20 аспаптың құлағында ойнайды
Бір өзі жиырма музыкалық аспапта ойнайтын атыраулық Абзал Сиғуатоллаұлы небәрі 24 жаста. Абзалдың 20 аспапта ойнаған шағын бейнеклипі қазір әлеуметтік желіде кең таралып жатыр. Бір не үш емес, жиырма аспапты меңгеріп алған Абзал – қарапайым ауылдан шыққан талант.
– Өнерге деген қызығушылығымды оятқан әкеме алғысым шексіз. Сол кісінің септігімен бала кезімнен үлкен сахналарда ән айтып, көптеген конкурстан жүлдемен оралып жүрдім. Кейіннен шеберлігімді шыңдау мақсатында облыс орталығына қоныс аудардым. Академияны аяқтағаннан кейін жоғарғы білімімді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде Өнер факультетінде жалғастырдым. Табиғи талантын кәсіби біліммен ұштастырған Абзал одан әрі Құрманғазы атындағы консерваторияда оқуымды жалғастырдым», – дейді.
Түрлі аспаптың құлағында ойнайтын Абзал қазір Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі жанындағы «Сармад» этно-фольклорлық ансамблінде және Орал қаласындағы DD RECORDS командасында жұмыс істеп жүр.
«Шыны керек, аспаптардың әлемі бөлек. Қазіргі қоғам жеңіл әндерді ғана қабылдайды. Ұлттық өнерді қабылдауға әлі дайын емес. Сол себептен басты мақсатым – ұлттық аспаптар эстрадасын дәріптеу», – дейді Абзал.
Қазір Абзал ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен микс жасап, эстрадалық бағытта әндер жазып жатыр.
«Ұсыныстар болған жағдайда киноға да түсуім мүмкін. Бірақ ол кезде де мақсатым ұлттық өнерді насихаттау болады», – дейді Абзал.
Бір қызығы этно-фольклорлық стильдегі өнерге шетелдіктердің қызығушылығы жоғары екен. Абзал мұны шетелдердегі гастрольде көп байқайтынын айтады.
«Жақында Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі жанындағы «Сармад» этно-фольклорлық ансамблімен Голландияға барып келдік. Ол жерде тұрғылықты қазақ диаспорасы, қазақстандық студенттермен бірге, шетелдіктер де болды. Біздің концертіміз олар үшін ерекше бір әлем болды дей аламын. Әр аспаптың үніне үңіліп, ерекше қошемет көрсеткен көрермендер біздің ұлттық нақыштағы киімдерімізге де таңғалып, арнайылап суретке түсіп жатты. Қазақтың өнері – киелі өнер. Жас ұрпаққа осыны дәріптеп, жеткізу – мақсатым», – деп отыр.
Абзал қазір қазақ өнерін әлеуметтік желілер арқылы дәріптеуді де қолға алған. Instagram, TikTok, YouTube желілеріне түрлі форматтағы музыкаларын жүктеп отырған Абзал қазақтың ұлттық өнерін насихаттайтын уақыт келгеніне сенімді.
Біз өнерпаздан бір аспапты меңгеруге қанша уақыты кететінін сұрадық.
«Егер адам шын ниеттеніп кіріссе, бір аспапты үйренуге 1 апта уақыт жеткілікті. Ал оны жетілдіру – уақытпен келетін тәжірибе. Әр аспаптың өзіне тән киесі, энергетикасы болады. Бір қызыққан адамның ол әлемді жай ғана тастап кетуі мүмкін емес», – дейді Абзал.
Дала жыры, рухты, қазақтың ән-күйлерін және әуендерін заманауи, этно-джаз стилінде орындап жүрген Абзалдың қазақтың өнерін әлемге танытатынына сенеміз.
Атырау облысы,
Баян Жанұзақова