Елімізде 97 мың балабақша тәрбиешілері үшін жалақы тағы 30% өседі, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылдың қаңтарынан 2023 жылдың қаңтарына дейін білім беру қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын 25 пайызға өсті. 2023 жылы қыркүйектің 1-нен бастап тағы 30 пайызға артады. Осылайша, 97 мыңнан астам мұғалімнің жалақысы 2,5 есе өседі.
Мемлекет басшысының қолдауымен іске асырылатын педагогтердің жалақысын жыл сайын арттыру оң нәтиже береді. Мектепке дейінгі білім беру жүйесінің кадрлық әлеуетін күшейту мақсатында оларды даярлау, біліктілігін арттыру және аттестаттау жүйесін жетілдіру, әлеуметтік мәртебесі мен жалақысын арттыру жолымен министрлік жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Әдістемелік кабинеттер жанынан мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогтеріне әдістемелік көмек көрсету үшін мобильді топтар құрылды, – деді департамент директоры Наталья Жұмаділдаева.
«Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» бағыты мен мамандығы бойынша кадрларды даярлау 39 ЖОО мен 119 колледжде жүргізіледі. Колледждер мектепке дейінгі ұйымдармен бірлесіп, өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, «Педагог» кәсіби стандарты негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлейді және оқу бағдарламалары мен жоспарларын дербес жаңартады. Педколледждерге қойылатын біліктілік талаптары қайта қаралды. Биыл мектепке дейінгі білім берудің 20 мыңнан астам педагогі біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.