Демография теңсіздігі – қауіпті үрдіс
Ғалымдардың айтуынша, халықтың сандық және сапалық құрамының үйлесім табуы – мемлекет қауіпсіздігінің кепілі. Ал еліміздегі демографиялық теңсіздік мәселесі әлі де шешімін таппай келеді. Бұған не себеп? Үкімет қабылдаған мемлекеттік бағдарламалар нәтижелі ме? Перспективалық жоспар қандай? Қауіпсіздігімізді нығайтып, алып территориямыз бос қалмау үшін халық санын қалай арттырамыз?
Халық саны мен тұрмыс сапасындағы теңсіздік
Егер өңірлердегі халықтың тығыздығы төмен немесе жоғары болса, депопуляция, халық санының шектен тыс бақылаусыз өсуі кемуі және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық мақсаттары халық санына сәйкес келмесе, бұл демографиялық теңсіздікке әкеледі. Еліміз соңғы 10 жылда осындай теңсіздікті бастан кешіп келеді. Әсіресе өңірлерде қатты байқалып жатыр. Статистикаға сәйкес Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарындағы халық саны шамамен 2,2 млн адамды құрайды, ал бұл 6,8 млн адам тұратын оңтүстіктегі Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстарымен салыстырғанда айтарлықтай аз. Ғалымдардың болжамы бойынша 2050 жылға қарай солтүстік өңірлердің халқы 900 мың адамға азайып, оңтүстік өңірлердегі халықтың саны 5,2 млн адамға көбеюі мүмкін.
– Біз ел өңірлеріндегі халықтың тығыздығын анықтап, осыған арналған зерттеуімізді аяқтадық. Қазір халықтың өсу қарқыны бойынша орташа өсім Павлодар (1,3%), Қарағанды (2,7%), Ақтөбе (16,5%), Жамбыл (10,7%), Түркістан (9,1%), Батыс Қазақстан (9,8%), Алматы (14,1%) облыстарында байқалып отыр. Бұл аймақтарды салыстырмалы қауіпсіздік аймағына жатқызуға болады. Дегенмен, перспективада Павлодар және Қарағанды облыстары, олардың халық санының жыл сайын төмендеуін ескере отырып, қызыл аймаққа кіруі мүмкін. Ал тәуекелдердің сары аймағына халықтың өсу қарқыны орташа республикалық деңгейден аспайтын Қызылорда және Атырау облыстарын жатқызуға болады, – дейді «Алтайтану» ғылыми зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Жанна Әубәкірова.
Ғалымның айтуынша, қазір ауыл халқы үдере қалаға көшіп, әлеуметтік мәселелерге тап болды.
– Қызыл, яғни қауіп-қатер аймағында халықтың өсу қарқыны жоғары көрсеткішімен Астана (87,7%), Шымкент (68,8%) қалалары көш бастап тұр, одан кейін Маңғыстау облысы (44,8%) және Алматы қаласы (40,7%). Халықтың өте жоғары өсу қарқыны, әсіресе халық тығыз қоныстанған аумақтар мен мегаполистерде, қысқа мерзімде шешілуі қажет көптеген экономикалық және әлеуметтік мәселелерге алып келді. Сол қызыл аймақта халықтың өсу қарқыны теріс көрсеткіштері көрсететін аймақтар бар. Бұл – солтүстік және шығыс аумақтар. Ақмола облысында халықтың кему қарқыны – 0,30, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарында 2,0 пайызды құрады. Халық саны қысқаруының неғұрлым жоғары қарқыны Солтүстік Қазақстан облысында байқалды (-8,2%), – дейді ғалым.
Айта кетейік, «Алтайтану» ғылыми зерттеу орталығы әлеуметтік-демографиялық және әлеуметтік-тарихи зерттеулер жүргізеді. Бұл – елдегі демографиялық ахуалды бақылап, ғылыми тұрғыда баға беріп, үкіметке мәселенің шешу жолдарын ұсынып отырған бірден-бір ғылыми орталық. Ел тәуелсіздік алғалы осы уақытқа дейін Қазақстанның басты демографы болған Мақаш Тәтімов қана халықты көпбалалы болуға шақырған еді. Ол кезде әлеуметтік, өңірлердегі халық тығыздығы секілді дүниелер зерттелмеді. Қазір демографиялық дисбалансты бастан кешіріп отырғанымыз сол себепті болар.
Мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесі қандай?
Әрине, үкімет те ай қарап отырған жоқ. Осы уақытқа дейін мемлекеттік бағдарламалар әзірленіп, тәжірибе жүзінде іске асырылды. Мәселен, 2018-2020 жылдары Солтүстік Қазақстан облысына оңтүстік өңірлерден 5123 адам қоныс аударған, алайда өңірден 10 мыңға жуық адам көшіп кеткен. Осыған орай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Солтүстік Қазақстан облысында 2021-2025 жылдар аралығында демографиялық дисбаланс пен кері көші-қон сальдосын азайтуға бағытталған біраз жұмысты қолға алды. Осының нәтижесінде көрсетілген уақыт аралығында өңірге 10 мыңнан астам жұмыс күшін тартып, жұмыссыздық деңгейін 4,9 пайызға дейін азайту жоспарланып отыр. Қолға алған іс-шараның бірі – оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударатындарға төленетін біржолғы жәрдемақы 35-тен 70 АЕК-ке дейін көтерілді. Осылайша, қоныс аударушылардың жәрдемақысы екі есеге өсті. Бұған қоса, жұмыс берушілерді ынталандыру үшін қоныс аударушылардың еңбекақысының бір бөлігін субсидиялау, оқыту шығындарын өтеуге қатысты іс-шаралар қабылданды. Осыған сәйкес қоныс аударушылар жалақысының 35 пайызын бір жылға дейін субсидиялау қарастырылған. Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын іске асырудың жалпы сомасы 1,8 триллион теңгені құрайды.
Сондай-ақ 2017-2021 жылдарды қамтыған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылды. Оның басты бағыты – жұмыс күші тапшы аймақтарға халқы тығыз орналасқан өңірлерден еңбек етуге қабілетті азаматтарды тарту. Осы төрт жыл ішінде оңтүстіктен солтүстік өңірлерге 9 мыңнан астам отбасы қоныс аударған, атап айтсақ Ақмола облысына – 464, Шығыс Қазақстанға – 2414, Қостанай өңіріне – 1264, Павлодар облысына –2777, Солтүстік Қазақстанға 2960 отбасы көшкен. Алайда 250-ге жуық отбасы туған жеріне қайта кеткен. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, халықтың тұрақтамауының басты себептері климаттың өзгешелігі, денсаулық және отбасылық жағдайларға байланысты болған. Бағдарламаны жүзеге асыруға мемлекет қазынасынан 20 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалған. 2021 жылы бұл бағдарлама аяқталды. Мұның жалғасы ретінде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы іске қосылды. Бұл жоба 2021-2025 жылдарды қамтиды. Бірнеше министрлік бірігіп дайындаған жобаның негізгі мақсаты – әрбір өңірдің даму көрсеткішін, экономикасын ілгерілетіп, Мемлекет басшысы ұстанған «тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын құру» саясатын іске асыру. Қаржыландырудың жалпы көлемі 7,6 трлн теңгені құрайды, оның ішінде республикалық бюджеттен 4 трлн теңге, жергілікті бюджеттерден 786 млрд теңге бөлінеді. Қазір демографиялық дисбалансты жою перспективасында осы ұлттық жоспар ғана іске асырылып жатыр.
Ауылдар бос қалып жатыр
Десе де сарапшылар бұған дейін қабылданған бағдарламалар жоғары нәтиже бере қоймағанын, қазір ауыл халқының өсу қарқыны қаламен салыстырғанда әлі де 5 есе төмен екенін айтады. Тағы да «Алтайтанудың» зерттеуіне сүйенетін болсақ, Шығыс Қазақстан облысында – 12,7, Ақтөбе облысында – 14,5, Солтүстік Қазақстан облысында – 17,8, Қостанай облысында – 18,3, Қарағанды облысында – 7,7, Павлодар облысында – 7,1, Батыс Қазақстан облысында – 2,8 және Ақмола облысында 2,0 пайызға қысқарған.
Этнограф ғалым Жанна Әубәкірова ел астанасындағы адам санының шамадан тыс көптігіне алаңдаушылық білдіріп отыр.
– Республика бойынша орташа көрсеткіштермен салыстырғанда елорда халқының саны 3,3 есе артып, жалпы соңғы он бір жыл ішінде 90 пайызға жуық өсімді құрады. Мұндағы өсімнің аса жоғары қарқынға ие болуы Астана үшін де, донор-өңірлер үшін де тәуекел тудырады. Өйткені аймақтан кеткен адамдардың есесін толтыру қиынға соғады. Сондықтан Үкімет тиімді іс-шара қабылдап, қалыптасқан дисбаланс мәселесін шешуді тоқтатпауы қажет, – деді ғалым.
Ұлттық статистика бюросының биылғы 1 қаңтардағы мәліметі бойынша, Қазақстандағы халық саны 19 765 004 мың адамды құрады. Оның ішінде қалада – 12 208,2 мың, ауылда 7 556,7 мың адам тұрады. Табиғи өсім есебінен халық саны 268 791 адамға өскен, көші-қон сальдосы теріс – -6 946. 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда халық саны 261 845 адамға өскен.
Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес, 1 ақпандағы жағдай бойынша елге 1 539 қандасымыз оралған. Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың 50 пайызы Өзбекстаннан, 16,3 пайызы –Қытайдан, 15,9 пайызы – Ресейден, 8,4 пайызы – Түрікменстаннан, 4,5 пайызы – Моңғолиядан, 4,9 пайызы басқа елдерден келген. Этностық қазақтар негізінен Алматы (27%), Маңғыстау (16,6%), Түркістан (7,1%), Жамбыл (3,6%) облыстарына, сондай-ақ Астана (10,5%), Алматы (7,6%), Шымкент (6,5%) қалаларына қоныстанды. Жалпы, 1991 жылдан бері 1 миллион 108,5 мың қандас тарихи отанына оралды.