Мемлекет жанар-жағармай бағасын қымбаттатуға мәжбүр

0
210

Мемлекет жанар-жағармай бағасын қымбаттатуға мәжбүр болды. Бұған себеп – бензин мен дизельдің заңсыз жолмен шетелге сатылуы және қазіргі бағаның өндірушілер үшін тиімсіз болып тұрғандығы. Құзырлы мемлекеттік органдар бензин мен дизель отынының шекарадан заңсыз шығарылғанын анықтап та жатыр.

Тек Түркістан облысының өзінде мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдаудың 94 фактісі тіркелген. Осыған орай 1,5 млн теңге айыппұл салынып, 2 341 литр бензин мен 25 335 литр дизель отыны тәркіленген. Наурыздың соңын­да Павлодар транспорттық прокуратурасы АИ-95 бензинінің аса көп көлемін Тәжікстанға экспорттамақшы болғандарды ұстады. Үкімет өкілдерінің айтуынша, егер баға көтерілмесе, онда биыл 850 мың тонна көлемінде тапшылыққа ұшыраймыз.

«Бұл – оңай шешім емес. Бұл шешімді қабылдауға мәжбүр болып отырмыз. Біздің арзан отынымыз өзіміздің ұлт­тық мүддемізге емес, көрші елдер­дің эко­но­микасына жұмыс істеп жатыр. Сон­дық­тан жанар-жағармай нары­ғын­дағы тұрақ­тылықты қамтамасыз ету үшін осы көрші елдердегі бағалармен айыр­машылықты төмендетуіміз керек», деді халық тарапынан қатты сынға ұшы­ра­ғанына қарамастан қызметіне қайта келген Премьер-министр Әлихан Смайылов.

впо

Экономист Алмас Чукиннің пікірін­ше, мұнай өнімдерінің бағасын көтеру шешімі – экономикалық абсурдты дамудан бас тартуға байланысты ұзақ сапар­дың басталғанын айғақтайды.

«Қазір мұнайдың бір бөшкесі 80 доллар тұрады. Біз оны экспортқа сатсақ, 80 доллар аламыз. Ал егер ол мұнайды 40 долларға мұнай өңдеу зауыттарына (МӨЗ) берсек, онда 40 долларды біреуге жай ғана «сыйлаған» болып шығамыз. Шын мәнінде, бұл соманы бюджетке кіргізуге не басқа қажеттілікке жаратуға болар еді. Біз несие алдық, МӨЗ-дерді жаңарттық және отын өндіріп жатырмыз. Несиені қайтару, бөлшектерді сатып алу, жыл са­йын жөндеу жүргізу керек. Болашақтағы дамуға да қаржы керек. Ал мемлекет, тіпті қажетті бөлшекті сатып алуға да жетпейтін бағаны белгілеп қойып отыр. МӨЗ-дерде жыл сайын апат болатыны да осыдан сияқты», дейді экономист.

Оның айтуынша, отынды жеткізу, сақтау да ақша тұрады. Бірақ көтерме сатушылар да, бөлшек сатушылар да дұрыс баға белгілей алмай сарсаңға түсіп отыр.

«Мемлекеттік бағадағы өнім де бәріне бірдей жетпейді. Егер мен тұрақты клиенттеріме талонмен беретін болсам, онда нарыққа жұмыс істеп қайтем. Егер мен үлкен желі емес, кішкентай ғана бекет болсам, онда жұмысты тоқтата салған артық емес пе? Көрші елдерге контрабандалық жолмен жанар-жағар­май тасымалдау да экономикада коллапс тудырып отыр. Жүк көліктері жүрмейді. Жүктер жеткізілмейді. Зауыттар мен дүкендер зардап шегіп жатыр. Құрылыс салынбайды», дейді сарапшы.

Елде мұнай өнімдері өндірісін арттыру үшін тағы бір мұнай өңдеу зауыты салынуға тиіс деушілер бар. Мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетов бұл пікірге қосылмайды. Оның пайым­дауынша, қазір бір емес бірнеше МӨЗ салып тастасақ та нарықтағы ахуалды оң қырына қарай ауната алмаймыз.

«Бағаны өзгертпейінше тапшылық бәрібір жойылмайды. Жанар-жағармай­ды сыртқа жіберудің жалғыз жолы – бағаларды теңестіру. Баға төмен болып тұра берсе, онда көрші елдер таси береді. Олар өздері тұтыну үшін ғана емес, апарып сату үшін де алып кетіп жатыр ғой. Бізде мемлекет отыз жыл бойы қоғамды арзан өнімдерге үйретіп тастады. Түрікменстан сияқты жабық ел болсақ мұндай саясат бізге жарасар еді. Ешкімге ештеңе бермейді, алмайды, өз-өзімен өмір сүреді. Ал біз әлем елдерімен тығыз байланыстамыз, алыс-беріс деңгейі жоғары. Сондықтан қаласақ та, қаламасақ та біз басқа елдердің ыңғайына бейімделуіміз керек болады. Мысалы, бізде электр энергиясы арзан. Сол сияқты жанар-жағармай да арзан. Қаншама жыл бойы қолдан реттеп, ұстап тұрды. Енді әрі қарай ұстай алмайды. Көтерейін десе халық ренжиді, көтермейін десе әрі қарай арзан күйінде қалдыра беру тағы мүмкін емес. Екінші мәселе – халықтың әл-ауқатын көтеру керек. Мұнай өндіруші компанияларға «сен мұнайыңды нарықтық бағамен емес, ішкі бағамен сат» деп талап қоя алмайсыз. Қазірге дейін солай болып келді. Енді олай жалғастыра беру мүмкін емес қой. Қазір кәсіпорындар ішкі нарыққа мұнайын жіберсе пайда таппайды. Ондай жағдайда жұмыс істеу де қызық болмай қалады. Сосын келіп инвестиция да құйылмайды. Бар ақшасын салатын болса, бірақ пайда таппайтын болса, мұндай жоба кімді қызықтырсын?», дейді ол.

Сарапшының айтуынша, біз жылына 90 млн тонна мұнай өндірсек, соның 70-71 млн-ы сыртқа кетеді, қалған 19-ы іште қалады. Өңделген кезде 19-дың 13 млн тоннасы мұнай өнімдері болып шығады. Бізде мемлекет компанияларға квота беріп, «50 пайызын ғана сыртқа жібере аласың, қалған 50 пайызын ішкі нарыққа жібересің», деп талап қояды.

«Ішкі нарыққа мұнай жіберу – компаниялардың қалауы емес. Оларға ерік берсеңіз, өндірген мұнайын түгелімен дерлік экспортқа шығаруға даяр. Мемлекет талап қойған соң ғана мұнай өңдеу зауыттарынан бекеттерге бензин арзан келіп жатыр. Ортадағы пайда көп емес. Үш үлкен кәсіпорнымыз бар – Қашаған, Қарашығанақ және Теңіз. Олардың келісімшарттары бөлек болғандықтан, 100 пайызын сыртқа сатып жатыр. Басқа компанияларда ондай мүмкіндік жоқ. Мұнай өнімдерінің саны артып, ішкі тұтыну көлемін толық жауып тұру үшін кәсіпорындар көбірек мұнай беруге тиіс. Оны тағы мемлекет квотаны ұлғайту арқылы шешеді. Бұрын шығарған өніміңнің 50 пайызын ішкі нарыққа жібер десе, енді 60-70 пайызын сұрауға тиіс. Ал ол кәсіпорын мұнайды сыртқы нарыққа 80 доллардан сата алар еді. Ішкі нарыққа амалсыз 25 доллардан сатуға мәжбүр. Содан келіп осындай шағын кәсіпорындардың жұмыскерлері арасында жалақы дауы туындай бастады. Олар жалақыны өсіруді сұрайды. Ал кәсіпорында ондай мүмкіндік жоқ. Әлгі үш ірі кәсіпорында ақша тұрғысынан қиындық жоқ. Мұнай бағасы қатты түсіп кеткен кезде де олар пайда көреді», дейді.

А.Нарымбетовтің айтуынша, үш ірі кен орнынан басқа жердің бәрінде мұнай өндірісінің көлемі төмендеп жатыр. Ал бізде мұнай өнімдерін тұтыну деңгейі артып жатыр. Демек, ортадағы айырма көбейе бермек.

Еске салайық, Энергетика министр­лігінің шешімімен 12 сәуірден бастап (әзірге бұйрық жобасы нормативтік-құқықтық актілер порталында қоғам талқысында тұр) елімізде бензин мен дизель бағасы өседі. АИ-92 және АИ-93 маркалы бензинге 182-187-ден (өңірге байланысты) литріне 205 теңгеге дейін қымбаттайды. Қазіргі уақытта аймаққа бай­ланысты бағасы 230-260 теңге ара­лы­ғында құбылып тұрған дизель баға­сы литріне 295 теңге болады. Егіс жұмыс­тарына байланысты 413 мың тонна дизель отыны бөлінеді. Бірақ оның бағасы литрі­не фермерлер үшін 204 теңге болады.

Бұған дейін салалық министрлік мұнай өнімдері көлемін арттыру үшін МӨЗ-дер қуаттылығын арттырамыз дегенді айтқан еді. Нақтыласақ, мемлекет Шымкент МӨЗ-інің қуаттылығын қазіргі 6 млн тоннадан (жылына 6 млн тонна мұнай өнімін өңдейді – ред.) 2029 жылы 12 млн тоннаға дейін жеткізуге ниетті. Қазір алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме жобасы аяқталу кезеңінде тұр. Павлодар мұнай-химия зауытында сусыздандыру және сұйытылған мұнай газын тазарту қондырғысын біріктіру арқы­лы гидротазалау қондырғысы қайта жаңғыр­тылып жатыр. Бұл жұмыс сәтті аяқтал­ған жағдайда 2025 жылдан бастап өңдеу қуаттылығы жылына 600 мың тонна­ға дейін ұлғаймақ (5,5 млн-нан 6,1 млн тоннаға).

Бірақ МӨЗ қуаттылығын арттырудан да маңызды жайт бар. Ол – мұнай өндіретін ұсақ кәсіпорындардың талабы. Қазір олардың бәрі жиылып «ҚазМұнайГазға» жұмыс істеуге мәжбүр. Яғни шағын компаниялар өндірген мұнайын МӨЗ-дерге тікелей әкеліп сата алмайды. Әуелі ҚМГ-ға өте арзан бағамен сатуға міндетті.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы­ның дерегінше, елімізде 91 компания мұнай өндірумен айналысады. Бірақ соның ішінде 80-ге жуық кәсіпорын жылына миллион тоннадан аз шикі мұнай өндіретіндіктен, мұндай шағын компаниялардың нарықтағы үлесі 15-20 пайыздан аспайды. «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры Дінмұхамед Құдайбергеннің айтуынша, бізде мұнай жеткізумен жер қойнауын пайдаланушылар және өндіріс орындарынан тікелей сатып алатын делдалдар айналысады.

«Мұнай өнімдері өңделгеннен кейін (АИ-92 және АИ-95 және дизель отыны болып) жанармай бекеттері арқылы түпкілікті тұтынушыға сатылады. Сон­дай-ақ мұнай өнімдері ҚТЖ, тау-кен металлургиялық кәсіпорындары сияқты ірі тұтынушыларға да сатылады. Ондай тұтынушыларға жыл сайын 1-1,2 млн тонна жіберіледі. Тұтынушылардың тағы бір тобы – жылына 500 мың тоннаға дейін отын сатып алатын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер», дейді ол.

Әрине, жоғарыда айтылған 91 компания мұнай өнімдерін арзан бағамен ішкі нарыққа сатуға мәжбүр және бұл – олар үшін тиімсіз нұсқа. Энергетика министрлігі болса нарық қатысушылары өнімдерді «ҚазМұнайГаз» және CNPC компаниялар тобына кіретін оның серіктесі «Petrosun» ЖШС-ға сатуға міндеттейді. Бұл ретте баға арнайы формула арқылы есептеледі және нарықтағы бағадан 1,5-2 есе төмен болып шығады. Бұл схема нарық қатысушыларына ұнамайды. Олар мұндай тәсіл арқылы тек монополияны күшейтіп, нарықтық үдерістерді тежейміз деп реніш білдіреді.

2022 жылдың қаңтар-қыркүйегі аралығында мұнай өңдеу зауыттарына «Petrosun» ЖШС, ҚМГ және «Petroleum Operating» ЖШС 11,3 млн тонна жеткізсе, өзге 60 шағын және орта мұнай өндіруші компаниялар 2,3 млн тонна жеткізген. Бұл ретте бизнес өкілдері мынадай ұсыныс жасайды.

  • МӨЗ-ге нарықтың барлық қатысу­шы­­ның кіре алу мүмкіндігі сақталуы керек;
  • Өңделген өнімдердің нарық үлесіне пропорционалды бөлігін ауыл шаруа­шылығы тауарын өндірушілерге беру ұсынылады;
  • Мұнайды ішкі және сыртқы нарықтарға бөлу механизмінде неғұрлым ашықтық пен тиімділікті қамтамасыз ету;
  • Инфрақұрылымдық нысандарға – темір жол, құбыр желілеріне қолже­тімділікті қамтамасыз ету;
  • Жер қойнауын пайдаланушылардың өз мұнайын кез келген сатып алушыға еркін сатуына жағдай жасау;
  • Есептілікті, уәкілетті органдармен құжат айналымын цифрландыру.

Нарықта өте көп көлемде сатып алу-сату мәмілелері жасалған кезде ғана әділ нарықтық баға қалыптасады. Ал егер бүкіл нарық қатысушылары атынан ҚМГ ғана жұмыс істеп, сол ғана МӨЗ-ге тасымал жасайтын болса, онда әділ баға, әділ нарық туралы сөз қозғаудың да қажеті шамалы дейді бизнес өкілдері.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз