«Иә, қазақпын, жолдас Сталин!» — Бауыржан Момышұлы

0
235

Оқырман назарына Аманкелді Ормантай жазып, жеткізген Бауыржан Момышұлы мен Сталиннің кездесуі жайлы естелікті ұсынамыз.

«…Кештің өзі әсерлi өтті. Далаға төселген киіздің үстінде көп әңгіме айтылды. Баукең ерекше әңгіменің есігін айқара ашып тастады. Осыны пайдаланған ауыл азаматтарының бipi Баукеңе: «Бауке, сіздің Сталиннің қабылдауында болғаныңызды ел әртүрлі ерекше айтады. Аңызға да айналдырады. Егер мүмкін болса соны өз аузыңыздан естісек» деген тілек айтып еді, көпшілік:

– Рас, Бауке, соны өз аузыңыздан естісек.

– Біздің білгіміз келеді.

– Айтып берсеңіз, — деген тілектер қарша борады.

Бұл тақырыпқа Баукең көп бармайтын, бұл жолы қалай болар екен, айтса екен деп мен де айтып отырмын. Жоқ, Баукең көптің көңілін қайтарған жоқ. «Ал ендеше, тыңдаңдар!» деп бip гүр етіп алды да жаймен әңгімесін бастады.

– Ол кезде қанды соғыс аяқталған. Мен болсам Академияда окып жүрген болатынмын. Бұл оқу орнының бастығы маршал Захаров еді. Сабақ жүріп жатқан кез. Meнi сабақ жүріп жатса да маршал Захаров шақыртты. Себебін білмедім. Әскери тәртіппен маршалға кіріп, келгенімді баяндадым. «Жолдас полковник, деді ол, — сізді төменде машина күтіп тұр, сонымен барып келіңіз. Соңынан қайда, кіммен болғаныңызды маған айтып келерсіз», деді. Далаға шықтым. Маршал айтқандай, сыртта жеңіл машина тұр екен. Одан көк фуражкелі майор шығып, маған әскерше сәлем берді. Сонан соң маған «Машинаға отырыңыз», деді. Отырдым. Таңданғаным да рас. Соғыс кезі болса бірсәpi. Бейбіт күнде мені қайда алып бармақ. Біз Кремльден бірақ шықтық. Жоғары кетеріліп, мені Сталиннің кабинетіне кіргізді. Мен кірген соң Сталин отырған орнынан тұрып, маған қарсы жүрді.

– Жолдас Момышұлы, ciз қазақ екенсіз ғой, – деді. Мен: «Иә, қазақпын, жолдас Сталин!» дедім. Сталиннің сауалдарына тік тұрып жауап беріп тұрмын. Ол маған «Қалай ішеміз бе?» деп еді, рахметімді айтып, шай да ішпедім.

– Мен қазақтармен көп араласқан жоқпын, — деді Сталин. Оларды жақсы білмеймін. Бipaқ Tұpap Рысқұлов пен Нәзір Төреқұловты жақсы білемін. Ол маған тағы бipaз сұрақ қойды. Байқаймын әңгімеміз жараспады-ау деймін. Ол кетуіме рұқсат берді. Meні осында алып келген майор сол машинамен қайта әкеліп тастады. Қоштасарда ол менің қайда болғанымды, кіммен кездескенімді ешкімге тic жарып айтпау керек екенімді ескертті.

Маршал Захаров мені майордың қайта әкеліп тастағанын терезеден көріп тұр екен, шақыртты.

– Ал, айта бер, полковник, қайда болдың? — деп сұрады.

– Мен оған «Мне приказано об этом никому не говорить», — деп жауап бердім.

– Маған, академияның бастығына айтуға болатын шығар. Қорықпаңыз, айта беріңіз, — деді ол қатал дауыспен. Мен оған тағы да: «Мне приказано об этом никому не говорить», — деп алдыңғы жауабымды қайталадым. Ол мына қиқар қазақтан ешқандай жауап ала алмайтынын білді ме «Бара бер!» деп дауыстады. Мен өкшемді сарт еткізіп, бұрылдым да кете бардым. Міне, Сталинмен болған кездесуімнің бар шындығы осы, – деп аяқтады Баукең әңгімесін.

Аманкелді Ормантай

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз