«Міржақып. Оян, Қазақ!» фильмінің прокаттан не себепті алынғаны түсіндірілді
фото: qazaqstan.tv
15 күнде фильмді 140 мыңнан астам адам көріп үлгерді
«Міржақып. Оян, Қазақ!» фильмі Kinopark пен Kinoplexx кинотеатрларында көрсетілді.
Компанияның PR-директоры Ерлан Бұхарбаевтың айтуынша, халық тарапынан сұраныс жоғары болды. Бірақ «Қазақстан» телерадиокорпорациясы аяқ астынан прокатты тоқтатуға шешім қабылдаған.
«Міржақып. Оян, Қазақ!» фильмі біздің кинотеатрларымызда екі аптадан астам уақыт бойы көрсетілді. Халық қазақ тілінде жақсы түсірілген фильмге көп келді. Бірақ фильмнің құқық иесі, яғни «Қазақстан» телерадиокорпорациясы аяқ астынан прокатты тоқтатуға шешім қабылдады. Олар сұраныс жоғары екенін көріп, фильмді телеарнадан көрсетеміз деп шешті. Бізде тиісті хат та бар, — деді Бұхарбаев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Ал телерадиокорпорацияның баспасөз хатшысы Айдын Дүйсенбайқызының айтуынша, келісімшарт әу баста екі аптаға жасалған. 15 күнде фильмді 140 мыңнан астам адам көріп үлгерді.
«Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі «Қазақстан» телерадиокорпорациясының прокат компанияларымен келісімшартына орай кинотеатрларда 21 қыркүйектен бастап екі апта бойы жүрді. Прокат мерзімі кеше аяқталды. Фильм жақын арада Qazaqstan арнасының эфирінде және жаңа онлайн-платформада көрсетіледі, — деп түсіндірді Айдын Дүйсенбайқызы.
Айта кетері, бұл фильм – «Қазақстан» телерадиокорпорациясының өткен жылы түсірген 6 бөлімді сериалының негізінде өңдеп шығарған өнімі. 6 бөлімді «Міржақып. Оян, қазақ!» сериалы өткен жылдан бері арнаның You Tube желісі мен ресми сайтында ашық тұр.