13 мың шақырым автожол салу жоспарлануда

0
8

Үкімет отырысы барысында көлік министрі Марат Қарабаев жол саласын дамыту жоспарлары туралы баяндама жасады.

Ол өткен жылы 12 мың шақырым автожол жөндеу жұмыстарымен қамтылғанын атап өтті.

«Осы жылы құрылыс жұмыстары өткен жылдың деңгейінде жоспарланған, яғни 13 мың шақырым. Оның ішінде 9,5 мың шақырымға арналған жобалар толық қаржыландырылған», — деп мәлімдеді Марат Қарабаев.

Министрдің айтуынша, қалған 3,6 мың шақырым бойынша қаржыландыру мәселесі халықаралық қаржы институттарымен талқылануда. Бұл «Жезқазған – Қарағанды», «Ақтөбе – Ұлғайсын», «Атырау – Доссор» жаңа жобалары, сондай-ақ Сарыағаш, Рудный және Қызылорда қалаларын айналып өтетін жолдар, сондай-ақ жалпы ұзындығы 3,6 мың шақырым жолдардағы жөндеу жұмыстары.

Қазіргі уақытта осы жобаларды қаржыландыру бойынша Халықарылық қаржы ұйымдарымен уағдаластыққа қол жеткізілді. Әрбір жоба бойынша үйлестіру кеңесінің шешімімен қаржыландыру көздері айқындалып, техникалық-экономикалық негіздемелер әзірленген. ХҚҰ шарттары бойынша мердігерлік ұйымдарды айқындауға конкурстық рәсімдер өткізіледі.

«Құрылыс жұмыстарына отандық компанияларды тарту мақсатында халықаралық қаржы институттарымен тендерлік талаптарды қайта қарап, біздің компанияларға қатысу барысында преференциялар беруді қарастырғанын атап өтемін. Қабылданып жатқан шаралар конкурстарға қатысатын отандық компаниялардың санын арттыруға мүмкіндік берді», — деді министр.

Мәселен, «Қарағанды – Жезқазған» жобасы бойынша қатысушы компаниялар саны 10-ға жетті, ал шарттар өзгертілгенге дейін бұл көрсеткіш 2-ден аспаған. Жоғарыда аталған барлық жобалар бойынша осы жылдың екінші тоқсанында мердігер ұйымдар анықталады.

Екінші бағыт – теміржол саласындағы инфрақұрылымдық жобалар. Осы жылы 5 мың шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамтылуы жоспарланған, оның ішінде 2,4 мың шақырымға арналған жобалар қаржыландырылды. Қалған 2,6 мың шақырым Мемлекет басшысының 2025 жылғы 28 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген Трансқазақстандық теміржол дәлізін дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыруға жоспарланған.

Осы мақсатта биылдан бастап жалпы ұзындығы 2,6 мың шақырымды құрайтын келесі жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда:

  • «Қызылжар – Мойынты» жаңа теміржол желісі;
  • «Алтынкөл – Жетіген», «Бейнеу – Маңғыстау» учаскелерін жаңғырту;
  • «Қызылжар – Сексеуіл», «Шалқар – Бейнеу», «Қандыағаш – Тобыл», «Әлімбет – Никельтау» және «Ақсу – Дегелең – Жаңа Семей» учаскелерінде заманауи реттеу жүйелерін енгізу.
  • Сондай-ақ 53 теміржол вокзалдарын реконструкциялау.

«Қазіргі уақытта бұл жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз ету мақсатында халықаралық қаржы институттарымен 1,4 трлн теңге, оның ішінде 2025 жылы 700 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несиелер бөлу жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Жалпы, осы жобаларды жүзеге асыру 20 жыл ішінде салық түсімдері мен басқа да төлемдер түрінде 11 трлн теңге көлемінде жиынтық мультипликативті әсерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ жобаларды жүзеге асыру 2025-2029 жылдар аралығында ЖІӨ өсіміне шамамен 0,4%-1% деңгейінде үлес қосуды қамтамасыз етеді», — деді Марат Қарабаев.

Барлық жобалар бойынша биылғы сәуір айында құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау жоспарланып отыр.

Бүгінгі таңда 5 вокзалға (Шымкент, Павлодар, Екібастұз, Қызылорда және Түркістан) реконструкция жүргізілді. Жыл соңына дейін туристік бағыттарды қоса алғанда, тағы 53 вокзалға жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

«Вокзал маңындағы алаңдарды жөндеу жұмыстары жергілікті атқарушы органдар тарапынан параллельді түрде қамтамасыз етіледі. Жалпы, аталған барлық жобалар мемлекеттік кепілдіктерді әрі қарай беру мүмкіндігі үшін ұйымдастыру мәселелерін аяқтау сатысында тұр», — деп түйіндеді министр.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ