Жәнібек ОРАЗАЛЫ: Мультфильм – келешекке құйылған инвестиция
Былтыр «Қазақфильм» киностудиясы жанынан «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі құрылды. Бұл ұлттық анимацияны дамыту жолындағы шығармашылық ұйымдарға тың серпін берді. Қазақ анимациясының іргетасын көрнекті кинорежиссер, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әмен Қайдар қалағанын білеміз. Биыл ардақты тұлғаның туғанына 100 жыл толады. Соған орай жақында «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі, режиссер Жәнібек ОРАЗАЛЫМЕН ұлттық анимацияның дамуы және осы салаға қатысты өзекті мәселелер туралы әңгімелескен едік.
– Жәнібек Нұрбекұлы, әңгімемізді Әмен Қайдардың тыңға түрен салған еңбегінен бастайық. Ол кісіні жақын таныдыңыз ба?
– Әрине. Өз басым Әмен атаның шәкірті болғанымды тағдырымның бір олжасы көремін. Анимациялық кино өнерінің мамандары ол кісіні «Қазақ анимациясының атасы» деп біледі. 1965 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтын бітірген жас маман 1967 жылы «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты тұңғыш анимациялық фильм жасап шығарды. Жас аниматорға аталған туындыны жасау оңай болған жоқ. Өйткені ол кезде елімізде анимациялық фильм түсіруді ешкім ойға да алмаған еді. Бірақ сол тұста қазақ киностудиясын басқарған Камал Смайылов жас режиссерге қолдау көрсетті. Сондай-ақ Әмен Қайдар қазіргі Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясынан анимация бөлімін ашып, осы саладағы мамандарды қалыптастырды. Шәкірт тәрбиеледі. «Қазақфильм» киностудиясынан академиялық анимация студиясының ашылуына мұрындық болды.
– Ұстазыңыздың тағы қандай қасиетін атап өтер едіңіз?
– 2004 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының анимация режиссурасы мамандығына оқуға келдім. Шығармашылық емтиханды Әмен атаның өзі алды. Емтиханнан кейін бәрімізбен жеке танысты. Жалпы, ол кісі қалжыңға бір мойнын бұрып тұратын, әзілқой адам еді. Кейде әдемі әзілдерімен езуімізді жиғызбайтын. 2005 жылы жазғы демалыста Тұрдыбек Майдан екеуміз «Ақ қасқыр» атты комикс кітап әзірледік. Бас-аяғы 54 беттен тұратын кітапқа ұстазымыз дән риза болды. «Енді мұны жинақ етіп шығаруымыз керек» деді. Сонда жасы ұлғайып қалса да, бізді ертіп алып, қоғамдық көлікпен бірнеше күн баспаларды аралады. Осы кезде оның ақкөңіл, бауырмал мінезіне тәнті болдым. 2009 жылы дипломымызды қолымызға алғаннан кейін курстастарымызбен бірге Астанаға келіп, анимациялық киностудия құрамыз деп шештік. Бір күні досым екеуміз Гимұрат Егінбайұлы ағайымызбен бірге мэтрдің көңілін сұрап бардық. Бұл кезде ол кісі төсек тартып, ауырып жатты. Бізді көріп жастықтан басын көтеріп, қуанып қалды. Алдында 15 минут отырып шығамыз дегенбіз, айтулы шебердің тебіреніске толы әңгімесін тыңдап, екі жарым сағат отырдық. Аяулы тұлға қоштасарда: «Дүние дөңгелек деген осы. Балтамен кіндігімді кескен туған жерім – Ақмолаға шөберелерім сендер кетіп бара жатырсыңдар. Сендер сол жақта қалып, анимацияны дамытыңдар. Енді менің орындалмаған арманымды сендер жалғаңдар», деп көзіне жас алып, батасын берді.
2009 жылы елордаға келгеннен кейін «Astana film» атты анимациялық киностудия ашып, жұмысымызды бастадық. Келесі жылы Қазақ ұлттық өнер университетінің магистратурасына түстім. 2012 жылы аталған жоғары оқу орнынан Бауыржан Нөгербек пен Болат Омар есімді ағаларымыздың қолдауымен «Анимациялық кино режиссурасы» мамандығы ашылды. Сонда сабақ бердім. Бүгінде осы мамандықты бітірген бірқатар талантты жастар еліміздегі анимациялық кино өнерінде танымал болып үлгерді. Мәселен, «ARA» студиясының негізін қалаған Мейіржан Сандыбай, «QAZART» студиясын құрған Сақиолла Қасиет, «Glen» онлайн оқу академиясын ашып, бізде ғана емес Италия, Ресей, Польша елдеріндегі жастарды оқытып жүрген Әділбек Баян, Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінде анимациялық кино мамандарын даярлап, «Juma pradaction» студиясын ашқан Сұлтан Жұмабекұлы секілді шәкірттерімді мақтанышпен айтамын. Осыған қарап, Әмен атамыздың батасы қабыл болды деп ойлаймын.
– Көрнекті тұлғаның ғасырлық тойына қандай іс-шаралар жоспарланып отыр?
– Мәдениет және спорт министрлігі Әмен Қайдардың жүз жылдығын республика көлемінде атап өтпек. Осы орайда министрлікке Астана, Алматы, Қарағанды, Көкшетау қалаларынан Әмен Қайдардың атына көше берілсе деген тілегімізді жеткіздік. Бұған министрлік қолдау көрсетті. Сондай-ақ Президентіміз өткен жылды «Балалар жылы» деп атады. Былтыр Қазақ анимациясына да 55 жыл толды. Биыл ұлт анимациясының негізін қалаушының мерейтойын атап өтеміз. Сондықтан Мәдениет және спорт министрлігіне осы үш оқиғаны ұштастырып, ескерткіш орнатуға және ардақты азаматтың өнегелі өмірі мен отандық анимация тарихын қамтыған екі кітаптың жарық көруіне қолдау көрсетуін сұрап, хат жаздық. Сонымен қатар өңірлерде Әмен атамыздың ғана емес, осы кезге дейін жасалған барлық үздік анимациялық фильмдерді көрсетіп, анимациялық кино апталығын өткізу ойымызда бар. Осыған байланысты облыстардан қолдау күтеміз. Сондай-ақ 2019 жылы Астанада алғаш рет Әмен Қайдар атындағы анимациялық фильмдер фестивалі өтті. 2020 жылы біз оны халықаралық деңгейге көтеріп, пандемияға байланысты онлайн өткіздік. 2021 жылы Түркістанда, 2022 жылы Алматыда ұйымдастырылды. Биыл енді тұғырлы тұлғаның мерейтойына орайластырып, Қарағанды облысында өткізуді жобалап отырмыз.
– Енді өзіңіз жетекшілік етіп отырған шығармашылық бірлестікке ойыссақ. Бір жыл ішінде қандай жұмыс атқарылды?
– Былтыр ұлттық анимациялық кино өнері үшін айтулы жыл болды. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазақфильм» киностудиясы жанынан «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі жаңадан жасақталып, қайта құрылды. Бірлестік 17 штатпен ашылып, оған мемлекеттен 1 млрд қаржы бөлінді. Біздің бірлестік екі бағытта жұмыс істейді. Біріншісі – анимациялық өндіріс, екіншісі – мамандарға арнайы білім беру. Өткен жылы конкурс арқылы шығармашылық бірлестікке 167 сценарий келіп түсті. Соның ішінен іріктелген 20 анимациялық жоба өндіріске жіберілді. Дәлірек айтқанда, Алматы, Астана, Шымкент, Түркістан, Петропавл қалаларындағы 20 анимациялық студия әрқайсысы 5 минуттық 20 анимациялық фильм жасады. Бұл туындылардың бәрі жоғары деңгейде шықты. Мысалы, Шымкенттегі «Сақ» студиясының «Айбынды ауласын» үздік мультфильм деп айта аламын. Елордадағы «AUA» студиясының «Үндеме» атты авторлық фильмі жоғары деңгейде жасалды. Алдағы таңда оны «Оскар» жүлдесіне ұсынуға болады. Сонымен қатар «Бақа шабақ», «Толағай», «Мақта қыз бен Марғау», «Ботай» секілді жобалар да қолдау тапса, әлемдік бәсекеге түсе алады. Ал «DGK» студиясының «Стеллер» мультфильмі бізде де әлемдік деңгейден кем емес жаңа технологияны игерген анимациялық студия бар екенін дәлелдейді.
Елімізде анимация мамандарын Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен оның колледжі, Қазақ ұлттық өнер университеті және Шымкенттегі Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжі даярлайды. Уақыт талабына сай анимациялық технология күн санап жаңарып отырады. Бүгін бір бағдарламаны үйренсеңіз, ертең басқа жобаны меңгеруіңіз керек. Ал оны жетік білетін мамандар бізде жоқтың қасы. Нансаңыз, оқу орындарынан «3D» форматындағы технологияны меңгерген маман табу қиын. Оқытушылардың дені классикалық білім береді. Ал «3D» форматындағы технологияны жастар өз бетімен үйренеді. Сондықтан бұл олқылықтың орнын толтыру үшін Франция, Испания, Жапония, Ресей, Польша секілді елдерден тәжірибелі мамандарды шақырып, шеберлік сағатын өткіздік. Мысалы, «Оскар» сыйлығына екі рет ұсынылған Константин Бронзиттің дәрісін студенттер ғана емес, кәсіби режиссерлердің өзі тыңдайды. Одан кейін отандық 20 студия өкілдері, Қазақ ұлттық өнер университеті және Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының сегіз студенті Франция, Португалия, Түркия, Польша секілді елдерге он күн оқу-тәжірибе алмасуға барды. Енді олар өздерінің сол жақтан үйреніп келген тәжірибесін әріптестерімен бөлісіп, өндірісте пайдаланады.
– Ұлттық ертегілеріміз бен аңыз-әңгімелерімізде анимациялық фильмдерге лайықты кейіпкерлер өте көп. Соларды түсіру ойларыңызда бар ма?
– Қазір әлемге әйгілі деген ірі анимациялық компаниялар өз елдерінің қазыналарын тауысып, өзге халықтардың аңыздарын жаңа заманға лайықтап түсіре бастады. 2008 жылы «Ертөстік» ертегісінің желісімен анимациялық фильм жасалды. Бірақ ол өз деңгейінде шықпады. Кемшін тұстары бар. Егер оны білікті мамандар қолға алып, қайтадан жаңғыртса артық емес. Сондай-ақ жаугершілік заманда Дешті Қыпшақ даласынан тұтқынға алынып, жат жерде ерен ерлігімен, асқан қабілетімен құлдан қайраткерлікке дейін көтерілген Сұлтан Байбарыс туралы анимациялық туынды түсіруге болады. Бір жағынан, биыл бабамыздың 800 жылдығы тойланады. Дайын тұрған кейіпкер. Қазақ ертегілерінде қазына тұнып тұр. Мәселен, Жезтырнақ, Таусоғар, Желаяқ, Көл таусар, Алдар көсе, Толағай – дайын анимациялық бейнелер. Шетінен алып, түсіре бергіміз келеді. Бірақ оған қомақты қаржы қажет. Қолымызды сол байлайды.
– Анимациялық фильмді жасаудың көпшілік біле қоймайтын қандай ерекшеліктері бар?
– Бәзбіреулер анимациялық туындыларды компьютер алдында ойнап отырып істейді деп ойлайды. Мәселен, бір кейіпкердің 1 секундтағы қимылына 24 кадр сурет салады. Дәл осындай 5 секундтық дүниеге маман бір апта уақытын жұмсайды. Тіпті ол айға да созылады. Шыңдап келгенде, бұл көздің майын тауысып, табандылықты қажет ететін машақаты мол еңбек. Бірақ өз ісіне жан-тәнімен берілген адам бұдан ләззат алады. Анимациялық кино жаңа компьютерлік технологиялардың көмегімен жасалады. Бүгінгі таңда технологиялар қарқынды дамып жатыр. Егер соны уақытында игермесең, саған сұраныс болмайды. Кейін қала бересің. Сондықтан біздің мамандар үздіксіз ізденісте жүреді.
– Біздің туындылар әлемдік брендке айналған анимациялық фильмдерге бәсеке бола ала ма?
– Қазір біздің анимациялық фильмдер бәсекеге қабілетті деп айта аламын. Мысалы, «Мұзбалақ» фильмі Германия, Израиль, Ресей, Франция, Үндістан, Түркия қатарлы әлемнің алты елінде өткен байқаулардағы түрлі аталымда бас жүлдені иеленді. Маржан Жұбаныш есімді жас режиссер анасы Үміт Жұбаныш екеуі өз қаржысына «Шаңырақтың иесін іздеп жүрміз» атты фильм жасады. Бұл туындыда режиссердің ой-өрнегі, шешімі мүлде бөлек. Ұлттық ерекшелікке бай. Жақында осы фильм Токиодан бас жүлдемен оралды. Алдында Түркияда өткен фестивальде де топ жарған. Сонымен қатар Англияда өткен мыңнан астам жобаның ішінен он үздік анимациялық фильм қатарына енді. Режиссер Дилшат Рахматулиннің «Бесік жыры» фильмі де Түркия, Англия елдерінен олжамен оралды.
Мәселен, Жапонияда анимация саласынан түсетін табыс, біздегі мұнайдан құйылатын қаржыдан әлдеқайда қомақты. Оңтүстік Корея, АҚШ, Қытай, Ресейдің анимациялық кино бизнесіне қызығамыз. Біз де сол деңгейге жетсек қой деп армандаймыз. Бұйырса, оған да жетеміз. Біздегі студиялардың әлем елдеріне арналған мультфильм түсіріп, оны брендке айналдыруға мүмкіндігі бар. Өйткені оған білікті маман да, база да жеткілікті. Талантты жастар өте көп. Тек мемлекет жағынан қолдау болса дейміз. Мысалы, шығармашылық бірлестікте өндірілетін анимациялық фильмдерді қаржылық қолдауды үш жыл қатарынан 100 пайыз, одан соң тағы екі жыл 75 пайыз, содан кейінгі үш жылға 50 пайыз және екі жыл 30 пайыз қолдау көрсетсе жеткілікті болар еді. Содан кейін студиялар мемлекет қолдауынсыз өз өнімдерін өздері шығарады. Бүгінде АҚШ, Жапония, Қытай, Ресей, Еуропа елдеріне тапсырыспен жұмыс істеп жүрген талантты жастарымызды өзге елдің анимациялық өндірісінде ақша қуалаған қара жұмысшы қылмай, жеке режиссер, абыройлы маман етіп шығаруымыз керек. Егер осындай дарынды жастарға қолдау болмаса, олар басқалардың анимациясын дамытуға үлесін қосады. Қазақтың ұлттық анимация саласында да өз Димашы бар. Тек соны мемлекеттік қолдау арқылы әлемдік деңгейге алып шықсақ дейміз.
– Анимация саласындағы проблемаларға тоқталсаңыз…
– Бүгінде ұрпақ тәрбиесі ең өзекті мәселе болып отыр. Ал ізгілікті, адамгершілікті, отанды сүюді, қысқасы, адам бойында қандай жақсы қасиет бар соны насихаттаған отандық анимациялық фильмдерді көрген жеткіншек саналы азамат болып қалыптасады. Осыдан-ақ оның маңызы зор екенін байқайсыз. Бір сөзбен айтқанда, анимация – келешек ұрпақты тәрбиелеуге құйылған инвестиция. Біздің бірлестік құрылғанға дейін бұл салада жұмыс онша жүрмеді. 2013 жылдан 2017 жылға дейін мүлде тоқтап қалды. 2017 жылы ғана екі толықметрлі анимациялық фильм жасалды. Одан кейін қысқаметрлі бір сериал шықты. Ұлттық киноны қолдау орталығы 2019 жылы құрылғанымен бүгінге дейін 10-нан аса қысқаметрлі анимациялық фильм жасалды. Ал «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің толықметрлі анимациялық кино жасауға, сериал түсіруге заңдық тұрғыда құқығы жоқ. Себебі бұл Ұлттық киноны қолдау орталығы арқылы ғана іске асады. Бір жағынан, осы да бізге кедергі болып отыр.
Проблема дегенде, бірінші – біздің бірлестік өз алдына базасы мен ғимараты бар, бөлек шаңырақ болса деп ойлаймыз. Бұл өнердің даму талабы. Елімізде пандемия кезінде кино түсіру саласымен бірге анимация да жұмыс істеген жоқ. Бірақ анимациялық туындылар компьютерлік технологияның көмегімен қашықтан жасалады. Осы жағдай да бірлестіктің бөлек шаңырақ болып құрылуына айқын дәлел болады.
Екінші – шығармашылық бірлестік студияларға конкурсты өзі жарияласа деп ойлаймыз. Өйткені Ұлттық киноны қолдау орталығында жыл сайын конкурс өтеді. Сол комиссияға бір ғана анимация маманы кіреді. Кейде ешкім де болмай қалады. Кейде осыдан түсініспеушіліктер туады. Мысалы, бұған дейін Ұлттық киноны қолдау орталығының байқауына екі жыл қатарынан ұсынылып өтпеген «Сақ» студиясының «Айбынды аула» жобасы біздің бірлестіктен қолдау тауып, 20 жобаның ішіндегі ең үздік туынды атанды. Сондай-ақ «Astana film» жастар кино студиясының «Бала ғарышкер» атты толықметрлі анимациялық фильм жобасы да төрт жыл бойы конкурстан өте алмады.
«Балапан» арнасы қаржысы аз болса да анимациялық студиялардың жұмыс істеуіне, осы саладағы мамандардың жан-жаққа тарап кетпеуіне мүмкіндік берді. Бірқатар студияның құрылуына септігін тигізді. Балаларға арналған анимациялық фильмдерге де тапсырыс беретін осы арна. Үшінші мәселе осы жерден туып отыр. Кейінгі екі-үш жылдың көлемінде аталған арна «біз тек «3D» форматында жасалған фильмдерді ғана береміз» деп, «2D» форматындағы туындыларға тапсырыс бермейтін болды. Егер бұл шешімді қабылдағандар «2D» форматы сапасыз, «3D» форматы сапалы десе қатты қателеседі. Әлемдегі «Nickelodeon», «Tiji», «Мульт» және «Карусель» секілді шетелдік балалар телеарналардың 60-70 пайызы «2D» форматында жасалған анимациялық фильмді көрсетеді. Еліміздегі төрт бірдей оқу орнында «3D» форматында емес, тек «2D» форматындағы мамандар даярланады. Сонда қаншама жыл бойы мемлекеттік грантпен және ақылы түрде оқыған түлектеріміз қайда барып жұмыс істейді? Сондықтан телеарнаның қойып отырған талабы орынсыз.
Төртінші – жоғары оқу орындарында анимациялық кино режиссерлігіне түсуге талпынған жастар жыл сайын артып келеді, бірақ грант саны шектеулі. Бұрын бір жылға 2-3 грант қана бөлінсе, кейінгі жылдары 20-30 студентке 6-7 грант бөліне бастады. Бұл да аз болып тұр. Жоқ дегенде, оқуға түсуге келген талапкерлердің 50 пайызына грант бөлінсе деп ойлаймыз.
Сонымен қатар былтыр Ұлттық киноны қолдау орталығы «Ашина», «Өркеш», «Алмалы» атты толықметрлі үш анимациялық фильмді өндіріске жіберді. Үшеуі де биыл жыл соңына дейін аяқталуы керек еді. Ұлттық киноны қолдау орталығы дайындық кезеңінде жүрген үш жобаны шығармашылық есебі дұрыс емес деп сотқа берді. Анимациялық өндірісте алды он жылдан артық жұмыс істеген, беделді, тәжірибелі танымал режиссерлеріміздің еңбегін осылай жоққа шығаруы жүрегімді мұздай қарыды.
– Отандық туындыларға телеарналардан сұраныс бар ма?
– Жоғарыда айтқанымдай, елімізде ұлттық анимациялық фильмдерді жалғыз «Балапан» арнасы ғана көрсетеді. Кейбір арналар аударма туындыларды ұсынады. Бірақ олар бізге тапсырыс бермейді. Мәселен, «Балапан» арнасы алты жасқа дейін балаларға арналған. Ал 6-12 жасқа дейінгі жеткіншектерді қайда қоямыз. 12 жастан жоғарылар да қоғам назарынан тыс қалмауы қажет. Сондықтан еліміздегі телеарналар балаларға арнайы уақыт арнаса жақсы болар еді. Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі, Оқу-ағарту министрліктері де балаларға отансүйгіштік рухтағы туындыларды түсіруге тапсырыс берсе, біз оны жүзеге асыруға дайынбыз. Әрине, аударма фильмдердің өз орны бар. Тілдің дамуына да оң әсерін тигізеді. Бірақ аударманың бағасы арзан деп, өзіміздің ұлттық анимациялық фильмдерге қырын қарамаса екен. Қазір шетелдік анимациялық туындыларды аударып, оларды балаларға көрсетіп жатқан арналарды білеміз. Бірақ соның ішінде ұлттық болмысымызға қайшы дүниелер де кездеседі. Осыған абай болған жөн.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Азамат ЕСЕНЖОЛ
(Дереккөз: egemen.kz сайтынан алынды)