Алматыда метро салу үшін жер телімдері мәжбүрлеп алынады

0
167
Фото: ашықдереккөз

Алматыда метро салу және көлік торабы құрылысы үшін жер телімдері мәжбүрлеп алынады. Бұл туралы қала әкімдігінің қаулысында жазылған, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қаулы бойынша Наурызбай ауданындағы «Қалқаман» станциясынан «Барлық» базарына дейін құрылыс салу үшін сол аралықтағы жер телімдерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару басталады.

Ол жерлерге метрополитеннің бірінші желісінің үшінші кезегі нысандары мен көлік торабын салу көзделген.

Иеліктен шығару процесі 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады. Жер телімдерінің иелеріне заңда белгіленген тәртіппен өтемақы төленеді.

Айта кетейік, 2024 жылдың қаңтарында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы қоғамдық көлік мәселесімен танысты. Сол кезде қалада жаңа BRT, LRT және метро желілерін ашу туралы айтылды. «Қалқаман» жаңа метро станциясын ашып, метрополитеннің «Барлық» базарына дейінгі үшінші кезегін салу жұмыстарын бастау тапсырылды. Сондай-ақ метроны солтүстік және шығыс бағыттарда дамыту жобаларын жүзеге асыруға кірісу жоспарланды.

Бұдан бөлек, Төле би көшесімен өтетін және Алматының батысы мен шығысын жалғайтын LRT-нің (26 км) бірінші желісін іске қосу көзделген.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ