Біздің дәрісіміздің мақсаты – жас ұрпаққа құқықтық мәдениетті сіңіру

0
26

Астанадағы №6 мектепте түлектеріне арнап прокуратура өкілдері мен танымал қазақстандық актер Дәурен Серғазиннің қатысуымен профилактикалық дәріс өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шара «Заң және тәртіп» нарративі және «Жас үміт» жобасы аясында ұйымдастырылды. Оның мақсаты – оқушылардың құқықтық мәдениетін, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру және өмірлік жолды саналы таңдауға ынталандыру.

Прокуратура қызметкерлері жоғарғы сынып оқушыларына құқықтық тәртіптің негіздері, заң талаптарын сақтау мен адамгершілік қағидаттарының маңыздылығы туралы профилактикалық дәріс оқыды. Сонымен қатар, түлектерге болашақ мамандықты дұрыс таңдауға қатысты кеңестер беріліп, құқықтану саласының бағыттары таныстырылды.

«Біздің дәрісіміздің мақсаты – жас ұрпаққа құқықтық мәдениетті сіңіру. Біз осындай кездесулерді тұрақты түрде өткізуге тырысамыз, себебі бұл мектеп оқушыларын заңға бағынатын азамат болуға және саналы түрде кәсіби жолын таңдауға ынталандырады», – деді елорданың Сарыарқа ауданы прокуратурасы бөлімінің прокуроры Қасымжомарт Бейсенбай.

Іс-шараға актер Дәурен Серғазиннің қатысуы оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Ол өз өміріндегі әсерлі оқиғаларын, жеке тәжірибесін айтып, түлектерге сәттілік тіледі.

«Прокуратура осындай шаралар өткізетіні өте жақсы. Мүмкін, дәл осындай кездесулер жасөспірімдердің қателіктерден аулақ болуына көмектесер. Актердің қатысқаны бізді таңғалдырды – ол өмірден алынған оқиғалардан мысалдар келтіріп, қиын сәттерде қалай әрекет ету керектігін айтты», – деп әсерімен бөлісті 11-сынып оқушысы Нұралы Жұмабек.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ