Zamandas.kz ақпараттық агенттігі
ГлавнаяЗдоровьеНовости

ҚАЗАҚСТАНДА ДӘРІЛІК ПРЕПАРАТТАРДЫ ТІРКЕУ МЕРЗІМІ 2 ЖЫЛДАН 15 ЖҰМЫС КҮНІНЕ ДЕЙІН ҚЫСҚАРДЫ

2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша Қазақстанда дәрілік заттарға 1 048 тіркеу куәлігі берілді. Бұл көрсеткіш 2025 жылдың толық жылдық нәтижесінен жоғары.

Қазақстанда сапаны бақылау стандарттары жоғары елдерде өндірілген дәрілік заттарды жедел тіркеу тетігі енгізілді. Енді препараттарды тіркеу мерзімі 2 жылдан 15 жұмыс күніне дейін қысқарды.

Жаңашылдық пациенттердің заманауи және инновациялық дәрілік препараттарға қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.

Жаңа тетік реттеушілік саясаты жоғары деңгейде дамыған елдерде өндірілген препараттарға қолданылады.

«Біз заманауи дәрілік заттардың Қазақстан нарығына жылдам шығуына жағдай жасап жатырмыз. Бұл ретте препараттардың сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптар біздің басты басымдығымыз болып қала береді. Азаматтар үшін бұл, ең алдымен, емдеудің жаңа әдістеріне қол жеткізу мүмкіндігі», – деп атап өтті министр.

Заңнамаға енгізілген өзгерістер шеңберінде тіркеу рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік беретін «Бірыңғай терезе» қағидаты да енгізілді. Жаңа тетік арқылы қазірдің өзінде 600-ден астам қызмет көрсетілді.

Сонымен қатар өндірушінің өтінімін күтпей-ақ, мемлекет бастамасымен өмірлік маңызы бар дәрілік заттарды тіркеу мүмкіндігі қарастырылған.
Бүгінде елімізде дәрілік заттардың 7 275 атауы тіркелген.

Сонымен бірге тіркеу құжаттарын талдау және сараптама тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллектіні қоса алғанда, цифрлық технологиялар енгізілуде.

Препараттардың сапасына мемлекеттік бақылауды күшейтуге және жанама әсерлерді бақылау жүйесін дамытуға ерекше назар аударылуда.

Халықаралық деңгейдегі маңызды жетістіктің бірі – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұлттық реттеуші жүйенің жетілуінің үшінші деңгейін растауы. Қазақстан ТМД елдері арасында бұл деңгейге алғаш болып қол жеткізді.

Келесі кезеңде зертханалық инфрақұрылымды дамыту көзделген. Атап айтқанда, Астана қаласында вакциналарды сынауға, олардың сапасы мен қауіпсіздігін тәуелсіз бағалауға арналған заманауи кешен салу жоспарланып отыр.

Қабылданып жатқан шаралар дәрілік заттардың сапасына қойылатын жоғары талаптарды сақтай отырып, халықтың заманауи препараттарға қолжетімділігін арттыруға бағытталғанын атап кеткен жөн.

Сәйкес жаңалықтар

Олжас Бектенов провел совещание по вопросам завершения весенне-полевых работ и развития АПК

Маулен Ашимбаев встретился с митрополитом Александром

Вчера в Иране в результате авиаудара по школе для девочек погибли десятки детей, множество получили ранения.