Еліміздің бірнеше өңірінде дауылды ескерту жарияланды
Қазгидромет синоптиктері 25 қыркүйек, дүйсенбіге арналған ауа райы болжамын ұсынды.
Антициклонның әсерінен Қазақстан аумағының көп бөлігінде жауын-шашын жаумайды.
Тек еліміздің шығысында атмосфера фронттарының әсерінен жаңбыр, таулы аймақтарда жауын-шашын (жаңбыр, жылбысқы қар) болады.
Республика бойынша түнде және таңертең тұман түседі, оңтүстікте, шығыста екпінді жел соғады.
Шығыс Қазақстан облысының шығысында, Қарағанды облысының солтүстігінде, шығысында түнде 1-3 градус үсік жүреді, Ақмола облысының шығысында түнде топырақ бетінде 1 градус үсік болады.
Қызылорда қаласының орталығында, шығысында, оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.
Жамбыл облысында, Қарағанды облысының оңтүстігінде, Ұлытау облысында, Түркістан облысының шөлді аудандарында өрт қаупі жоғары.