Ерте қамданғанның есесі кетпейді
Жыл сайын өзен жағалай қонған жалпақ елдің көңілін май ішкендей кілкітетін жай – көктемгі су тасқыны. Кейінгі жылдары бірнеше мәрте су тасқыны болды. Қаншама адам зардап шекті. Сол оқыс оқиғаларды ой елегінен өткізіп, таразы басына тартсаңыз, табиғаттың тақсіретінен аман болу үшін тыңғылықты дайындық керек екен.
Биыл осы бір қауіпті кезеңнің алдын алып, тасқынға тосқауыл қою бағытында біршама дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы арада айта кететін бір жай, өткен жылдың жазы мен күзінде елді мекендерде инженерлік қорғау іс-шаралары түзілген жоспар аясында өзен жағалай қонған 65 елді мекенде жұмыс жүргізіліпті. Бес шақырымнан артық өзен арналары тазартылған. Әдетте, қамыс пен құрақ, әрқилы су өсімдіктері шіріп, өзен табанына шөгіп қалады. Баттасқан лайдың беріктігі сондай, ағын су да алып кете алмайды. Қызыл су жүрген кезде көп-көрім бөгесін. Соның салдарынан кептеліс пайда болып, қар суымен молыққан арынды өзен жағалауға шығып кетеді. Міне, осындай жайды болдырмау үшін қоңыр күзде өзен табанын тазалаған ләзім. Ендігі бір қауіпті тұс – дала өзендерінің кілт бұрылысы. Жер бітіміне орай сайын дала төсінде өзінше өрнек салатын өзендердің мұндай қалтарыс-бұлтарысы аз емес. Өткен жылғы атқарылған жұмысқа қарағанда, дәл осындай кілт бұрылып, кідіріс жасайтын қауіпті тұстың 24 шақырымы тазартылған екен. Сәл жатаған жағалаулар да биіктетіліп, топырақ төгіліп, нығайтылған. 34 су өткізу құрылғысы жабдықталған. Жыл сайын ерте көктемде арнасынан асып-тасып жататын, ашуы қатты Жабай өзенінің бірсыпыра жағалауы бекітілген.
Өңірде су тасқыны болуы мүмкін 128 елді мекен бар. Әрине, бұл есеп осы елді мекеннің барлық жерінде су тасқыны болады деген болжам емес. Мамандардың есептеуі ықтимал дүние. Арнайы әдістеме бойынша жасалған сараптама. Өткен жылдары жар жағасындағы елді мекендерді жазатайым су басса, келер жылы да дәл осындай қауіптің болуы мүмкін деген жорамал жасалады екен. Мәселен, бұл тізімде сонау 1970 жылдарында су тасқыны орын алған кейбір елді мекендер де бар. Инженерлік қорғау жоспары аясында атқарылатын іс-шаралар бірқатар елді мекендерде су басу қаупін сейілткен сыңайлы.
Қауіпті болып есептелетін елді мекендерде 13 мыңнан аса тұрғын бар. Айтып келетін апаттың зардабын ескерген тиісті орындар қазірдің өзінде дайындық жұмыстарын ширатып отыр. Мәселен, 2023 жылға арналған қор өткен жылмен салыстырғанда 15,5 пайызға өскен. Өңірдің аудандары мен қалаларында төтенше резервтер мен шұғыл шығындар да қарастырылып жатыр. Бұл орайда да мөлшер өткен жылмен салыстырғанда екі есе көбейген. Яғни 920 млн теңгеге тең. Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бағдарламасы бойынша 218 млн теңге бағытталған.
Елді мекендерде тағы бір түйткіл мәселе – қыс бойы жауған қасат қарды уақтылы тазалау. Шалғайдағы шағын ауылдарда суағардың жоқтығына байланысты қырдан құлдилаған қызыл су көл-көсір топанға айналып, жыл сайын қиындық тудырып жатады. Мамандардың айтуына қарағанда, қар суын игілікке айналдырудың да жолы бар. Айталық, табиғи су жолдарын бұрып, ойпаң жердегі көлшікке жинақтаса. Қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта малсақ қауым төрт түлік малын осы көлшіктен суарса да олжа емес пе? Бұрнағы жылы сулы-нулы деген Зеренді, Сандықтау аудандарының мал сүмесімен күн көріп отырған тұрғындары жаз айлары құрғақшылық әрі ересен ыстық болған кезде суат таба алмай қиналды. Ал көктемдегі қар суы сай-саланы қуалап, айдалаға ағып кеткен. Көнекөз қариялардың пікірінше, судың ысырап болуының тағы бір себебі бар. Кейінгі жылдары ауыл шаруашылығы құрылымдары сүдігер жырта бермейді. Көктемде алқаптың үсті тастай болып қатып жатады да, еріген қар суы топыраққа сіңбейді. Міне, барды бағалай алмай отырған шаруаның қиюы қашатын жері – осы. Оның үстіне елді мекендерден шығарылған тау-теңіз қар су көздерінен алысқа тасымалданады. Егер жақын төгілсе, қызыл судың өзін ырысқа айналдырар едік. Биыл елді мекендердегі қарды тазалауға 1,3 млрд теңге бөлініп отыр. Осы қомақты қаражатты тиімді пайдалансақ, ауыл халқы бағымдағы малын суарудың шешімін табар еді. Жергілікті атқарушы органдар елді мекендерді еріген қар суы басып қалмас үшін қазірдің өзінде 255 мың текше метр қар шығарылды деген ақпарат беріп отыр. Алда ақпан мен наурыздың қарлы борандары бар. Ауа райын болжайтын бюроның хабарлауына қарағанда, өңірдің кейбір аудандарында бір метрге жуық қар түскен. Әрине, барлық жерде біркелкі емес, орман-тоғайлы алқаптарда қар жылдағыдан қалың.
Төтенше жағдай департаментіне су тасқынына қарсы тиесілі шараларды жүргізу үшін облыстық бюджеттен 131,5 млн теңге қаражат бөлінген. Осы қаражатқа өзен арналарында сең кептеліп, судың ағуына бөгет болмауы үшін жарылыс жұмыстарын ұйымдастырады. Қар көбесі сөгіліп, қызыл су ағар алдында ғарыштан мониторинг жүргізеді. 154 тонна жанар-жағар май жинақталған, 15,6 мың тонна инертті материалдар дайындалған, 63,2 мың қапшық әзір. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де өрістетіле түседі. Өңірдегі өзендердің аса қауіпті учаскелерінде су деңгейін уақытылы анықтап отыру үшін 92 қосымша бақылау бекетінде тәулік бойы кезекшілік жүргізілмек. Облыста 2,5 мың адамнан 1 100 техникадан тұратын арнайы топ дайын тұр. Олар мотопомпалармен, жүзу құралдарымен қамтамасыз етілген. Әр жердегі жасақталған топтардың дайындығын тексеру наурыз айында жүргізілмек.
Жер-жерде тәп-тәуір дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқан сыңайлы. Мәселен, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы Целиноград ауданының өңірінен ағып өтетін Нұра өзенінің бойындағы кейбір жағалауларды нығайту жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеген. Қазіргі таңда Экология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің мәліметіне қарағанда, республикалық бюджеттен 269 млн теңге қаражат бөлу межеленіп отыр.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының «Табиғат қорғау іс-шаралары» бағдарламасына сәйкес 2021-2026 жылдар аралығында Көкшетау қаласының аумағында Қылшақты өзенін абаттандыру және тазарту жұмыстары жоспарланып жатыр. Бұл да – өте қажетті іс. Кейінгі жылдары қылдай ғана Қылшақтының өзі көктем сайын бір буырқанып алады. Облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің жертөлелерін басып, жер үйлердің аулаларына да кіріп кететін оқыс оқиғалар орын алып тұрады. Жоба бес учаскеге бөлінген екен. Олардың әрқайсысы – жыл сайын қауіп төндіретін жерлер.
Көктемгі су тасқыны кезінде шалғайдағы елді мекендердің жолын су басып, қатынастың үзіліп қалуы да аракідік кездеседі. Мәселен, әр жыл сайын Колутон өзенінде судың ересен молаюы салдарынан Ягодное ауылы маңындағы жергілікті маңыздағы автожол жабылып, қарым-қатынас жарты айға дейін үзіліп қалатын жағдайлар кездесіп жүр. Міне, осындай түйткілді тұстар таразы басына тартылып, болашақта мұндай берекесіздікке жол бермеу жайын ойластырған жөн.
Қызыл судың қауіп-қатері – жыл сайын қайталанатын жай. Түсініксізі әр жыл сайын бюджеттің қыруар қаржысы бөлінгенімен, шаруаның тап-тұйнақтай аяқталмайтыны. Табиғи су жолдарын біржола тазартып, су шайған өзен аңғарларын мызғымастай етіп бекітіп тастауға болмай ма?! Сонда қыруар қаражатты қызыл су шайып кетпес еді.