Елімізде базалық зейнетақы көлемі 16 пайызға өсуі мүмкін

0
229

Бүгінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Жаңа реформа несімен тиімді болмақ?

Реформадағы алғашқы қарастырылатын мәселе базалық зейнетақыны кепілдендірілген жүйеге ауыстыру болып отыр. Зейнетақының бұл түріне көшкен кезде зейнеткерлер алатын ақшаның базалық көлемі 16 пайызға өседі. Яғни қазір ең төменгі зейнетақы 18 мың теңге болса, кейін бұл 24 мыңға дейін көбейеді.

Айгүл Сәкеева — ҚР Еңбек және Халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік сақтандыру, базалық әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру саясаты департаментінің сарапшысы:

Ең төменгі базалық зейнетақы бізде ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайтын болса, өзгерістерден кейін төменгі күнкөріс 70 пайызға дейін өсетін болады. яғни бұл ең төменгі өлшемді есептегенде 16 пайыздық өсімді әкелетін болады.

Бүгінде жоғары базалық зейнетақыны жұмыс өтілі 10 жылдан асқан адамдар алады. Ал жаңа өзгерістер аясында бұл уақыт 5 жылға қысқарады.

Виктория Шегай — ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік сақтандыру, базалық әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру саясаты департаментінің директоры:

Еңбек өтілі жоқ немесе жұмыс өтілі 5 жылдан аз зейнеткерлер де 70 пайыздық деңгейде зейнетақы алады. Ал тәжірибесі 5 жылдан асса әр жылына берілетін төлем көлемі 2 пайызға өсіп отырады.

Қазір еңбек өтілі жоғары болса да базалық төлемді ұлғайту мүмкін емес. Сондықтан ведомство кепілдендірілген зейнетақының максималды лимитін алып тастауды жоспарлап отыр. Демек тәжірибесі көп зейнеткер сәйкесінше жоғары зейнетақы ала алады. Бұдан бөлек 2023 жылдан бастап жұмыс берушілер зейнетақы қорына 5 пайыз жарна аударуға міндеттеледі және төлемдер кәсіпкерлердің өз қаражатынан жүргізілмек. Бұл зейнеркерлерге тиімді болғанымен, біз үшін тағы соққы болады дейді бизнес өкілдері.

Ажар Фатхулла — Кәсіпкер: 

Пандемия кезінен енді аяққа тұрып келе жатқан кезде жығылғанға жұдырық болып тұр. Себебі бұл 5 пайызды бізге қазір ауыр. Себебі қазір жұмыскерлердің өзін алатын болсақ 5 пайызды бізге  міндеттейтін болса біздің тарапымыздан жұмысшылардың санын қысқартуға мәжбүр боламыз.

Сондай-ақ зейнетақы аннуитеті бұрынғыға қарағанда қолжетімді болмақ. Ер азаматтар зейнет жасына жетпей-ақ яғни 55 жастан зейнетке шығуына мүмкіндік бар. Ал әйелдер 52 жастан шыға алады. Ол үшін сақтандыру компаниясымен зейнетақы аннуитетін рәсімдеуі керек.

Мақсат Халық — UIB бизнес мектебінің директоры, экономист:

Бұның бір жақсы жері сіз ерте жастан зейнетке шыға аласыз. Қосымша керек сомиадағы үлкен бірден алып ала аласыз және сақтандыру компаниямен келісімге отырсаңыз онда сіз ақшаны өмір бойы аласыз.

Мамандар сақтандыру компанияларына зейнетақыны толық сеніп тапсыруға әбден болады дейді. Сондай-ақ азаматтарға зейнетке жетсе де қалауы бойынша жұмысын жалғастыруына мүмкіндік беру қарастырылған. Жалпы бұл реформаларды 2030 жылға дейін жүзеге асыру көзделіп отыр.

 

Назкен Еркін

ПІКІР ҚАЛДЫРУ