Заңсыз шығарылған активтер қайтарылады

0
209

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті – еліміздің аграрлық саласына білікті мамандар даярлауда көшбасшы жоғары оқу орны. Осыдан біраз уақыт бұрын университетке қарасты мүліктердің жекеменшікке өтіп кеткеніне тиісті орындар назар аударып, тексеру жұмыстары қолға алынғаны белгілі. Аграрлық білім мен ғылымның қара шаңырағында туындаған біраз былық пен заңсыздық білім сапасы мен инфрақұрылымдық дамуына кері әсер етіп қана қоймай, көптеген мәселенің қордалануына алып келді.

Жақында университетінде өткен Ғылыми кеңесінің кеңей­тілген отырысында оқу орнының меншік құқығындағы бірқатар нысанды қайтару мәселесі қа­ралды. ЖОО басшылығы, құры­лым жетекшілері, факультет декан­дары мен профессор-оқыту­шылар құрамы қатысқан жиын­да 30 жыл ішінде университет балансынан шығарылған актив­тердің заңдылықтарын анық­тау жұмыстарының алғашқы қорытындылары жарияланды.

Отырыста ҚазҰАЗУ басқар­ма төрағасы – ректордың инфра­құрылымды дамыту және әлеу­мет­тік мәселелер жөніндегі орын­­­­­басары Қуат Сұлтанғазиев «Инфра­­­құрылымның даму мәсе­лелері мен оларды шешу жолдары» туралы баяндама жасап, ғалымдар университет балансынан шығып кеткен ірі көлемді активтерді қайтару мәселесін көтерді. Отырыста ғалымдар да осы мәселеге алаңдаушылық біл­діріп, ұсыныстарын жеткізген еді.

Оқу ордасының нысанындағы меншіктерге қатысты туындаған мәселелерге орай қойған сауалда­рымызға ҚазҰАЗУ бірінші проректоры Пірімқұл Ибрагимов «Атал­ған оқу орнына тиесілі мүлік­ті қайтару жұмыстары өт­кен жылдан бері қолға алынып келеді», деп жауап берді. Про­ректор атап өткендей, Бас про­куратураның тапсырмасына сәйкес қазіргі кезде тексеру жүріп жатыр. Осы орайда Алматы қала­сы Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-әрекет агенттігіне тиіс­­­ті ақпараттар мен құжаттар бе­ріл­ген. Ендігі кезекте тексеру қо­ры­­тындысына орай оқу ор­ны меншігіндегі активтерді қай­тару барысы анықталмақ. Соны­мен бірге университеттің инфра­құ­рылымдық дамуын жеделдете отырып, студенттерге жағдай жасау мақсатындағы шаралар да жүйеленуде. Осы мақсатта оқу орнында эндаумент қор ашылып, үздік жобаларды қолдау, аудиториялар мен зертханаларды заманауи жарақтау ісіне де көңіл бөлініп отыр.

Қазіргі кезде университет­тің мүлкіне қатысты мәселені «Amanat» партиясы да жіті бақы­лау­да ұстап отыр. Парламент Мә­­­жі­лісінің депутаты Е.Саиров пар­тия жанындағы сыбайлас жем­қор­лықпен күрес жөніндегі кеңес тиісті орындармен бірлесіп тексеру жүргізіп жатқандығын әрі оның нәтижесінің алдағы уақытта хабарланатындығын жеткізген болатын.

Ректордың инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік мәселе­лер жөніндегі орынбасары Қуат Сұлтанғазиев ұсынған мәлімет­терге сүйенсек, бүгінде универ­ситетте 12 оқу ғимараты, 7 сту­дент­тік және 2 отбасылық жатақ­хана, магистранттар мен док­торанттар үйі бар. Алматы облысы аумағында «Саймасай» және «Байбұлақ» атты екі оқу-тәжірибе шаруашылығы жұмыс істейді. Бірақ оқу орнының бү­гінгі ма­териалдық-техникалық негізін дамыту жағы өзге жоға­ры оқу орындарынан артта қа­лып қойған. Шешілмеген мәсе­ле­лер жеткілікті. Десек те ректор Ақылбек Кү­ріш­баев­тың басшылығымен оқы­тушылар­дың жалақысын көтеру, сту­денттердің сапалы білім алуы­на қолайлы жағдай жасау мен инфрақұрылымдарды дамытуға басымдық беріліп отыр.

«Кейбір қызметкерлердің қызмет бабын асыра пайдалануынан жатақханалар бейтаныс адамдарға беріліп, жеке кәсіпке айналып кеткен. Осы орайда 65 жекеменшік колледж студенті мен тұруға мүлде құқығы жоқ 100-ден астам бейтаныс адам университет жатақханасынан шығарылған. Басқарма жатақханадағы тұру құнын нарыққа сай қайта қарас­­тырып, белгілеген. Бүгінде сту­денттерді жайлы, ыңғайлы жатақ­ханада тұрады деп айту өте қиын. Осы орайда келесі жылдан бастап жатақханалар мен оқу корпустарына кезең-кезеңімен күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр», деді Қ.Сұлтанғазиев.

Оқу орнының инфрқұрылым­дық мәселелерін талқылай келіп, ғалымдар баланстан шығып кет­кен ірі көлемді активтерге тоқ­тал­ды. Атап айтқанда, 1000 төсектік орын, 3 студенттік жатақ­хана, жалпы ауданы 18828,5 шар­шы метр 5 оқу-зертханалық ғи­мараттар, жалпы ауданы 1,8 га 1 стадион, оқу спорт кешенімен, жалпы ауданы 700 шаршы метр әкімшілік-шаруашылық ғима­раттары мен өзге де жылжымай­тын мүлік нысандары, университет ғимараттарына іргелес – жалпы ауданы 5 гектарға жуық жер телімдері, университеттің Ал­маты облысындағы Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарында орналасқан оқу-тәжірибелік шаруа­шылықтарындағы 12 га жер телімдері бар.

Ал оқу орны балансынан ер­те­рек­те жекеге шығып кеткен жыл­­жымайтын мүліктер қата­рында Алматы қаласы Назарбаев даңғылы, 176 мекенжайында ор­наласқан «Агрономия» факуль­тетінің студенттік жатақхана тұр­ғын үйге айналса, Абай даң­ғы­лы, 30 мекен жайындағы «Зооин­женерия» факультетінің жалпы аумағы 4047 шаршы метр сту­денттік жатақхана, соны­мен қатар Абай даңғылы, 26а мекен­жайындағы жалпы көлемі 10431 шаршы метр аумақ­тағы «Зооин­женерия» және «Ветери­на­рия» факультеттерінің лабора­то­рия­лық оқу ғимараттары, Бостандық ауда­ны, Сәтбаев көшесі, 7а мекен­жайындағы «Зооинженерия» фа­культетінің жалпы көлемі 1684,6 шаршы метр жатақханасының бір бөлігі, 0,3076 га жер телімі де бар көрінеді.

Бұл тізімді жер телімімен қоса 2001 жылғы 14 желтоқсандағы №2032 сату-сатып алу келісім шарты бойынша «Халықаралық бизнес университетіне» жекемен­шікке өтіп Абай даңғылы, 8а ме­кен жайындағы «Ауыл ша­руа­­шылығын электрофикация­лау» факультетінің оқу ғима­раты толықтырады. Сонымен қа­тар Абай даңғылы, 8-8 мекен­жайын­дағы «Ауыл шаруашы­лы­ғын механизациялау» факуль­теті оқу ғимаратының бір бөлігі, жалпы аумағы 997,5 шаршы метр, (0,0388 га) жер телімімен қоса 2001 жылғы 6 маусымдағы «Үстел теннисі федерациясы» ҚБ-іне №1963 мемлекеттік мен­шікті сату-сатып алу келісім шар­­ты бойынша жекеменшікке бе­рілген. Абай даңғылы, 28 мекен­жайындағы жалпы аумағы 1206,0 шаршы метр стадион (спорт залымен) және 1,8051 га жер телімі 2007 жылы, ал Абай даңғылы, 8 мекен жайындағы әкімшілік-ша­руашылық ғимараттары (0,3083 га) жер телімімен қоса 2006 жылғы 20 қарашада, сондай-ақ Абай даңғылы, 28 мекен жайындағы Оқу және әкімшілік ғимараттары, құрылысы бітпеген нысан мен (0,9051 га) жер телімі «Ирида инвест» ЖШС-ның жекеменшігіне өтіп кеткен.

Ал қалалық әкімдіктің ше­шімі­мен университет аума­ғын­дағы «Рамс Қазақстан» ЖШС көп пәтерлі тұрғын үй құрылысы да тоқтатылған.

Оқу орнының басшылығы қа­зіргі кезде жалға берілетін тұрғын емес жайлар мен ал­қап­тардан түскен кірістерді зерттеуге де аса мән беріп отыр. Жалға алушы­лардың келісім шарты бойынша 2021 жылы бір жылда университет шотына 30 миллион теңгеден аса қаржы аударылса, 2022 жылдың қаңтар-қараша аралығында 40 миллион теңгеге жуық қаржы түскен. Сол мерзімде жаңа басшылықтың қолға алуының арқасында университет шотына жылдың соңына дейін аударылған қаржы мөлшері 68 миллион теңгені құрап, 35 жалдау шарты жасалып отыр. Биыл 4 айда 44 жалға алушыдан университет шотына 62 миллион теңгеден астам қаржы түскен. Бұған дейін коммуналдық төлем мүлде алынбай келген. Ендігі кезекте өткен жылдың төлемі талап етілген. Ал осы жылдың соңына дейін жал­ға алушылардан 350 миллион теңгеге жуық қаржы түседі деп жоспарланып отыр. Тағы бір айта ке­тетін жайт, биыл Алматы қа­ласы мен Алматы облысының ауыл шаруашылығы саласын қар­жы­­ландыратын Аграрлық несие кор­порациясымен университет тара­пынан кеңсені жалға беру туралы келісім шарт жасалды.

«Саймасай» және «Бай­бұ­лақ» оқу-тәжірибе шаруашы­лық­тарындағы студенттер үй­лері апатты жағдайда тұр. Қа­зір­гі таңда жалпы сомасы 51 млн теңгеге күрделі жөндеуге жо­­­ба­­лық-сметалық құ­жат­тама әзір­­­­леніп, «Байбұлақ» оқу-тәжі­рибе шаруашылығында әкім­­ші­лік ғи­мараттар мен екі жа­тақ­­ха­на­ның маңында орналасқан жер телімін заңдастыру жұ­мыс­та­ры жүргізілуде. Оқу орны басшы­лығының жоспары­на сәйкес әкім­шілік ғимараттар, жатақханалар зама­науи реңкке енетін болады. Ал биыл «Айдарбаев» шаруа қо­жа­лығымен «Саймасай» учас­кесінде жалпы көлемі 380 гектарға қатысты бірлескен қызмет туралы келісім жасалған. «Айдарбаев» шаруа қожалығы – егін және мал шаруашылығымен айналысатын, сонымен қатар 1000 басқа арнал­ған сүт-тауарлы фермасы бар, 350 гектар аумақта бау-бақ­ша өсіретін ірі шаруашылық. Ша­руашылық өз зауытында кө­к­ө­ніс өнімдерін өңдеумен айна­­лы­сады. Университет бас­шы­лығы бұл компаниямен ынты­мақ­тастық, ғалымдарға селек­ция­­лық және технологиялық жетіс­­тіктерді сынауға, бейімдеуге жә­не тираждауға, сондай-ақ егін­ші­лік, ауыл шаруашылығы, өсім­дік шаруашылығы, мал шаруа­шылығы, тұқым шаруашы­лығы, селекция, мал азығын өндіру өн­діріске енгізуге мүмкіндік бере­ді деген сенімде. Бүгінде осын­дай бірлескен келісім шарттар нәтижесінде университет шоты­на жылына 50 млн теңге қара­жат аударып отыратын болады. Қазіргі кезде студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне орай аталған шаруашылық университет жатақ­ханасын жөндеуден өткізді. Бү­гінде 300 гектарға жүгері да­қылы себілген. Ал Байбұлақ ауы­лында орналасқан университет балансынан шығарылған 1,2 гектар жерді қайтару жұ­мыстары жүргізіліп жатыр. Со­нымен қатар университеттің спорт­тық-сауық­тыру жұмыстарын жақ­сарту мақсатында 200 орын­ға арналған стадионды жаң­ғыр­ту жоспарланған. Студент­тер­ді жазғы демалыс кезінде жұ­мыс­­қа орналасуын тиімді ұйым­дас­тыру үшін «Жасыл ел» жасағы жұмысын бастап кетті.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз


  • Notice: Undefined offset: 0 in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/rubik_core.php on line 1213

    Notice: Trying to get property 'term_id' of non-object in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/rubik_core.php on line 1213


  • Notice: Undefined offset: 0 in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/rubik_core.php on line 1213

    Notice: Trying to get property 'term_id' of non-object in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/rubik_core.php on line 1213


  • Notice: Undefined offset: 0 in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/rubik_core.php on line 1213

    Notice: Trying to get property 'term_id' of non-object in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/rubik_core.php on line 1213