«Охотзоопром» қызметкерлері буаз киіктерді атып жатыр – депутат

0
152
фото: albercul.livejournal.com
Олар салалық министрлік қабылдаған регламентке сай жұмыс атқармаған

Бүгін Мәжілісте депутат, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Ерболат Сатыбалдин Бас прокурор Берік Асылов пен Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевқа ақбөкендердің аяусыз қырылуына қатысты депутаттық сауал жолдады.

Оның айтуынша, кезінде 2 миллион басқа дейін өскен киіктің саны 2003 жылы 21 мың басқа кеміп кеткен.

Өткен жылдан бері «киіктің қатары қоюланып кетті, егінге түседі» деген шаруалардың уәжін естіп жатырмыз. Сол себепті 2024 жылдан бастап киікті азайтуға мемлекеттік органдардан ресми түрде рұқсат берілді. Алайда құзырлы орындар «азайту» дегенді «аяусыз қыру» деп түсінген сияқты. Таяуда Ұлытау облысы Жаңарқа ауданының Қызылжар ауылында «Охотзоопром» ӨБ» қызметкерлерінің киік санын азайту желеуімен буаз киіктерді атып жатқаны жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырды, — деді депутат.

Бұл ретте ол киіктердің популляциясын шаруаларға зиян тидірмейтіндей, халықты дүрбелеңге салмайтындай етіп реттеу қажеттігін еске салды. Айтуынша, «Охотзоопром» ӨБ» қызметкерлерінің жасаған бұл қадамына құзіретті орындар құқықтық бағасын беруі керек.

«Аталған мекеме қызметкерлерінің салалық министрлік қабылдаған регламентке сай жұмыс атқармағаны белгілі болды.

Біріншіден, ақбөкендер ауыл маңына 10 шақырым жақындағанда жауапты мекеме қызметкерлері елді дүрліктірмей, халыққа бірінші кезекте құлақтандыру, ақпараттандыру жұмыстарын жүргізуі керек.

Екіншіден, ақбөкендердің популляциясын шектеу шараларын орындау – жаппай қыру емес. Ақбөкендер табынын санитарлық реттеу үшін ақсақ-тоқсағын, кәрі-құртаңын, ауру-сырқауын бірінші нысанаға алу керек.

Үшіншіден, ең бастысы, ақбөкенді буаз кезінде азайту шаралары іске асырылмауға тиіс», — деді Ерболат Сатыбалдин.

Осы жайттарды ескере келе, ол аталған ведомство басшыларына депутаттардың мынадай ұсыныстарын жеткізді:

  • Бас прокуратура мәселенің мәнін терең қарастырып, «Охотзоопром» ӨБ» қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне құқықтық бағасын беруі керек;
  • Экология және табиғи ресурстар министрлігінің киік санын азайтуға бағытталған шараларды толық пысықтап, тиісті регламентке өзгерістер енгізуі қажет;
  • Тиісті регламентке киіктердің табынын реттеуді ақбөкеннің лағы аяқтанған кезең мен күйекке түсер мезгіл арасында, яғни қазан, қараша айларында іске асырылуға тиіс деген өзгерістің енгізілгені маңызды;
  • Киікті атудың маусымдық шараларын іске асыруда жауапсыздық танытқан қызметкерлерге шара қолданылсын.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз