «Алгебра және анализ бастамалары», «Информатика», «Физика» және «Астрономия» сияқты жаратылыстану бағытындағы пәндерден едәуір аз болып отыр. Абай ұлттық мектебі – еліміздегі қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы бірегей оқу орны. Мұндай мектептің басты мақсаты жаратылыстану ғылымдарына басымдық беру емес, ең алдымен ұлттық дүниетанымы қалыптасқан, тілдік санасы жоғары, шығармашылық ойлау қабілеті терең тұлға тәрбиелеу болуы тиіс. Елімізде техникалық және жаратылыстану бағыттарын тереңдетіп оқытатын мектептер желісі (NIS, БИЛ, РФММ) жеткілікті. Енді сондай бағыттағы мектептің тағы бірін Абай ұлттық мектебінің ішінен кіріктіру артық. Гуманитарлық бағытындағы Абай ұлттық мектебінде қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерінің сағат санын азайту дұрыс емес. Бұл мектепке оқушы қоғамдық-гуманитар бағытын тереңдеп оқу үшін келеді. Оларды бүкіл Қазақстаннан сол талаппен іріктеп алдық та. Сондықтан осы бағытты таңдаған оқушыға жаратылыстану пәндерінің сағаттық жүктемесін арттырып, бастарын қатырмау керек.

Жоғарыда айтқанымыздай, қазіргі таңда Қазақстанда жаратылыстану бағытындағы озық мектептер (NIS, БИЛ, РФММ) желісі қалыптасқан. Бұл білім беру ұйымдары инженерия, ІТ, жаратылыстану ғылымдары мен технология салаларына бейімделген оқушыларды даярлауда маңызды рөл атқарып келеді. Алайда ұлттық-гуманитарлық бағыттағы дәл осындай жүйелі мектептер желісі әлі қалыптасқан жоқ. Мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі тек техникалық прогреспен емес, сол қоғамның рухани тереңдігімен, ұлттық құндылықтарға негізделген мәдени санасымен өлшенеді. Алматыдағы Абай ұлттық мектебінің республикалық деңгейдегі желілік мектептері жоқ. Егер жаратылыстану бағытындағы мектептер желісі мемлекет үшін стратегиялық маңызды болса, онда ұлттық гуманитарлық элитаны қалыптастыратын Абай ұлттық мектебі де дәл сондай деңгейдегі қолдауға ие болуы керек. Осы тұрғыдан алғанда, Абай ұлттық мектебі – тек жеке білім беру ұйымы емес, ұлттық гуманитарлық білімнің үлгілік моделі ретінде қалыптасуы қажет.

Осыған орай келе біз төмендегідей ұсыныс-талаптарымызды жолдаймыз:

  1. «Абай ұлттық мектептері» республикалық желісін құру. Яғни еліміздің әр өңірінде гуманитарлық бағыттағы «Абай ұлттық мектебін» ашу қажет. 2019 жылғы 12 қыркүйекте Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен сол кездегі Елбасы қорының «Ел үміті» және «Қамқорлық» бастамаларын жүзеге асыру жөніндегі селекторлық кеңесте «Нақты ғылымдарға бейімі бар балаларға арналған Назарбаев зияткерлік мектептері бар. Енді қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытып, Абай атындағы Республикалық мектебі желісін неге ашпасқа?» деп пәрмен беріп, бастама көтерген болатын. Ол жұмыс басталды да, тасталды.
  2. Эксперименттік «Qazaq National School Programme» бағдарламасындағы «Қазақ әдебиеті» пәнінің мазмұнын қарастыру – ғылыми-әдістемелік тұрғыдан қате. Қазақ тілі мен әдебиеті – эксперимент жасайтын пән емес, ұлттық құндылықты сақтаудың негізі.
  3. Қолданыстағы бағдарлама мен ««Qazaq National School Programme» бағдарламасындағы тақырыптарды жүйелеу, біріздендіріп, «Ар-намыс, әділет, махаббат, жауапкершілік» сияқты мәңгілік құндылықтарға негізделген бірыңғай идеологиялық-концептуалдық тақырыптар беру керек.
  4. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектептерде «Қазақ әдебиеті» пәніне бөлінетін сағат санын қысқартпай, керісінше, оның мазмұндық әлеуетін күшейтіп, сыныптарға бөлінген сағаттық жүктемені қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы мектеп мәртебесіне сәйкес қайта қарау.
  5. «Қазақ әдебиеті» пәнінің бағдарламасын әзірлеу барысында әдебиеттанушы ғалымдардың, педагогтердің, мектеп мұғалімдерінің және гуманитарлық бағыттағы мамандардың пікірін ескеру қажет. Қазіргі бағдарламаның ғылыми-педагогикалық негізі жоқ.

Қазіргі қоғамға ұлттық құндылықты бойына терең сіңірген, тарихи санасы толық қалыптасқан ұрпақ керек. Ал мұндай тұлға әдебиет пәні арқылы тәрбиеленеді. Сондықтан қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын Абай ұлттық мектебінің білім мазмұны атына сай болуы керек және өңірлердегі сондай мектептер мен жалпы орта мектептерге бұл жағынан үлгі. Ұлттық әдебиеттің кең өрісін тарылту емес, оны оқушы санасына терең сіңіру – бүгінгі білім саясатының басты ұстанымы болуы керек. Ұлттық болмыс тек ұлттық гуманитарлық ғылымдар арқылы ғана сақталады.

 

Ерден Қажыбек – Халықаралық қазақ тілі академиясының президенті, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор

 

*Жалпы білім беретін мектептердегі қазақ әдебиеті пәнінің бағдарламасына қатысты ашық хатқа 60 адамның қолы қойылған, хатта айтылғанды қолдау жалғасуда.

Сәйкес жаңалықтар

В 2025 году в Казахстане построено 162 школы

Поддержка выпускников региона — один из важнейших приоритетов

В Казахстане закроют 700 программ и запустят новые: Аида Балаева сделала видеообращение о трансформации образования