Ахуалың қалай, автожол?

0
278

Ел аумағы ен жайылып жатқан соң жолдары да тым ұзақ. Нақты айтар болсақ, біздегі жалпы автожолдардың ұзындығы 96 мың шақырымды құрайды. Оның 25 мың шақырымы республикалық маңызы бар жолдар. Ал қалғаны облыстар мен аудандарды, одан әрі ауылдарды жалғайды. Осынау ұзыннан-ұзақ созылып жатқан жолдардың жай-күйі еліміздің әр тұрғынын толғандыратыны рас. Ендеше автожолдардың қал-қадіріне зер салып көрейік.

Үлкен жолдардағы жұмыстар

Бұйыртса, биыл нормативтік жағдайдағы республикалық жолдардың үлесі 92 пайызға дейін артады. Сондай-ақ еліміздің 11 мың шақырымдай автожолына құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіледі. Мұнымен қатар жыл соңына қарай жергілікті жерлердегі жолдардың да нормативтік жағдайдағы үлесі 87 пайызға дейін артатын көрінеді.

Негізінен үстіміздегі жылға арнал­ған жоспар, сондай-ақ жолдардағы жұмыс­тардың сапасын бақылау және сапа­сын арттыру жөніндегі шаралар туралы жиі айтылады. Енді біртіндеп соны та­ратып көрелік. Десек те, осы орын­да бір ескеретін жағдай, әсіресе журна­лис­тердің құлағына алтын сырға. Индус­трия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрлігі Автомобиль жолдары ко­ми­­тетінің қарамағында тек республи­калық маңызы бар жолдар ғана. Ал мем­лекет­тік тапсырма шеңберінде жолдарды да­мыту және күтіп-ұстау жөніндегі жұмыс­тарды ұйымдастыруды Ұлттық оператор «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компания­сы жүзе­ге асырады. Сондай-ақ облыстық және аудандық маңызы бар автожолдар мен көше-жол желісі жергілікті атқару­шы органдардың қарауында. Осы үш меке­меге тиісті міндеттердің ара-жігін ажырата білген жөн. Сонда ғана айтылған сөздер өз ие­сін дұрыс табады. Әйтпесе автожолға қа­тысты болған шарада айтылған бір ойдың екі-үш рет қайыра соққаны құлағы түрік, көзі қарақты көп адамды әбден мезі етеді.

Сонымен, Орталық коммуникация­лар қызметінде болған баспасөз конференциясында осынау жолдардың қазіргі жағдайы айтылып, биылғы жылы атқарылатын жұмыстардың жоспары таныстырылды. Баспасөз мәслихатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Әуезханұлы баяндама жасап, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төр­ағасы Мейірхат Мейрамханұлы мен «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» ШЖҚ РМК бас дирек­торы Замир Садықұлы тілші­лердің сұрақтарына жауап берді.

Енді өткен жылға көз салсақ, республи­калық желі бойынша барлығы 11,6 мың шақырым бола­тын жолдарда жөндеу жұмыс­тары жүргізілген. Онда 4 мың шақырым жолға түрлі маңыз­ды құрылыс және реконст­рукция жасалған. Соның 1,2 мың шақырымында негізгі жұмыстар толық аяқталыпты. Сондай-ақ күрделі және орташа жөндеумен 3 мың шақырым жол қамтылып, оның 679 шақырымы пайдалануға дайын болған. Ал жергілікті автожолдар желісінде жөндеудің барлық түрлері 4,6 мың шақырым жолға жасалып, мұның 3 мың шақырымы ел игі­лігіне берілген.

Биылғы жылы құрылыс-мон­таж­дау жұмыстары еліміздегі 11 мың ша­қырым­нан астам автожолда жүргі­зілетінін жоға­рыда тілге тиек еттік. Атап айтқанда биыл республикалық желінің 7 мың шақы­рымын, ал жергілікті жолдардың 4 мың шақырымын жөндеу ісі көзделіп отыр екен.

– Республикалық желі бойынша 3,6 мың шақырымда құрылыс және реконструкция жұмыстары жалғасын табады. Оның 856 шақырымын аяқтаймыз. Күрделі және орташа жөндеумен 3,4 мың шақырым жол қамтылады. Жергілікті автожолдар желісінде жөндеудің барлық түрлерімен 4 мың шақырым жол қолға алынып, соның 3 мың шақырымын толық аяқтаймыз деген жоспарымыз бар, – деді комитет төрағасының орынбасары.

«Реконструкциялау бойын­ша жұмыс­тар 17 жобада жүргі­зі­ліп жатыр. Со­лардың аясында алдағы жылға дейін іске асы­ру мерзімімен 3,6 мың шақы­рым жол қамтылатын болады. Бүгінгі күнде Орталық – Оң­түс­­тік дәлізін дамыту шең­берінде Қарағанды – Бал­қаш – Бурылбайтал – Құрты – Қап­ша­ғай те­лімдерін реконструк­ция­­лау жалғасып жатыр. Бұл ма­­гистральдегі 946 шақыры­мы­ның 543 шақырымы биыл пайдалануға беріледі. Осы кезде Қарағанды – Балқаш телімі бойынша 281 шақырым, ал Балқаш – Бурылбайтал – Құрты бөлігінде 262 шақырым жолда қозғалыс ашылған. Ағымдағы жылы 67 шақырымды құрайтын Құрты – Қапшағай учаскесінде жұмыстар жалғасуда», деген ол биылғы жылдың соңына дейін үлкен магистральдің жөндеу жұмыстарын біржола тиянақтап, алдағы 2024 жылы осы «Орталық –Оңтүстік» дәлізі бо­йынша қозғалысты ашуды жос­парлап отырғандарын айтты.

Еліміздің оңтүстік-шығыс өңірінде ұзындығы 768 ша­қы­рымды құрайтын Тал­дықорған – Өскемен автомобиль жолын реконструкциялау қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл желіні де пайдалануға беру келесі жылға жоспарланып отыр екен. Сондай-ақ еліміздің батысында ұзақтығы 819 шақырым болатын Ақтөбе – Атырау – Астрахань дәлізін дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Бұлармен бірге, осы жылы 440 шақырымдық Қандыағаш – Мақат – Атырау теліміндегі жөн­деу жұмыстары аяқталатын көрі­неді. Қазірдің өзінде онда қоз­ғ­а­лысқа жол ашық екен. Ал Ақтөбе – Қандыағаш учаскелері бойын­ша қайта жаңарту жұмыс­тары жалғасып жатыр. Атырау – Астрахань (277 шақырым, 123 шақырым қоз­ғалыс ашылды) телімі бойынша жыл соңына дейін 40 шақырым жолды жөн­деп, бүкіл ұзындығы бойынша қозғалыс ашылып, келесі 2024 жылы пайдалануға беріледі.

Қызылорда – Жезқазған автожолын қайта жаңарту жобасы екі негізгі бөліктен тұрады. Ұзындығы 218 шақырым болатын Қызылорда облысының аумағымен өтетін телім­де құрылыс-монтаждау жұмыс­тары 2022 жылы басталған еді. Аталған учаскелерде жол жұ­мыс­тарын мына мердігер ұйым­дар жүргізеді: «Longjian Road and Bridge Co. Ltd, China Civil Engineering Construction Corporation», «Қыран» ЖШС, «Guizhou Highway Engineering Group Co», «Stecol Corporation». Бұл ретте Қызылорда қаласын аралау учаскесінде алдағы сәуір айында қайта конкурс жариялау жоспарлануда. Жалпы, бүгінде жер төсемін, жасанды құрылыстар мен негіз қабаттарын салу бо­йын­ша жұмыстар жүргізілді. Бұ­­йыртса, бұл учаскелердегі жұ­мыс­тарды да аяқтау 2024 жыл­ға жоспарланған. Соны­мен қа­тар Ұлытау облысы бойынша жол учаскелерінде мердігерлік ұйым­дар­ды анықтау бойынша кон­курстық рәсім­дер жүр­гі­зілу­де», деді Индустрия және инф­ра­­құрылымдық даму ми­нистр­лігі Ав­томобиль жолдары комитеті төраға­сының орынбасары Амангелді Әуезханұлы.

Ведомство өкілі қазіргі кезде үш бірдей әлеуетті жобалар қолға алынып отырғанын жеткізді. Біріншісі – 13 телім­нен тұратын Атырау – Орал магист­ралі. Бұл жолдың ұзақтығы 521 шақы­рым. Екіншісі – «Жезқазған – Қара­ғанды» тасжолы. Бұл екі аралық 513 шақырымды құрап, 12 учаскеден тұрады екен. Үшін­шісі – жеті телімге бөлінген 262 ша­­қы­рым­дық Ақтөбе – Ұл­ғай­сын автожолы. Атал­ған ауқым­ды үшеудің де жобалау жұ­­мыс­­тары биыл мәреге жететін көрінеді.

«Ағымдағы жылы респуб­ликалық бюджет қаражатынан 30 млрд теңге бөлінді. Соның есебінен жыл соңына дейін автожолдың бүкіл ұзындығы бо­йынша толассыз қозғалысты қамтама­сыз етуді жоспарлап қойдық. Қазіргі уақытта нысандарда ағымдағы құрылыс маусымына жол-құрылыс материалдарын дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр», деді А.Беков.

 

Жол бойындағы қызмет көрсету нысандары

Қазіргі таңда республикалық ма­гистральдер бойындағы қыз­мет көрсету нысандарын дамыту жұмыстары да жоспарға сай жүргізіліп жатыр екен. Жалпы, үлкен жолдар бойында 1 634 нысан бар дейді. Соның 74 пайызы ұлттық стандарт талап­тары­на сай келеді. Енді осы жы­лы тағы 78 қызмет көрсету ны­саны іске қосылады-мыс. Оның 53 объектісі жеке инвести­ция­ларды тарту есебінен жүзеге асы­рыл­мақ. Сондай-ақ тиісті жерлерге реконс­трукциялау мен жөндеу шең­­берінде 25 санитарлық-гигие­налық торап қойылады. Бұл ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келетін қыз­мет көрсету нысандарының үлесін 82 па­йыз­ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Жол бойындағы қызмет көр­сету нысандарын дамыту мақ­сатында былтыр жергілікті атқа­рушы органдардан 10 па­йыз мөлшерінде субсидиялар қарас­тырылған болатын. Нәтижесінде санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстауға айына 83 мың теңге көлеміндегі шығындарды өтеу бойынша мемлекеттік қолдау тетігі іс­ке қосылды. Сонымен қатар бүгінде жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын салу үшін жер беру рәсімін оңайлату мақ­­сатында қолданыстағы заң­намаға өзге­ріс­тер енгізу мәселесі пысықталып жатыр.

 

Жергілікті желі

Өңірлердің орталықпен ішкі көліктік байланысын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті автожолдар желісін дамыту істері де қа­лыпты жүргізіліп жатыр. Об­лыстық және аудандық ма­ңы­зы бар автожолдар, сондай-ақ қала ішіндегі көшелер желі­сін дамыту, жөндеу және күтіп ұстау жер­гілікті атқарушы орган­дар­дың құзырында екенін атап өткен жөн.

– Бүгінгі таңда 70 мың шақы­рым жергілікті желі жолдарының 85 пайызы нормативтік жағдайда. Бұл 59,5 мың шақырымды құрай­ды. Биыл жергілікті маңызы бар жолдардағы құрылыс, реконс­тру­кция және жөндеуге 353 млрд теңге бөлінді. Оның ішін­де республикалық бюджет есебі­нен – 154,5 млрд теңге, жалпы си­паттағы трансферттер – 147,6 млрд теңге. Ал жергілікті бюд­жеттен 51 млрд теңге қа­рас­тырылған. Бөлінген осы қаржылар есебінен 4 мың шақы­рымға жұмыс жүргізу жос­парланып отыр. Сөйтіп, ағым­дағы жылдың қорытындысы бойын­ша жергілікті жолдардың нор­мативтік жағдайдағы үлесін рес­пуб­лика бойынша орташа есеп­пен 87 пайызға дейін жет­кізі­летін болады, – деді комитет төраға­сының орынбасары.

 

Жол сапасы да басты назарда

Әлемдегі озық мемлекеттердің тәжі­ри­бесіне сүйене келіп, жол-жөн­деу жұмыс­тарының сапасына және автожолдардың бүгінгі жай-күйін диагностикалауға баса ден қо­йылу­да. Республикалық жолдар бойын­­ша атқарылған жұмыстар мен материал­дардың сапасына жасалған сарап­тама респуб­ликалық бюджет есебі­нен қаржы­лан­дырылады және бүкіл же­ліні толықтай қамтиды. Бұ­дан бө­лек бүгінде ЖАО-мен жер­гілікті маңы­зы бар жолдар, сон­дай-ақ елді мекен көше­лерін сарап­тамамен қамту бойынша бел­сен­ді жұмыс жүргізілуде. Авто­мобиль жол­дарының сапасын арттыру мақсатында саланы реформалау жолымен жаңа тәсіл пысықталды.

Бүгінгі таңда заңнамада бір­қатар түзетулер қабылданды. Мәсе­лен, ұлттық сапа орталығына елді мекен көшелерін жөндеуге ведомстволық сараптама жүр­гізу өкілеттігі берілді. Өйткені халық ша­ғымдарының басым бөлігі елді мекен көше жолдарының сапасына байланыс­ты болады. Өкінішке орай, нормативтік жағ­дайдағы жолдардың көрсеткіші 3 өңір­де орташадан төмен. Олар Батыс Қазақ­стан облысында – 46, Ақ­төбе мен Атырау облыстарында – 72 пайыздан.

Баспасөз мәслихатында тағы бірқатар мәселелер пысықтал­ғаны атап айтылды. Біріншісі – жобал­арды іске асыру кезеңдерін оң­тай­ландыруға мүмкіндік берет­ін ФИДИК қағидаттарын енгізу. Түсінікті болуы үшін айтарымыз, ФИДИК ережелеріне сәйкес үлгілік шарттар жасалады, мамандардың өзара іс-әрекеті жеңілдетіледі, әрбір қатысушының іс-әрекеті мен жауапкершілігі белгіленеді, жоба қымбаттаған жағдайда эскалация қолданылады. Екіншісі – EPCM келі­сімшарты қағидатына көшіру. Атал­ған қағидат бойынша бір орындаушы жобаның толық өмірлік циклін жүзеге асырады. Сондай-ақ жоба құны қымбаттаған жағдайда барлық тәуекелдер мен жауапкершілікті өз мойнына алады. Үшіншісі – Ұлт­тық сапа орталығымен жергі­лікті желі жолдарының сапа­сын сараптау жөніндегі бірың­ғай шартты қабылдау, яғни жер­гілікті атқарушы органға қара­мастан объектілерді пайда­ла­нуға қабыл­дау бойынша жұмыс жүр­гі­зілетін болады. Бұл еліміздің бар­лық автожол жобаларында құ­рылыс техноло­гиясын сақ­тай отырып, пайдаланы­ла­тын ма­териалдардың сапасын және мерді­герлік ұйымдардың тәр­тібін артты­руға мүмкіндік береді. Төртіншісі – сала­ның нормативтік-техникалық базасын жетіл­діру, мұнда қолданыстағы 1200 стандарт 50 негізгі ГОСТ пен стандарттарға оңтайландырылып, жаңартылатын болады. Осы­лайша, жаңа дәлелденген және сыналған материалдар мен технологиялар тізілімі де жаңарады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ