Жайық өзеніндегі судың көтерілуі 94 елді мекенге қауіп төндіреді – Нұрлан Байбазаров
— Жайық өзеніндегі су деңгейінің көтерілуі Орал қаласымен қоса, 94 елді мекенге қауіп төндіреді. Батыс Қазақстан облысында су тасқыны басталғаннан бері 3700-ге жуық тұрғын эвакуациялық орталықтарға орналастырылды. Соның 2700-ге жуығы үйіне оралды. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары Нұрлан Байбазаров БҚО-дағы су тасқынына қатысты ахуал бойынша жасаған үндеуінде мәлім етті.
Премьер-министр орынбасарының айтуынша, қалған мыңнан астам адам 13 эвакуациялық пунктте. Олар азық-түлікпен, қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз етілді. Қажет болған жағдайда өңірде 30 мыңнан астам орынға эвакуациялық пункттер дайындалды.
«Облыс тұрғындарына келтірілген материалдық шығынды есептеу жұмыстары басталды. 581 тұрғын үйдің 236-сына техникалық тексеру жүргізілді. Бұл жұмыс жалғасады. Су тасқынынан зардап шеккен 481 отбасына 89 млн теңгеге бір реттік төлемдер жасалды. Алдағы уақытта төлемдер жалғасатын болады», — деді Н.Байбазаров.
Үкімет басшысының орынбасары қазіргі уақытта ең маңызды мәселе – су тасқынының екінші кезеңі екенін атап көрсетті. Алдыңғы күні Ресей Федерациясының Ирикла су қоймасынан секундына 2 170 текше метр су жіберіліп жатса, кеше 1 670 текше метрге түсті.
«Соған қарамастан, жағдай күрделі. Орал қаласы бойынша Жайық өзеніндегі су деңгейі 7 метрге дейін көтерілді. Бұл Орал қаласына ғана емес, өзен бойында орналасқан Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандарының 94 елді мекеніне қауіп төндіреді. Облыста су тасқыны зардаптарын азайту үшін қажетті ресурстар жұмылдырылды. Орал қаласындағы Жайық өзені жағалауындағы ең қауіпті алты учаскеде ұзындығы 5 шақырым болатын бөгеттер салынып жатыр. Басқа да аудандарда қауіпсіздік шаралары атқарылуда. Жалпы су тасқыны бойынша ахуал жедел штабтың бақылауында», — деді Н.Байбазаров.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда Жайық жағасындағы бөгеттерді биіктету жұмыстары жүргізіліп жатқанын жазған болатынбыз.