Петропавлда алаяқтықтың жаңа түрі тіркелді: полиция күдіктіні ұстады

0
96

Петропавлда алаяқтықтың жаңа түрі тіркелді. Полиция қызметкерлері қала тұрғындарын алдап соққан күдіктіні анықтап, ұстады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметі хабарлады.

Тамыз айының басында Петропавл қаласының полиция басқармасына интернет-алаяқтық туралы өтінішпен 22 жастағы жігіт пен қыз жүгінді. Олардың ешқандай несиелері болмаған. Алайда, ломбардқа мерзімі өткен төлем туралы sms-хабарламалар алған.

Бір ай бұрын паркте оларға бейтаныс жас жігіт келіп, телефондарын белгілі бір дерекқор арқылы тексеруді ұсынған. Оның көмегімен гаджеттің ұрланбаған екенін растауға болады деп түсіндірген. Жәбірленушілер өздерінің телефондары мен жеке куәліктерін суретке түсіруге, сондай-ақ IMEI-кодтарын жазып алуға мүмкіндік берген. Бәрін жазып алған бейтаныс телефонның “базада тіркелмегенін” айтқан. Кейіннен жәбірленушілер олардың құрылғылары онлайн-режимде қарыз беретін ломбардтың кепілі болғанын білген. Келтірілген залал әр жағдайда 35 мың теңгені құрады.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының және Петропавл қаласының “Cyberpol” тобының қызметкерлері күдіктіні анықтады. Ол 18 жастағы Петропавл қаласының тұрғыны болып шықты. Ол 13 тамызда Жұмабаев көшесінің бойында ұсталды.

– Аталған оқиғалар бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, күдіктінің басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Құпия деректеріңізді ешкімге бермеуіңізді сұраймыз. Барынша сақ болыңыздар, – дейді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Иван Терзиди.

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 453 интернет-алаяқтық тіркелген, оның ішінде 75-і микроқаржы ұйымдарынан өзгенің атына несиелерді ресімдеумен байланысты.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз