«Дипломмен ауылға»: 3,1 мың маман баспанамен қамтамасыз етіледі

0
190
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында биыл 3,1 мың маман баспанамен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты.

«Ауылдық жерлерде кадрлар тапшылығы проблемасын шешу үшін «Дипломмен ауылға» жобасы іске асырылуда. Жобаны іске асыру барысында 2009-2023 жылдар аралығында ауылдық жерлерде 105 мыңнан астам маман 20,3 млрд теңге сомасына көтерме жәрдемақы алды. Оның ішінде 48 мыңнан астамы 160,4 млрд теңге сомасына тұрғын үй алып отыр. Биыл 25 млрд теңге қарастырылған. Бұл 3,1 мыңға жуық маманды тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді Нұрлан Байбазаров.

Министрдің атап өтуінше, мемлекет ауыл тұрғындары арасында кәсіпкерлікті дамытуға да ерекше көңіл бөледі. 2023 жылы «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ арқылы АӨК саласын қаржыландыруға жалпы 554,7 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді.

Оның ішінде, 2023 жылы сыйақы бөлігін субсидиялау аясында қолдау тапқан 3 мыңнан астам жобаға 57,6 млрд теңге субсидиялар төленді, 2,5 мың жоба бойынша 55 млрд теңгеге кредиттік кепілдіктер берілді.

«Іскер» кредиттік бағдарламасына сәйкес 22,3 млрд теңгеге 3,9 мың микрокредит, сондай-ақ жастарға микрокредит беру бағдарламасы бойынша 25,6 млрд теңгеге 7,2 мың микрокредит берілді.

«Нарықтық әлеуеті жоғары перспективалы тауарларды анықтау мақсатында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы жүзеге асырылуда. Осы жоба аясында 2023 жылы 500-ден астам өнім өндірушілердің қатысуымен 20 өңірлік көрме өткізіліп, жергілікті шикізаттан өндірілген 60 тауар анықталды. Сонымен қатар өткен жылы 194 инновациялық бизнес-идеяға 897 млн тенге ұсынылды», — деді ол.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз