Қарттар үйі: алуан түрлі тағдырлар

0
244

Рудныйдың шетінде, тасалау жерде тұрған көпқабатты ғимаратты жергілікті жұрт қарттар үйі деп атайды. Ресми түрде «Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» деп аталатын бұл мекемеде асыраушысыз қалған
274 қария, әртүрлі жастағы 141 зағип тұрады. Бірін-бірі алданыш тұтқан 415 адамның ауыр тағдыры мен бұйығы тіршілігі сырт көзге жұмбақ. Алайда мұндағы оқшау өмірде сартап сағыныш, өкініш-күйікпен қатар, қуаныш-күлкіге, арман-үміт пен сүйіспеншілікке де орын бар.

Туыстан артық күтім көрсетеді

Асыраушысыз қалған қариялар деп ресми құжатта көрсетілгендіктен жазып отырмыз. Әйтпесе, мұнда тұрып жатқан жандар асыраушысыз емес. Мемлекет тікелей өз қамқорлығына алып, күтімін жасап отыр. Бұл мекемеде санитар, әлеуметтік жұмыстар жөніндегі мамандар мен аспаздарды қосқанда, 250 адам жұмыс істейді. Әсіресе, санитарлардың жұмысы аса ауыр. Адамның күтімі деген болаттай берік төзім мен үлкен жүректі қажет етеді. Орталықта өздігінен жүріп-тұра алмайтын, арбаға таңылған кемтар жандар, төсектен тұрмақ түгілі, басын көтере алмайтын қарт кісілер көп. Оларды жуындыру, күнара төсек-орнын тазалап тұру, кір-қоңын жуып, киіндіріп-шешіндіріп, жатқызып-тұрғызу, қозғалудан қалған қарттардың аузына қасықпен ас тосып, тамақтандыру дегеніңіз – оңай шаруа емес. Санитарлардың күнделікті жұмысы – осы.

Мемлекеттен басқа жоқтау­шы­сы жоқ қариялардың ең үлкені биыл жазда 100 жасқа толады. Орталық директоры Татьяна Щербакованың айтуынша, 3-4 айдан кейін ғасырлық белесті бағындырайын деп отырған кейуана Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері екен. Бұрын Лисаков қаласында тұрыпты. Кәрілік жеңіп, денсаулығы сыр бере бастаған әжей жиі сыр­қат­танып қала береді. Алайда соңғы кездері ширап, сергектік таныта бастаған. Орталық тұрғындары осы жаз әжейдің 100 жасқа тол­ған күнін атап өтеміз деген үмітте отыр.

Ал 76 жастағы зейнеткер Жұмабике­ Майпасова 13 жылдан бері осы жерде тұрып жатыр.

– Туған жерім – Троицк қаласы. 5 жасымда әке-шешем Қазақ­станға көшіп келіпті. 7 жа­сымда анамнан айырылып, жетім қалдым. Кейін тұр­мыс­қа шықтым, бір балам бар еді, қайтыс болды. Жалғыз қалдым. Интернатқа келге­німе өкінбеймін, әлеуметтік қызмет­кер­лер өз баламыздай жақсы күтіп қа­рай­ды. Жуындырып-киіндіріп, асын алдымызға тосып, бөлмемізді жинап, төсек-орнымызға дейін тап-таза ғып жуып-үтіктеп қояды. Бос уақытымда еңбек терапия­сына барып, көрпе құрап, мойынорағыш, тақия, шұлық тоқимын. Мерекелік концерттерге де қатысып, қазақ, татар, орыс әндерін айтам. Бәріне рахмет, – дейді Жұмабике әжей.

Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұрып жат­қан қарт кісілер­дің кейде жақын туыстары табылып, олар іздеп келіп, тіпті, бұл жерден бір­жола шы­ғарып алып кетіп жатады. Өкі­­нішке қарай, орталықтан кеткен қа­рия­лар­дың дені көп ұзамай қарттар үйіне қайтып оралады екен.

– Бізде біраз жыл егде тартқан сүп-сүй­кімді бір кісі тұрды. Ар­ба­ға таңыл­ған, өздігінен жү­ріп-тұра алмай­ды. Қарияны 40 жыл­дан кейін ұлы іздеп тапты. Әскери адам екен, әкемді Ақтауға алып кетем деп келді. Бәріміз қуанып, шағын той жасағандай етіп шығарып салдық. Қанша дегенмен, бізге бауыр басып қал­ған қария бізбен күні бүгінге дейін хабарласып тұрады. Қазір Ақтаудағы қарттар үйінде жатыр. «Рудныйға келгім келеді» дейді. Оны біз шеше алмаймыз ғой. Кімнің қайда тұратынын әкімдіктерге қарасты әлеуметтік қорғау орындары шешеді. Тағы бір мысал, осында тұрған кейуа­на­ның біріне туған сіңлісі жиі ке­ліп тұрды. Бірде «Әпкемді үйіме алып кетем, өзі де келісім берді» деп келді. Туыстан артық емеспіз, жібермеуге құқымыз жоқ, әлгі әжейге сонда да ойланып көріңіз деп едім, көнбей кетіп қалды. Мен мұның дұрыс шешім емес екенін олар кетіп бара жатқанда-ақ сезгем. Ақыры мен ойлағандай болып шықты, әжей екі айдан кейін қоңырау шалып: «Татьяна Яковлевна, мені алып кетіңіз, мына жерде тұра алмаймын», деп тұр. Өйткені кейуананың бұл жердегі тұрмысы басқаша болды: орталық қыз­мет­керлері асын дайындап, алдына әкеп қойып береді, ыдыс-аяғын жуып, тырнағын алып, арқасын ысып, жуындырып, тап-таза төсегін салып береді, іш киіміне дейін жуып береді. Біздің мекеме толық тұрмыстық-медициналық қызмет көрсетеді. Тұрғындар күніне 5 рет та­мақ­танады. Ал ол кісі сіңлісіне барды дейік, ол үйде мұндай деңгейде қызмет көрсетілмейтіні белгілі ғой. Ақы­ры екеуі араздасып тыныпты. Сіңлісі «Мен сенің сатып алған қызметшің емеспін» деп ұрсатын көрінеді. Ащы да болса, ақиқаты осы ғой, – дейді Т.Щербакова.

 

Орталықта отау құрғандар

Мекеме басшысының айтуынша, арбаға таңылған зағиптарға да үйден гөрі осы жерде тұрған қолайлы. Сондықтан көбі осы орталыққа орналасуға тырысады. Мәселе тұрмыстық қызмет көрсетуде емес, төрт қабырғаға қамалған зағиптар көбіне өзімен-өзі құлазып үйде жалғыз қалады. Жақындарының көбі жұмыста, жанында күні бойы ешкім отыра алмайды. Ал бұл жерде бір уақыт алданыш болатын өзі теңдес адамдар бар. Қалаған уақытында әңгімелеседі, солармен бірге теледидар қарайды, шахмат, дойбы ойнайды. Осылайша өзіне сырлас, дос табады. Бұған мысал ретінде осы орталықта тағдыр тоғыстырған Танабаевтар отбасын айтуға болады.

– Өзім – 33 жастамын. Серік­пен әлеуметтік желі арқы­лы та­ныстым. Мен ол кезде Лиса­ков­та тұратынмын. Серік үшін арнайы осы жерге келіп орналасып, көп кешікпей бас қосып, шаңырақ көтердік. Осында үлкен үйлену тойын жаса­дық. Бас­шы­лық екеумізге бір бөл­ме берді. Жеті жыл бірге тұ­рып жа­­тырмыз. Тамағымыз жақсы, жиі серуендейміз. Бос уақы­ты­­­мызда мен интернетте отыра­мын, жолдасым көбіне теледидар кө­ре­ді. Өзім ән айтамын, мерекелік іс-шара­ларға белсенді атсалысып тұрамын. Серіктің қолы шебер, жастық жасайды, мүге­дектер арбасына төсейтін әде­мі көрпешелер құрайды, – дейді Айгүл Танабаева.

Ал ауыр тағдыр арқалаған Валентина есімді әйелдің әңгімесі жан-жү­ре­гіңді езіп жібереді. Валентина Кук орталыққа 2016 жылы орналасыпты. Содан бері осында. Өзі тұрып жатқан бөлменің қабырғасында сымбатты жігіт пен сұлу әйелдің, сүп-сүйкімді екі сәбидің суреті ілулі тұрды. Өткен өмірінің күнгейлі күндерінен қалған жалғыз белгі – осы суреттер ғана.

– Бұрын Денисов ауданындағы ауылда тұрдым. Бірақ қазір осы жер ұнайды. Бөлмеміз жылы, таза, тамағымыз тоқ, киімі­міз көк. Жағдайымыз жақсы. Кү­йеуім екеуміз сүйіп қосылған сияқты едік, балалар дүниеге келген соң үйде дау-жанжал жиі шығатын болды. Ақыры 1984 жылы ажырасып тындық. Одан кейін 15 жастағы қызымды пойыз қағып кетіп, енді ғана бойжетіп келе жатқан құлыншағымды жер қойнына табыстады. Аспан құлап жерге түскендей күндер еді ол. Көп ұзамай ұлым өртеніп жатқан үйдің ішінде жанып кетті. Мен тартқан азапты, мен көрген тағдырды ешкім көрмей-ақ қойсын. Қайғыға қайғы жамалып, жүрегім ауыратын болды. Қазір жасанды жүрек қалқаншасымен жүрмін. Жалғыз қалған соң отын-су тасу қиындап кетті. Өзім өмір бойы теміржолда жұмыс істедім. Ең төменгі зейнетақы аламын. Содан үйімді бұрынғы күйеуіме тастап, өзім осында кеттім. Өмір деген қызық қой, өткен жылдың басында бұрынғы күйеуім де осы орталыққа келіп орналас­ты. Тағдыр оның да басынан сипай қоймаған сияқты. Анда-санда бөлмеме келіп, 10-15 минут балалардың суретіне қарап кетеді. Тағдырыма өкпелі бол­ма­ғаныммен, далада қал­дырмай, бағып-қағып жатқан мемлекетке ризамын. Қазақстаным, елім, жерім туралы өлең жазамын, – дейді әлсін-әлсін көз жасын сүрте берген Валентина Васильевна.

 

Қолөнер шеберлері

Орталық тұрғындары күн­ұзақ­қа әр нәрсені алданыш ете­­ді. Бірі психология­лық кө­мек көрсету бөлмесіне барып, пси­холог маманнан ем ала­ды, бірі арнайы тренажер за­лында жаттығу жасайды. Ал енді біреулері шеберханадағы еңбек терапиясына барып, ағаш жонып, сурет салып, тоқыма тоқумен айналысады. Мұндағы шебер­ханаға кіріп көрсеңіз, құд­ды бір көрмеге кіргендей әсерде боласыз. Қабырға толы көздің жауын алатын әсем суреттер, сөре толы сан алуан қолөнер бұйымдары. Тіпті зат қоятын артық орын табу қиын. 18 жылдан бері осы орталықта тұрып жатқан 69 жастағы шебер Вера Некрасова да уақытының көбін осында өткізеді. 36 мың теңге зейнетақы алады екен, бір тиынын бос жаратпай 4 жыл бойы депозитке салып, қаржы жинап өз күшімен автоматты қозғалтқышы бар мүгедектер ар­ба­сын сатып алыпты. Сурет салумен бала кезіннен-ақ әуестене бастаған Вера кейін өзі салған суреттерді түрлі-түсті маталармен безен­ді­ріп, жаңғыртып, жандандыра бастаған. Оның төл туын­­­дыларын нақ бір хас шебердің қолынан шыққан бірінен-бірі өтетін ғажайып дүние­лер дерсің. Вераның тіл мүкісі бар, сон­дық­тан әр сөзін зер салып тың­дамасаңыз, түсінбей қаласыз.

– Анам кесте тігуді ерте үй­рет­ті. Сурет салуды кешірек меңгердім. Кейін осы екі өнерді ұштас­тырып, бір өнер туындысын жасап шығарса қалай бо­лады екен деген ой келді. Осы­лайша, «Көл жағасындағы жалғыз үй» атты картинамды түрлі-түсті жібек ленталармен безендіріп шықтым. Тұм­са та­би­ғат аясындағы жалғыз үй­дің айналасына ерекше сән беріп тұрған өсімдік жапырақтары мен қызылды-жасылды гүлдердің бәрін лентадан жасап шықтым. Лентаны, одан өзге де керек нәрсенің бәрін өзім зейнетақыма сатып аламын. Кейде дайын картиналарды да сатып алып, соларды әрлеп, құбылтып шы­ға­рамын. Бір жұмысқа шамамен бір ай уақыт кетеді. Мәселен, анау қабырғада ілулі тұрған бұзаудың суретін бір жылдың ішінде салып шықтым. Бұл туын­дым Астанада өткен ЭКСПО көр­месіне қойылды. Ал енді «Тоты­құс» атты картинамды екі жылда әрең аяқта­дым. Тоты­құс­тың қауырсындары мен ай­нала­сындағы гүлдерге бояуды да, лентаны да аяған жоқпын, – дейді Вера Некрасова.

Осыдан 4 жыл бұрын Қос­та­найдағы балалар үйінен кө­шіп келген 57 жастағы пара­­спорт­шы Надежда Минеева бір бөлмеде жалғыз тұрып жатыр. Бөлменің керует тұрған жақтағы қабырғасы – толған медаль. Елімізде енді ғана дамып келе жатқан арба жарысынан алдына жан салмайтын Надежда Александрова ядро, найза, диск лақтырудан да түрлі додаларға қатысып, жеңіс тұғырынан көрі­ніп жүр. Өзіне арба жарысы ұнайды. 100 метрге дейінгі жарыстарда үнемі бірінші келіп жүр. Әйтеуір қай қалаға барса да, медальсіз оралмайды. Осыдан біраз жыл бұрын шұлық, жөке, тоқыма қуыршақ тоқуды үйреніп алған Надежда Александровна бір күнде қуыршақ тоқып шыға алады. Қуыршақ үлгілерін интернеттен қарап алады екен. Оның көбі анда-санда орта­лық қызметкерлері арнайы ұйымдас­ты­ратын жәрмеңкелерде өтіп кетеді. Надежда мемлекеттен айына 35 мың теңге әлеуметтік жәр­демақы алып тұрады. Оған көбіне жіп сатып алады. Тоқыған қуыршақтары жастық сияқты жұмсақ, балаға қауіпсіз әрі әде­мі болғандықтан, бәрі тез өтіп кетеді. Ең арзан қуыршағы 2 жарым мың теңгеден басталады.

Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орта­лығының директоры Т.Щерба­ко­ва­ның айтуын­ша, мұнда жаңадан бір әжей келіп түсе қалса, оны естіген соң қы­ры­нып-таранып, мұнтаз­дай болып киініп алып, айналшық­тап әлгі әжейдің жанынан шықпай қоятын қариялар да кездеседі.

Қосұдай сезімге түсірген бұл сапарымызда біз оқшау үйде тұ­рып жатқан кәрі-жастың маң­да­йына жақын ағайынның, туған ұл-қыздың жылуын көру жаз­ба­ға­ны­мен, мемлекеттің мейі­рі­­міне бөленіп, қамқорлығын сезініп отырғанына көз жеткізіп қайттық.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз