Ырыздық мол, ұқсату жағы кемшін

0
242

Астананың азық-түлік белдеуін дамыту – айрықша маңызды. Ойға алған шаруа оңалмай жатыр деуге де болады. Осы олқылық жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте әділ сын айтқан еді. Мемлекет басшысының айтуына қарағанда, Астанадағы бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселе – инфляция. Өткен жылы бағаның қымбаттауы 23 пайызға жеткен. Бұл – республикадағы ең нашар көрсеткіш. Астанада азық-түлік бір жылда орта есеппен 25 пайызға қымбаттапты.

«Қабылданған шаралардың тиімсіз екені анық. Жылдар бойы елорданың айналасында азық-түлік белдеуін дамыту туралы айтылды, бірақ бұл жұмыс орындалмады», деген болатын Президент.

Кейінгі 8 жылда елордаға әкелінетін азық-түлік импорты 3 есеге ұлғайған. Көкөніс сақтайтын қойманың жетіспеуі салдарынан жағдай қиындап тұр. Сондықтан 2025 жылға дейін қалада 13 мың тоннадан аса көкөніс сақтайтын қоймалар салу керек екенін де қадап айтты Мемлекет басшысы. Ауыл шаруа­шылығы министрлігі Астана қаласы мен Ақмола облысы­ның әкімдік­терімен бірлесіп, елор­даның айналасында азық-түлік белдеуін қалыптастыру жөнін­де пәрменді шаралар қабыл­дау керектігі туралы тапсырма берді.

Облыстық ауыл шаруа­шылы­ғы жә­не жер қатынастары басқар­масының дерегіне қарағанда, ендігі Астана тұр­ғын­дарының аузынан ақ май ағып отыруы керек еді. Азық-түлік белдеуі­не қашықтығы 300 шақырымды құ­райтын 17 аудан түгел кіреді.

Бүгінгі таңда өңірдің 125 кә­сіпорны ауыл шаруашылығы өнімдерін Астананың сауда сөрелеріне жеткізумен ай­на­­­лыса­ды. Оның 68-і мал өнім­дерін өндірсе, 54-і – өсімдік ша­руашылығын ұқсататын кәсіп­орындар. Үш бірдей құс фабрикасы бар. Өңірде өндірілген өнім Астананың 44 ірі сауда орындарында үздіксіз саты­лып жатыр. Өткен жылы ауыл шаруа­шылығы құрылымдары 115,2 мың тонна сүт өнімдерін, 29,5 мың тонна ет және ет өнімдерін, 251,2 млн дана жұмыртқа, 104,8 мың тонна картоп, 20 мың тонна көкөніс сатқан. Азық-түліктің бұл түрлері Аста­на тұр­ғындарының қажеттілігін бір­шама өтейді. Мәселен, ет жә­не ет өнімдері тұты­нушылар ті­ле­гінің үштен бірін жап­са, жұ­мыртқа – 80, картоп – 85, көкөніс 18 пайызын қамтамасыз етіп тұр.

Енді осы арада үлкен сұра­нысқа ие болып отырған сапалы ет өнімдері туралы айта кетелік. Облыстағы малсақ қауым осы жылдың 1 қаңтарына дейінгі есеп бойынша 455,1 мың бас қара мал бағып отыр, жылқы саны 232 мың басқа жеткен. Қой-ешкі – 573,4 мың төңірегінде. Өткен жылы облыс­та тірідей салмағы 190 мың тонна ет өндіріліпті. Сүт те баршылық. Жалпы көлемі 406,7 мың тоннаны құрайды. Жұмыртқа да – аз емес, 736,9 млн дана.

Осы арада статистикалық есеп туралы айта кетелік. Пышақ көтеретін, сатылып жатқан қоң­ды мал аз емес. Тек оның қайда, кімге сатылып жатқаны күмәнді. Басқарма мамандары малдың сатылу көлемін ауылдық округтен малсақ қауымның алған анықтамасын есептеу арқылы ғана шығарады. Ал ол мал Аста­наға жеткізілді ме, әлде Қырым мен Қытай асып кетті ме, белгісіз. Қоңыр күзде, мал семір­ген кезде малсақ қауым ма­лын сатып үлгеруге асығады. Оқуға баратын бала-шағасы бар әрі өздері де малдың қысқы жем-шөбін сатып алып, қамдану керек. Дәл осы уақытта Көкшетау базарлары­на ала тақиялы, айыр қалпақты ағайын жеміс-жидегін әкеліп жатады. Қайтар жолда бос қайтпауы үшін әрі су тегін деуге боларлық қыруар мал­ды артып алып кетеді. Өңір­де мал шаруашылығын да­мытуға 7,2 млрд теңге қара­жат бөлініп отырғанын ескер­сек, көп қаржының біраз бө­лі­гі алақа­нымыздан сусып шы­ғып, алыстағы ағайын­ның дас­тар­қанын жайнатып тұр. Шал­­­ғайдағы шағын ауылдарда мал өлшей­тін таразы емге табылмайды. Кешегі кеңестің кеңшарымен бірге металл сы­нығы ретінде Қытай асып кет­кен. Ендігісі – көзбен мөлшерлеу. Сапар сайын кеңпейіл қазақ­тың қыруар малын алып көзі үйренген аларманның желіне қоюы екіталай. Мал иесінің қар­жыдан қысылып тұрғанын іштері сезеді әрі сауданың салтын меңгергендер емес пе, екі ортада жем болатын – малсақ қауым.

Қолда бар малдың өзі үлкен бейнетпен бағылып отыр. Бір кезде қолы жеткен қуатты аға­йын бауырына басып алған ұлан-ғайыр жердің алды қайта бастағанымен, әлі де төрт түлік мал бағып отырған малсақ қа­уым жайылым мен шабындық­тың жоғынан теперішті көріп келеді. Ақкөл ауданының Қына ауылындағы «Табыс» шаруа қожа­лығының басшысы Бота­жан Дәуей жайылымның да, ша­бындықтың да жоқтығынан бей­нетке белшесінен батып отыр. Мал азығын дайындайтын ша­бындық болмағаннан кейін сатып алуға мәжбүр. Қазір 250-300 килолық шөптің бір бумасы – 10 мың теңгенің төңірегінде. Бір қара малға бұл шөп талғажау етуге берген күннің өзінде жарты айға жетеді делік. Сонда айына 20 мың теңгеге шөп алуы керек. Арпаның қырық килолық қабы – 5 мың теңге. Біздің жақта қыс ұзақ. Осылайша есептегенде, малдың қысқы азығы өзінің құнынан қымбаттап кетеді. Ең түсініксіз жай, ауыл іргесінде төрт мың гектар жер бос жатыр. Жер иесі не өзі пайдаланбайды, не мал сүмесімен күн көріп отырған малсақ қауымға бермейді.

Степногор қаласының ірге­­сіндегі Қырыққұдық ауы­лында Алдаберген Сагшан есімді азамат 150 жылқы, 800-ге жуық ірі қара, бір отар қой бағып отыр. Жоғарыда айтылғанындай, жа­йылым мен шабындық тап­шылығы мұнда да бар. Мұндай келеңсіздікті тізіп, көп-көп мысал келтіруге болады. Малсақ қа­уымның алға басқан қадамын кері кетіріп отырған жай – осы.

Ботажан Дәуейдің айтуына қарағанда, жазда сиыр сүтінің литрін 150 теңгеден тапсыратын көрінеді. Егер сүт сатпаса, жалғыз төлімен қоң жинай алмайтыны белгілі. Осы ара­да ауыл шаруашылығы коо­перативтері туралы айта кетсек. Әуел бастағы ой дұрыс еді. Коо­перативке біріксе, мал тұ­қы­мын асылдандыруға да, сүті мен етін тәуір бағаға сатуға да, мал ішіндегі ауру-сырқауын ертерек анықтап емдеуге де, жа­йылым мен шабындық жер алу­ға да мүмкіндік туар еді. Қазір облыста бірде-бір коопе­ратив жоқ. Әрбір ауданда бірді-екілі ашылған коо­перативтер тегіс жабылған. Об­лыс орталығынан таяқтастам жер­дегі Зеренді ауданына қа­рас­ты Шағалалы ауылында коо­ператив ұйымдастырылған­да малсақ қауым көп-көрім игілі­гін көрді. Ең бастысы, тапсыр­ған сүттеріне тиісті субсидия бөлі­ніп тұрды. Кейін әлдебір себептермен кооператив тарап кетті де, әркім өз қотырын өзі қасуға мәжбүр болды. Жоғарыдағы айт­қанымыздай, сүт және сүт өнім­дерімен облыстың ішкі қажет­тілігімен қоса Астана қала­сының тұрғындарын да молынан қамтуға әбден болар еді.

– Бұл үшін жаңадан ештеңе ойлап табудың қажеті жоқ. Қа­тар қоныстанған төрт-бес ауыл­дың таңғы сүті мен кешкі сүтін қосып жинайтын тоңазытқы­шы бар орын дайындаса болды. Сонда сүтті тасымалдауға жа­нар-жағармай кетпейді де, өзіндік құны арзанға түседі. Әрі қолындағы бірді-екілі ма­лы­ның сүтін сату арқылы ауыл тұрғындарының тұр­мыс­тық жағ­дайын жақсартуға болады. Кооператив болса, субсидия бар. Ал жеке шаруаға субсидия жоқ, – дейді Зеренді ауданының тұр­ғыны Жібек Алпысбаева.

Өңірде мал шаруашылы­ғын дамытуға біршама талпыныс жасалып жатыр. Оның ішінде сүбелісі – инвестициялық жобалар. Осы жобалар жүзеге асса, Ас­та­наның азық-түлік бел­деуіндегі ырыс көбейе түсе ме деген дәме бар. Өт­кен жылы жал­пы құны 17,5 млрд тең­гені құ­райтын 32 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде жалпы құны 3,2 млрд теңге болатын 7 тауарлы-сүт фер­масының ұйымдастырылуы бұл бағыттағы істі аздап бол­са да алға жылжытпақ. Астра­хан ауданындағы «Камы­шен­ка» серіктестігінің 400 бас­қа ла­йықталған, Біржан сал ауда­нын­дағы 160 басқа лайықталған «Ұйымшыл-1» фермаларын айта кетуге болады. Шортан­ды ауданында да 300 басқа шақталған «Milk Produсt» серіктестігі бар. Әлі де ниет білдіріп отырғандар қаншама. Етті бағытта да жалпы құны 1,2 млрд теңге бола­тын 6 инвестициялық жоба жү­зеге асырылды. Бірақ мұның бар­лығы – мың­ғырған мал бағып отырған өңір үшін теңізге там­ған тамшыдай ғана. Ұйым­дас­­қан шаруашылықтармен бір­ге аз ғана малымен күнелтіп отыр­ған жалпақ жұрт­тың қамын да ойлау керек. Ол үшін Ауыл ша­руа­шылығы министрлігі және жергі­лікті әкімдіктер халықтың ақадал еңбегі­мен өсірген малы­ның сүті мен етін сатып алып өңдеуді қолға алса, міне, сонда шынайы бәсекелестік пайда болып, күн сайын құрық сал­дырмай өсіп бара жатқан қым­батшылыққа тежеу болар ма еді.

Жалғыз мал шаруашылы­ғы ғана емес, егіншілікте де бірліктің берекені көбейтетіні шындық. Мәселен, 100-200 гектар алқапқа дән сіңіретін қожа­лықтардың қауметі қым­бат тыңайтқыш алуға, жерді эрозиядан сақтауға, арам­шөп­тен қорғауға жете бер­мей­ді. Жомарт жердің жыл өткен сайын сараңданып тозып бара жатқаны да – осыдан. Демек алдағы уақытта ша­ғын қожалықтарды ауыл ша­­руашылығы кооперативтері тү­­рінде біріктірсе қалай болар еді. Бәлкім, сонда маңдай термен өсірген өнімдерін лайықты бағаға сатудың жолы табылып қалар. Өткен жылы өңір диқандары 4,6 млн гектар жерге дәнді дақылдар тұқымын сіңіріп, мол өнім жинады. Гек­тар берекесі 11,6 центнерден айналды. Қамбаға құйылған мол өнімнің 2,5-3 млн тоннасы көктем келіп қалса да әлі сатылмай жатыр. Диқан қа­уым алдағы науқанға қажетті қа­ра­жат таппай қысылып жатыр. Тығырықтан шығар жалғыз жол – мол астықты тиімді бағамен «Азық-түлік» корпорациясы­ның сатып алуы. Ерте көктем­нен қоңыр күзге дейін шашетектен келетін шығынға батқан диқандар енді астықты элеваторлар мен қоймаларда сақтау үшін шығындануда. Сәл ұзаса, алтын астықтың әрқилы ауруға ұшырап, құрт түсуі де мүмкін. Енді кешеуілдеуге болмайды.

Өңірде картоп өсіруге мол мүмкіндік бар. Жыл сайын көктемде осы дақыл қас­қал­дақ­тың қанындай болып кетеді. Себеп – көкөніс сақтайтын қой­малардың аздығынан. Егер өңір басшылары осы мәселеге көбірек назар аударса, екі жаққа да тиімді болар еді. Айталық, күзде картоптың килосы 70-80 теңге болып тұрған кезде сатып алса, ауыл тұрғындары да артық да­қылын сатып, азын-аулақ табыс табады. Есесіне жуан­ның жіңішкеріп, жіңішке­нің үзілетін ұзынсарының кезінде бағаны ұстап тұруға әбден болады. Биыл сарым­сақтың аздығы сезіле ­бастады. Сұраныс болған соң бағаның өсуі заңды. Тек соны дер кезінде үйлестіре білмеуіміз ырысты кемітіп тұр.

Астана тұрғындарын қол­жетімді жергілікті азық-түлік­пен қамтамасыз ету­дің мол мүм­кіндігі бар. Әттең шикі­затты өңдеп, ұқсата білмеуіміз ғана бар ша­руаны шатқаяқтатып, мә­се­лені ши­рық­тырып тұр.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз


  • Notice: Undefined offset: 0 in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/rubik_core.php on line 1213

    Notice: Trying to get property 'term_id' of non-object in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/rubik_core.php on line 1213


  • Notice: Undefined offset: 0 in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/rubik_core.php on line 1213

    Notice: Trying to get property 'term_id' of non-object in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/rubik_core.php on line 1213


  • Notice: Undefined offset: 0 in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/rubik_core.php on line 1213

    Notice: Trying to get property 'term_id' of non-object in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/rubik_core.php on line 1213