Asar Baspana қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды

Мәліметтерге сенсек, тергеу барысында Туғанбаев Н.М. бастаған пирамида ұйымдастырушылары, 86 мыңнан астам азаматтан 12,4 миллиард теңге тартқан, есесіне ай сайын 30%-ға дейін табыс уәде еткен.
“Шын мәнінде, нақты бизнес болмаған, төлемдер жаңа қатысушылардың салымдары есебінен жүзеге асырылған. Осылайша Туғанбаев пен оның серіктестері 3,8 миллиард теңге қаражатты заңсыз иеленген. Күдіктілер салымшыларды адастырып, Алматы қаласында құрылыс материалдарын өндіру, тігін цехы мен тұрмыстық және медициналық техника зауыты жұмыс істеп жатқанын мәлімдеген. Шындығында, өнімдер үшінші тарап жеткізушілерінен сатып алынып, “Asar Baspana” логотипімен таңбаланған”, – делінген хабарламада.
2024 жылы желтоқсан айынан бастап, пирамидаға деген сенім азая бастаған кезде, ұйымдастырушылар автосалон ашып, ресми дилерлермен әріптестік орнаттық деген жалған ақпарат таратқан. Шын мәнінде, автокөліктер салымшылардың ақшасына сатып алынып Туғанбаевтың туыстарына рәсімделген.
Пирамиданы әшкере ететін жағдайлар туындаған тұста, Туғанбаев Н.М. 8 ақпан күні “Asar Baspana” сайтын техникалық режимге ауыстырған. Бұл қылмыстық әрекетті жасыру мақсатында жасалды.
“Алайда тергеу барысында серверлік деректер қалпына келтірілді. Сайт деректеріне сәйкес, “Gold” деңгейіне жеткен 15,5 мың салымшының тек біреуіне ғана пәтер берілген. Platina бағдарламасы бойынша 15 мың үміткердің арасынан тек бір салымшыға ғана көлік берілген”, – деді қаржы агенттігі.
Еске салайық, 2025 жылғы 9 ақпанда 49 кеңседе және 81 күдіктінің тұрғылықты жерінде тінту жүргізілді. Тергеу кезінде 1,1 миллиард теңге, Toyota Land Cruiser 300 және Lexus 570 сияқты 10 премиум-класстағы автокөліктер тәркіленді, олар Туғанбаев пен оның жақындарына рәсімделген. Сонымен қатар Ақтау қаласында Туғанбаев Н.М.-ның бауырының үйінен кооперативтің есепшоттарында болуға тиіс 945 миллион теңге қолма-қол ақша табылды. 1,2 миллиард теңгеден астам сомаға шоттар бұғатталып, тыйым салынған. 2025 жылғы 11 ақпанда Туғанбаев Н.М. мен Байтасов Н-ға қатысты 2 айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.