Жаңа әкім полицияға көгершіндерге жем шашқандарды жазалауды тапсырды

0
229
фото: ашық дереккөз

Атырау қаласының әкімі болып тағайындалғанына бір ай болған Шәкір Кейкин Facebook-тегі парақшасында көгершіндерге жем шашқандардың жазаланатынын ескертті.

Оның айтуынша, құстар Қаныш Сәтбаев ескерткішін ластап жатқан көрінеді.

Қаламыздың аға буын өкілдерін, көзі ашық, көкірегі ояу әр азаматты мазалайтын мәселелердің бірі – қаламызда орналасқан қазағымыздың мақтанышы, ұлт зиялысы, еліміздің тұңғыш академигі Қаныш Имантайұлы Сәтбаев ескерткішінің бүгінгі сиқы. Бұған себеп, ел сыйлаған ағамыздың жалғыз ескерткішінің басына көгершіндер қонып, құстардың мекеніне айналған. «Арнаулы автобаза» қызметкерлері қажетті тазалық жұмыстарын жүргізгенмен, бұрынғы қалпына қайта түсіп жатыр. Осы мәселені шешу үшін бүгін учаскелік полиция, «Арнаулы автобаза» ЖШС-нің басшысы және жауапты бөлім басшыларымен бірге аталған орынға барып қайттым. Расымен тазалық жұмыстары жүргізілгенмен, қайтадан қоректенуге келген құстардың саңғырығынан алаңда аяқ алып жүру мүмкін емес, — деп жазды әкім.

Сондықтан ол қала тұрғындарына ол жерге барып, құстарды қоректендірмеуге ұсыныс жасап отыр. Онымен қоймай, енді ескерту ретінде арнайы хабарландыру жазылып та таратылатын болады.

«Өмірден өткен ұлы тұлғаларға ескерткіш орнату – еліміздің тарихын, елдігімізді білдіреді. Осыған байланысты полиция басшылығына алдағы уақытта көгершіндерге тамақ қалдығын тастаған азаматтарға абаттандыру қағидасын бұзғаны үшін құқықбұзушылық талаптарына сай шара қолдануды тапсырдым», — деді Шәкір Кейкин.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз