Даланың дүбірлі додасы

0
142

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Егемен елімізде ғана емес, әлемде теңдесі жоқ саналатын ең ұзақ қашықтағы «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесінің үшінші маусымы ел жадында өшпестей сақталды десе болғандай. Алаш жұрты арғымақты алғаш ерттегенін шартарапқа және бір әйгіледі. Бірегей жобаның басы-қасында жүрген жанашыр азаматтар жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырғаны содан білінеді. 500 шақырым бойы қатысушылардың жағ­дайын бақылауда ұстап, қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Бұған жорықшылардың көтеріңкі көңіл күйі мен ұйым­дастырушыларға деген ыстық ықыласы айғақ.

 

Даланың дүбірлі додасы

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Биыл күзде V Дүние­жү­зілік көшпелілер ойын­дары аясында ма­ра­­фон-бәйгенің халықаралық ке­­зеңі өтеді. Айтулы ауқымды іс-ша­раның еліміз үшін маңызы зор екені айтпаса да түсінікті. Ең алды­мен, бұл – ұзақ жолға мо­йы­­майтын қазақ жылқысының тұқы­мын төрткүл дүниеге та­ны­туға жол ашатын дүбірлі дода. Осы орайда марафон-бәй­генің жеңім­паздарының бірі – маң­ғыс­таулық «Көкмойнақ» коман­дасы­ның жетекшісі Исенбай Қал­дамановтың пікірін білген едік.

«Ұлы дала жорығы» ұйым­дас­тырылуының өзінде терең мән-мағына жатыр. Бұл төл тари­хы­мыздағы асыл қасиеттердің бірі – атқа мініп, ұзақ жолға шығу салты мен мәдениетін жаңғыртудың сәтті қадамы десе болады.

Біз үшінші жыл қатарынан марафон-бәйгеге қатысып келеміз. Оның ішінде «Көкмойнақ» командасы алғашқы жылы жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар танылып, бас жүлдені иемденді. Өткен жылы да олжалы болдық. 1300 шақырымға шабудан әлем­дік рекорд орнатып, Адай жыл­қы­сының мықтылығына көптің көзін жеткіздік. Дәлірек айтсақ, біздің шабандоз «Рекорд» коман­дасының құрамына еніп, 14 күн­де 1300 шақырымды 98 сағат 44 минут 47 секундта бағын­дыр­ды. Биылда, яғни жобаның үшін­ші маусымында «Көкмойнақ» командасы үздіктер қатарын­да болып, мәреге екінші болып жетті.

«Ұлы дала жорығына» қаты­судағы біздің негізгі мақсатымыз үздік үштіктің қатарынан көріну болса, сол діттеген бағытымыздан таймай келе жатырмыз деуге толық негіз бар.

2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маң­ғыстау өңіріне келіп, ата-баба­ларымыздың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесінің нәти­жесінде Адай жылқысының мәр­тебесін асырып, өз тұғырына орнату туралы тапсырма берген болатын. Соған сәйкес аймақ басшылары, арнайы ведомстволар мен министрліктер тиісті қызмет атқарып, Адай жылқысы өзінің көптен күткен мәртебесін, яғни патентін алды. Бұл – тарихи маңызы бар оқиға, біз үшін зор мәртебе. Осы тұста патентті алуымызға «Ұлы дала жорығы» да өзіндік септігін тигізгенін мо­йындауымыз қажет. Себебі дәл осы додада Адай жылқысы жеңімпаз атанып, әлемдік рекорд орнатты, мерейі шалқыды.

Үш жыл қатарынан өткен ма­рафон-бәйгенің қай-қайсы­сын­да да Адай жылқысы, яғни Маңғыстаудың «Көкмойнақ» командасы жеңіс тұғырынан көріне білді. Мұның өзі көп нәрсені аңғартса керек. Мысалы, биылғы Павлодар – Астана бағытындағы марафон-бәйгеде бізден қатыс­қан бес аттың төртеуі мәреге дейін жетті. Алыс қашықтыққа шабуға өте төзімді екенін тағы бір мәрте дәлелдеп берді деген сөз» дейді ол.

Жыл өткен сайын марафон-бәйгеге өзгерістер мен толықты­рулар енгізіліп жатыр. Бұл ұйым­дастырушылардың мол тәжірибе жинағанының нәтижесі. Жобаны мінсіз үйлестіруге күш салып келеді. Ең бастысы, жарысты әділ бағалауға аса мән беретіні біз­дің ғана емес, әр өңірден келген коман­далардың көңілінен шығып отырғаны.

Исенбай Қалдаманов ұйым­дас­тырушылармен қатар мара­фон-бәйгеде бас қосатын атбе­гі­лер мен шабандоздар да тәжірибесін шыңдай түсетінін айтады. Жорық аттарын дайын­даудың, баптаудың қыр-сырын меңгереді. Табиғаттың қандай да бір құбылысын — бұршақ-жаңбыр, суық жел, сазды да көктайғақ жерді елеп-ескере отырып, шауып өту ақыл-парасатты, айла-амалды қажет етеді. Ат ауырып қалған жағ­дай­­да тез арада ем-дом жасап, қатар­ға тұрғызу — асқан кәсіби­лік пен ыждағат­ты талап ететін өнер, еңбек, үлкен сынақ. Нағыз өмір мектебі деп осыны айтуға тұрарлық. Яғни бұл жайттар айтулы ат спор­тының жаңа сапалы деңгейге көтерілгенін білдіреді. Сол себептен де ата-бабадан қалған қазақ қазанаттарының қасиетін таныту жолында қызмет етудің бір жолы осы.

Көшпелілердің заңды мұра­гері ретінде ат спорты мен ат туризмін заманға сай жаңғыртуды мақсат тұтқан жобаның азғана жылдар ішінде маңызы артып келеді. Дүниежүзінде бұрын-соңды болмаған «Ұлы дала жо­рығы» — ең төзімді, ең мықты ат­тарды сынайтын дала лабораториясы.

Күзде атсүйер қауымды жа­уап­кершілігі орасан зор дүбір­­лі дода күтіп тұр. «Дүниежүзі­­лік көшпелілер ойындары» қар­са­ңында «Ұлы дала жорығы» ха­лық­аралық дәрежеде тұңғыш өт­­кізілмек. Оның үстіне мара­фон-бәй­ге бір жыл ішінде екін­ші рет ұйымдастырылмақ. Осы ­жа­рысқа жолдама алған еліміз­дің командаларына артылар жүк пен сенім еселенеді. Әлемдік дең­­гей­ге шығу дегеніңіз, жалғыз «Көк­мой­нақ» командасын ғана емес, Адай жылқы тұқымын да жер-жаһан­ға паш етудің жақсы мүмкін­дігі. Ал шетелдерден келетін ша­бандоздар, командалар бізге сын көзбен қарайды. Намысты қол­дан бермеу үшін бар қазақ тақым қысады.

Маңғыстаудың «Көкмойна­ғы» халықаралық деңгейде өнер көр­сететіндіктен бір ғана өңірдің намысы мен беделін қорғамайды, біртұтас елдің атынан шығады. Сондықтан мамырдағы жарыс­тан кейін, Маңғыстауға орала салысымен қазір қызу дайын­дық жүріп жатыр. Шабандоздар өткен жорыққа шыққан мықты бес арғымақтан басқа аттарды да сынап, іріктеу үстінде. Бұйырса, оң нәтиже береді деп сенеміз.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз


  • Notice: Undefined offset: 0 in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/rubik_core.php on line 1213

    Notice: Trying to get property 'term_id' of non-object in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/rubik_core.php on line 1213


  • Notice: Undefined offset: 0 in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/rubik_core.php on line 1213

    Notice: Trying to get property 'term_id' of non-object in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/rubik_core.php on line 1213


  • Notice: Undefined offset: 0 in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/rubik_core.php on line 1213

    Notice: Trying to get property 'term_id' of non-object in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/rubik_core.php on line 1213