Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовқа шыққан сот үкімі өзгеріссіз қалды
Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Mudarabah Capital қаржы пирамидасының басшылары мен қатысушыларына қатысты қылмыстық істі апелляциялық сатыда қайта қарады. Алматы қаласы сотының баспасөз қызметі бірінші инстанциядағы үкімнің өзгеріссіз қалғанын мәлімдеді.
Қылмыстық іс бойынша 10 адам сотталды. Оның ішінде вайнер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов та бар.
Сот үкімімен:
Алмас Құрманғалиев 14 жылға бас бостандығынан айырылды;
Дания Рахимова 10 жылға бас бостандығынан айырылды;
Ержан Мансұров 9 жылға бас бостандығынан айырылды;
Ерлан Мансұров 9 жылға бас бостандығынан айырылды;
Руслан Бұрқанов (Mudarabah Capital ЖШС директоры) 12 жылға бас бостандығынан айырылды;
Нұрлан Сұлтанбаев 8 жылға бас бостандығынан айырылды;
Андрей Ча 8 жылға бас бостандығынан айырылды;
Самат Қасенов 8 жылға бас бостандығынан айырылды;
Мейіржан Төребаев 5 жылға бас бостандығынан айырылды;
Мейірхан Шерниязов 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҒЫЛДЫ?
Тергеу мәліметтері бойынша, 2019 жылы бастапқыда Astex қаржылық пирамидасы құрылды. Оны Алмас Құрманғалиев өзінің туысы Мансұровтың көмегімен баю мақсатында құрған.
«Құрманғалиев қылмыс жоспарын құрып, оған туысы Ержан Мансұровты тартты. Әрі қарай ұйымдасқан қылмыстық топ құрған. Мансұров жеке мүддесі үшін қаржы пирамидасын дамыту бойынша өзінің туысы берген тапсырмаларды орындаған. Мансұров 2019 жылы өз атына Astex ЖШС-ны тіркеген. (…) Құрманғалиев салымшыларға өз салымының жылына уәде етілген (айына 20 пайызға дейін) 240 пайызын төлей алмайтынын біліп, ұйымдасқан қылмыстық топ қызметін жалғастырды және жаңа салымшыларды тартты. Сондай-ақ жаңа салымшылар санын үнемі көбейтіп отыру қажет екенін түсінді», — деді мемлекеттік айыптаушы Ерлан Құланбаев.
Прокурордың айтуынша, қаржы пирамидасын құрушылар тұрғындар арасында сенімділік орнату мақсатында бұл іске танымал адамдарды тарту туралы шешім қабылдаған.
2020 жылдың наурызында бұл іске Руслан Бұрқанов, Андрей Ча, Біржан Жармұхамед, Самат Қасенов, Тимур Рүстемов, Нұрлан Сұлтанбаев, Мейірхан Шерниязов пен Азимжан Саидбаевты тартты.
«Бұл адамдар ұсынылған іс-әрекеттің заңсыз екенін түсініп, қаржы пирамидасына қатысуға келісім берген. Mudarabah Capital ЖШС-ны тіркеп, жарғылық капиталға қатысу үлестерін пропорционалды түрде бөлді. Бұл компания салымшылардың ақшасын тарту құралы ретінде пайдаланылуы қажет болған. Mudarabah Capital мен Astex арасында келісім жасалған соң Mudarabah Capital клиент іздеуге міндетті болды. Astex атынан келісім жасап, келісімнен кейін кеңес беруге және басқа да заңды операцияларды жүзеге асыруға міндеттелді. Бұл келісім Mudarabah Capital-дың Astex-тің құрылымдық бөлімшесі болғанын көрсетеді», — деді прокурор.
Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, сотталушы Руслан Бұрқанов Mudarabah Capital ЖШС директоры болған.
Азимжан Саидбаев пен Мейірхан Шерниязов Mudarabah Capital ЖШС құрылтайшысы болған. Олар үгіт-насихат жүргізу, әлеуметтік желіде жарнама жасауға жауапты болған. Сондай-ақ құрылтайшылар арасында қаражат бөлуге де қатысты.
«2020 жылдың қыркүйегінде аталған адамдар қаржы пирамидасын танымал ету мақсатында әлеуметтік желіде 1 миллионнан астам жазылушысы бар Мейіржан Төребаевқа сыйақы беруге уәде беріп, бірлескен қылмыстық іс-әрекет жасау үшін жүгінді. Төребаев ұсыныстың заңсыздығын түсініп, пирамида сәтсіз болған жағдайда қылмыстық жауапкершіліктен құтыла алатынына сенімді болып, ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамына кіруге келісім беріп кірген. Ол салымшыларға ай сайын уәде етілген пайыз төлеу мүмкін емес екенін түсініп, заңсыз қаржы пирамидасы екенін біліп, жұмыстан кіріс табатынын ойлап, салымшылардың қаражатынан айырылатынын түсініп, өз жұмысын бастады», — деді мемлекеттік айыптаушы.
Осылайша Мейіржан Төребаев компания құрамында жарнама жасау, үгіт-насихат жұмыстарымен айналысқан. Сондай-ақ Мейіржан Төребаев Mudarabah Capital құрылтайшысы қатарында болған.
Айта кетейік, іс бойынша жәбірленушілердің кейбірі компанияның жарнамасын «Асыл арна» телеарнасынан көрген.