Астанада “Театр барысы-2024” өтті

0
349

Театр тарландары әдеттегідей сахна төрінде емес бозкілемде бас қосты. Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайына еліміздің түкпір-түкпірінен 53 палуан “Театр барысына” бақ сынасуға жиналды. Екінші рет дәстүрлі түрде өткен аламан бәйгеде кіл жүйріктердің ішінен шын  мықтылар суырылып шықты.

Биылғы жарыс былтырғыдан өзгерек. Алғашқы жылы 3 салмақ дәрежесі бойынша сайысқа түссе, бүгінгі додада 5 салмақ, яғни 66, 74, 82, 90 және 90 келіден жоғары салмақтағы өнерпаздар білек сынасты. Өнер мен спортты қатар серік еткен тарландарымыздың ерекше дайындығын кәсіби жекпе-жектегі әдістің түр-түрін ұтымды қолданғанынан-ақ байқауға болады. Делебесі қозып, тілекші болған жанкүйерлердің үміті де ақталып, керемет спорт сайысының куәсі болды. Соңына дейін ешкімге есесін жібергісі келмей, көпке дейін жауырынын жерге тигіздірмей жарысқан дарабоздар салмақты сайыстың көзайымына айналды.

Сонымен, 66 келілік салмақта Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театырының өнерпазы Нұржан Бейсбеков “Театр барысы” атанса, қарсыластары Атыраулық Нұрбек Омар және Петропавлдан келген Қонысбек Жанболат-3 орынды місе тұтты. Қола жүлдені қанжығасына байлаған Петропавл қаласы Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрының өнерпазы сайысқа соңғы сәтте қатысса да жоба ұйымдастырушысы әрі әріптесі Асылхан Төлеповтың сенім білдіргеніне алғыс білдіре отырып, ұтысын қайырымдылық мақсатта жұмсайтынына уәде берді.

Келесі 74 келі салмақта бәсекеге түскендер арасында Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының актері Бауыржан Нұрмағанбетов 3-ші, Хасенов Аманжол екінші, ал Ермахан Аймахан 1-ші жүлдені жеңіп алды. Айта кету керек, Ермахан Аймахан 10 секундта қарсыласын жеңіп, “Театр барысының” рекордын жаңартты әрі қосымша “Ең жылдам” номинациясын жеңіп алды.

Ал 82 келілік салмақта жекпе-жекке түскендердің арасынан  Ілес Көпбосынов, Мұхамедсаид Бағашаров, Бекжан Керімбаев Астаналық театр тарландары оқ бойы озып шықты, жеңімпаз үштік қатарына ілікті.

90 келідегі палуандар арасында Мұқият Арыстанбек қола, Бейбарыс Асқарбеков күміс, ал Әли Ризабек алтынға тең жүлделі орындарды иеленді. “Театр барысы” жобасының екі дүркін жеңімпазы, Ә.Мәмбетов драма және комедия театрының актеры Әли Ризабек үшін бұл күн қанжығасы майланған күн болды. Чемпион белдігін ала сала, ізін суытпай жанкүйерлердің көзінше қалыңдығына сөз салып, екі бірдей олжаға кенелді.

90 келіні еңсергендер арасында да қызу тайталас болды. Нәтижесінде Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының өкілі Еламан Досжанов үшінші, Ә. Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының актері Ақжол Амантай екінші орынды алды. Ал, Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының оғланы Асыланбек Жанбалаев жеңіске жетіп, чемпион белдігін тақты.

Бәйгеде баппен бірге бақтың да қатар шабатыны белгілі емес пе? Десе де, жеңілгеніне емес үзеңгілес әріптестерінің жеңісіне қуанған көп  сайысшыларды көріп марқайдық. Жобаның ұйымдастырушысы, белгілі актер Асылхан Төлепов: “Мақсат – еліміздің театрларында ұлттық спортты дамытып, қазақ күресін кеңінен дәріптеу, сондай-ақ Қазақстанның театр кеңістігіндегі актерлердің өнер мен спорттағы шығармашылық әрі әріптестік байланысын нығайту”,- дейді.  Бұл дегеніміз театр актерларының жан-жақтылығын көрсетіп қана қоймай, достықты нығайтып, өнерді өнегеге айналдыруға ұмтылған өнерпаздардың додасына айналды.

Нартаев Бақытжан

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз