«Қазақстан» шахтасындағы апат: 8 кеншінің жағдайы орташа ауыр

0
246
Фото: gov.kz

Қарағанды облысының әкімдігінде аппараттық кеңес бір минут үнсіздіктен басталды. Мемлекеттік қызметшілер «Қазақстан» шахтасында өрт кезінде қаза тапқандарды еске алды.

«Мен 222 адамды жедел эвакуациялауға көмектескен құтқарушылардың еңбегін атап өткім келеді. Өкінішке орай, бес кенші қаза тапты. Компания қаза тапқандардың отбасылары алдында міндеттеме алды. Барлық қажетті төлемдер жасалады. Апатты тергеу жөніндегі комиссия құрылды, оның құрамына барлық жауапты мемлекеттік органдар кірді», – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Зардап шеккен 13 адам ауруханада ем алып жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, 8 кеншінің жағдайы орташа ауыр дәрежеде, қалғандарының жағдайы қанағаттанарлық.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ Тау-кен сегменті атқарушы директорының орынбасары Сергей Огайдың айтуынша, шахтада өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Бүгінгі таңда шахтаның 672 қызметкері Көмір департаментінің басқа кәсіпорындарына ауыстырылды. Қызметкерлерде шахтаның тіршілігін қамтамасыз ету және әскерилендірілген құтқарушылардың жұмысына көмек көрсететін адамдар ғана қалды, — деп хабарлады компания өкілі.

Еске салайық, 17 тамыз сағат 10:00-де «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға қарасты «Қазақстан» шахтасында конвейер таспасы өртеніп, апат болды.

Шахтадан 222 адам шығарылды, алты адам ауруханаға жатқызылды. Өрт шыққан күні шахтадан 2 адамның, кейіннен 3 адамның мәйіті табылды.

Өрт шыққан 170 метр тереңдіктегі шахтада 227 адам болған. Сол күні 222 кенші жер бетіне шығарылды.

Шахтада қаза тапқан 5 кеншінің аты-жөні:

  • Стешин Денис Геннадьевич, 1978 ж.т., 4 разрядты жерасты үңгушісі, еңбек өтілі 21 жыл;
  • Халиков Артур Ринатович, 1994 ж.т., 4 разрядты жерасты электршебері, еңбек өтілі 10 жыл;
  • Бургун Виктор Сергеевич, 1966 ж.т., 5 разрядты жерасты электршебері, еңбек өтілі 39 жыл;
  • Слюньков Виталий Владимирович, 1965 ж.т., 5 разрядты жерасты электршебері, еңбек өтілі 39 жыл;
  • Старовойт Илья Александрович, 1996 ж.т., 3 разрядты жерасты электршебері, еңбек өтілі 4 жыл.

Бұған дейін ҚР бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов «Қазақстан» шахтасындағы өрттен қаза тапқан кеншілердің отбасына қандай көмек көрсетілетінін айтты.

«Бұл мекемеде ұжымдық шарт бар. Жұмысшы мен жұмыс берушінің арасында 2022-2024 жылдарға құрылған. Сол ұжымдық еңбек шарты аясында қаза тапқан азаматтардың отбасына бірқатар жағдай көрсетіледі. Атап айтсақ, 10 жылдық жалақысын төлеп беру, пәтер алып беру, балаларының оқуға түсуіне жағдай жасау сияқты бірқатар әлеуметтік көмек бар», — деді ҚР бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ