Психолог кеңесі: Баланы мектепке қай жаста берген дұрыс?

0
111

Баланы қай жаста мектепке беру керек? Бұл ата-аналарды жиі мазалайтын сұрақ. Ертерек берген дұрыс па, әлде баланың ерекшелігіне, дамуына назар аударған жөн бе? Мұндай жағдайда мамандар не дейді?zamandas.kz бұл туралы Massaget.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Мамандардың пікірінше, баланы 5 жасында мектепке беру дұрыс емес. Олардың айтуынша, бұл жаста балалардың физикалық, интеллектуалдық және эмоционалдық даму деңгейі мектептің талаптарына сай келмеуі мүмкін.

Әдетте балаларды 6-7 жасында мектепке беру ұсынылады. Бірақ шешім қабылдағанда оның жеке ерекшеліктерін, дайындық деңгейін және әлеуметтік ортасын ескеру керек. Кейбір балалар бұл жаста да мектепке дайын болмауы мүмкін. Мұндай кезде баланы қинамай, оқуды бір жыл кейінге қалдыру қалыпты жағдай.

Алайда мамандар баланың дамуына бала кезден назар аударуға кеңес береді, егер оның дамуы тежелсе, бірден мамандарға жүгінген дұрыс.

Психолог, ізгілік педагогика ұстазы Аяулым Бақытова бұл мәселеге қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, балада «мен» деген түсінік қалыптаспайынша, мектепке бермеген дұрыс.

– Әдетте 7 жаста әлеуметтік тұрғыдан балада «Мен» деген түсінік қалыптасады. Бала «оқушы» сияқты жаңа позицияның мәнін түсіне бастайды. Кешегі ойын баласы мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап, өмірінде болатын үлкен өзгеріс, жаңа қоғамға ену, өзіне жаңа міндеттерді жүктеу, жаңа ортаға бейімделу, қарым-қатынаста болу, яғни жетілу сынды даму сатысында болады. Ендеше, бала психикасы да өзгеріп, ішкі эмоциялары қалыптаса бастайды, түрлі қызығушылықтары оянып, өзінің орнын бағалауға бейімделеді.

Психологиялық тұрғыдағы даму көрсеткіштеріне тоқталатын болсақ: қабылдау қабілеті аналитикалық сипатқа ие болып, білуге құштарлығы зор болады; есте сақтаудың механикалық түрі іске қосылады; ойлаудың көрнекі-бейнелі түрі жетекші болады; сөйлеу тілі сипаттауға ыңғайланады; психикалық іс-әрекеттің ырықсыз қалыптарынан ырықты қалыптарына біртіндеп өте бастайды. Соған сәйкес, баланың оқуға деген мотивациясы мен қызығушылығы оянып, ниеті мен дағдысы қалыптаса бастайды; оқу әрекетіне белсенділігі артады; танымдық ой-өрісі арта жетіледі.

Жалпы айтқанда, 7 жастағы бала дамып, оқуға толық дайын болады. Сол себепті осы жас – мектепке баруға нағыз қолайлы жас, – дейді маман.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз