Қазақстанда баспананы міндетті сақтандыру тетігін енгізуді қарастыру керек – депутат

0
134
Бибігүл Жексенбай, фото: parlam.kz

Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай су тасқынынан соң баспананы міндетті сақтандыру тетігін енгізу керектігін айтты,

Бибігүл Жексенбай депутаттық сауалын премьер-министр Олжас Бектеновке жолдады.

Сенатордың айтуынша, биыл еліміздің бірқатар өңірінде қарғын су жүріп, 13 мыңға жуық үй су астында қалған.

Үкімет пен жергілікті билік оның зардабын жою бойынша кешенді шаралар жүргізіп жатқаны белгілі. Алайда, мұндай төтенше жағдайдағы шығынды өтеудің мемлекеттік бюджетпен қатар жаңа жолдарын қарастыру – уақыт талабы, — деді Бибігүл Жексенбаева.

БҰҰ дерегінше, соңғы 20 жылда әлемде табиғи апаттар: жер сілкінісі, су тасқыны, құрғақшылық және түрлі дауылдар саны 2 есе өскен. Қазақстанның 75%-ы дауыл, көшкін, сел, су тасқыны, жер сілкінісі, орман және дала өрті сияқты табиғи апаттардың қаупі жоғары аумаққа жатады.

«Халықаралық тәжірибе бойынша мұндай табиғи және техногендік апат аймақтары бар елдерде арнайы сақтандыру қорлары, мемлекеттік бағдарламалар, міндетті сақтандыру жүйесі жұмыс істейді. Мысалы, Түркияда 1999 жылдан бері апат қаупінен міндетті сақтандыру бағдарламасы TCIP (Turkish Catastrophic Insurance Pool) қосылып, оның аясында мемлекеттік сақтандыру компаниясы құрылған. Сондай-ақ жылжымайтын мүліктің шамамен 50 пайызы осы міндетті бағдарлама аясында қамтылған.

Сондай-ақ Жапонияда 1966 жылы – 58 жыл бұрын жер сілкінісін қайта сақтандыру бағдарламасы іске қосылды. Осы уақыт ішінде бағдарлама үнемі жетілдіріліп келеді. Өйткені, Жапония әлемдегі ең белсенді сейсмикалық аймақта орналасқан. Осылайша, Жапония үй шаруашылықтары үшін мүлікті қорғаудың өте жоғары деңгейін қамтамасыз етті.

Шетелдік сақтандыру компанияларында тәуекелдер қайта сақтандырылады. Қайта сақтандыру тетіктерінің көмегімен әлемнің түкпір-түкпіріндегі компаниялар тәуекелдерді өзара бөлісіп, зардап шеккендерге сақтандыру төлемдерінің түсуін қамтамасыз етеді», — деді депутат.

Депутаттың пікірінше, Қазақстанда сақтандыру нарығы дамымаған.

«Ешбір ел өз аумағында болған апат тәуекелінен залалды дербес өтей алмайды. Табиғи апаттардан төтенше жағдайлар кезінде келтірілген залал отандық сақтандыру жүйесінің дамымағандығынан өте сирек өтеледі. Мұндай жағдайда зардап шеккендерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және олардың қаржылық мәселелерін шешу ауыртпалығын түгел дерлік жергілікті атқарушы органдар мен Қазақстан үкіметі көтереді», — деді сенатор.

Бибігүл Жексенбайдың пікірінше, сақтандыруға ұсынылған барлық нысан бойынша статистикалық цифрлық ақпараттың болуы маңызды.

«Елімізде халықты жылжымайтын мүлікті міндетті сақтандыруды енгізу мүмкіндігі соңғы 20 жылда кезең-кезеңімен талқыланып келеді. Алайда бұл бағыттағы жұмыс жүйелі, мақсатты жүргізілмегендіктен, елімізде сақтандыру компанияларына сенім төмен, сақтандыру мәдениеті қалыптаспаған.

Мысалы, биыл алғашқы 2 айда былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда мүлікті ерікті сақтандыру шарттары 77,3%-ға өскен. Сақтандырылған тұрғын үйлер саны бойынша Астана көш бастап тұр. Оның үлесіне жаңа сақтандыру шарттарының жартысы – 50,4%. Алматының үлесі небәрі 14,85%. Бірақ су басқан аймақтарда жеке мүлікті сақтандырудың деңгейі өте төмен – тіпті 1%-дан аз. Әдетте сақтандыру жайлы табиғи апат кезінде ғана еске түседі», — деді депутат.

Сенатор мәселені шешудің бірнеше жолын ұсынды:

  • Еліміздегі сақтандыру жүйесін жетілдіру және тұрғын үйлерді міндетті сақтандыру мүмкіндігі боййынша халықаралық ұйым өкілдері, сарапшылардың қатысуымен арнайы ведомствоаралық комиссия құруды қарастыру;
  • Отандық сақтандыру компаниялардың төтенше жағдайлар шығынын өтеуге қатысты әлеуетіне сараптама жасалып, олардың жарғылық қорларын көбейту жағдайын зерделеу;
  • Мемлекет адамдарды төтенше жағдайлар қаупі туралы ұдайы алдын ала ескертіп, тұрғындардың да жауапкершілігін арттырып, алдын ала шараларды қолдануына барынша жағдай жасауды қарастыру. Президенттің осы орайдағы талабы жеке заңнамалық нормада көрсетілу мүмкіндігін ойластыру.
  • Табиғи апаттар салдарынан келтірілген залалды өтеу тәртібін реттеу үшін қалпына келтірілген тұрғын үйді азаматтардың меншігіне берудің нақты тәртібін реттеуге, халықты табиғи апаттардан, оның ішінде су тасқынынан сақтандыру мен қорғауға бағытталған тиісті заң жобасын әзірлеуді қарастыру. Мысалы, АҚШ-тың осы саладағы ең көрнекті тәжірибесі су тасқынынан сақтандырудың ұлттық жүйесі туралы заң саналады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ