JOLTAP жобасы арқылы 200 астаналық курстан өтті
Бүгінде онлайн сауда жасау дәстүрлі сауда түріне қарағанда жиі қолданылады. Ол қаржы мен уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Сауда көлемі өскен сайын қызмет сапасын жақсарту қажет. Мұндай кезде кәсіпкерлерге онлайн сауданың қыр-сырын түсіндіретін оқыту курстарына да сұраныс артады. Мәселен елордада JOLTAP әлеуметтік жобасы арқылы онлайн сауда негіздерін тегін меңгеруге болады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Әлеуметтік жоба негізіндегі курс онлайн дүкен ашып, оны дамыту жолдарын түсіндіреді. Тауарды иесіне дер кезінде жеткізу қызметінен бөлек, салық түрлеріне де тоқталады. JOLTAP әлеуметтік жобасы бойынша «Онлайн сауда негіздері» курсының оқытушысы Әйгерім Омышеваның айтуынша, елордалықтар бұл мамандық түрін 6 күнде меңгере алады.
«Мен осы жылдың 30 қыркүйегінен бастап жоба қатысушыларына онлайн сауда жасау бойынша курс өткізіп келемін. Негізгі мамандығым — есеп және аудит. Банк саласында 10 жылдан аса жұмыс істеп, кейін өзім онлайн кәсіп бастадым. 2020 жылы тауарларымды Kaspi дүкені арқылы сата бастадым. Міне, осылайша, онлайн саудаға келдім. Сонымен қатар қазір JOLTAP жобасы арқылы қала тұрғындарына аптасына 6 күн бойы онлайн сауда жасауды оқытып жүрмін»,- деді Әйгерім Омышева.
Елордалық кәсіпкер әрі жоба оқытушысы бастапқыда өзі де JOLTAP жобасы арқылы «Таргетолог» және SMM курстарын оқыған.
«Мен бұл жоба туралы естіген кезде кәсіпкер ретінде заманауи курс түрлерін таңдадым. Себебі тауарды онлайн саудада тапсырыс берушінің мақсатына қарай контент дайындау керек. Одан бөлек жарнама жасау қажет. Жоба осындай мүмкіндіктер бергендіктен, бірден екі курсқа да жазылып, оқып алдым»,- деді жоба оқытушысы.
Әйгерім Омышева онлайн сауданың қыр-сырын меңгерген соң өз курсын жазып, қызығушылық білдірген адамдарға ақылы курс өткізген. Тіпті, JOLTAP жобасына оқытушы болуға өзі ниет білдірген.
«Мен жоба арқылы екі курсты аяқтаған соң оқытушы болуға тілек білдірдім. Ол кезде тек басқа маркетплейс арқылы онлайн сауда жасауды үйрететін курс болды. Осылайша, өзім жүргізіп отырған онлайн дүкен арқылы сауда негіздерін түсіндіруге болатынын айтым. Жарты жылдан кейін JOLTAP жобасы менің ұсынысымды қабыл алды», — деді ол.
Алты күнге жалғасатын курс алдымен интернет дүкенге қалай тіркелу қажет, салық тәртібі мен оның түрлерімен танысудан басталады.
«Курс бойынша алғашқы күні онлайн сауда туралы жалпы ақпарат беріліп, онлайн дүкенге тіркелу туралы айтамын. Екінші күні тауар сату тәсіліне тоқталсақ, үшінші күні сататын өнімді қайдан алуға болатынын талқылаймыз. Ол кезде шетелдік және қазақстандық тауар өндірушілерді салыстырамыз. Төртінші күні тапсырыс берушіге тауарды жеткізуге тоқталамыз. Онда онлайн дүкендегі жеткізу қызметінің түрлерімен таныстырамын. Бесінші күні тауардың сыртын қалай орау керек, оған қажетті затты қайдан алуға болатынын айтамын. Соңғы күні платформа тәртібі, тауарды қайтаруды рәсімдеу және кемшіліктермен жұмыс істеу туралы талқылаймыз»,- деді аталған курс оқытушысы.
Бүгінде Әйгерім Омышева аталған курс бойынша 209 адамды оқытқан.
«Бұл курсқа елордалықтардың қызығушылығы байқалады. Әр лекте 10-15 адам жиналады. Әріптесім Абылай Қалиевпен бірге осы курс бойынша жоба қатысушылырын оқытып жатырмыз. Қазір 31-лек аяқталды. Менің ойымша, JOLTAP жобасы ұсынатын курстардың өз дәрежесі бар. Қазір оқыту курстары көп қой, бірақ кейде сертификаттары жарамай жатады. Сондықтан бұл жоба беретін сертификат әрі қарай жұмыс табуға үлкен септігін тигізеді»,- деді курс оқытушысы.
Айта кетейік, елордада JOLTAP жобасы бойынша 8 мыңға жуық азамат қысқа мерзімді оқудан өтті. Қалада «Баршаға мүмкіндік» модульдік пунктері жұмыс істейді. Онда тұрғындар 52 мемлекеттік қолдау шарасы, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, қысқа мерзімді оқуға жазылу бойынша кеңес ала алады.