Үкімет Қызылорда қаласындағы ЖЭО жөндеу жұмыстарына 2,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлді

Үкімет Қызылорда қаласындағы Оңтүстік қазандығының үш бу қазандығын реконструкциялау жобасын жүзеге асыруға 2,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Атап айтқанда, қаражат Қызылорда қаласы тұрғындарын орталықтандырылған жылумен жабдықтауды 3 көзден: негізгі ЖЭО, Оңтүстік және автономды қазандықтар арқылы қамтамасыз ететін жалғыз кәсіпорын «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК-ға бағытталады.
Қазіргі таңда Оңтүстік қазандықтың негізгі жабдықтары апатты жағдайда және резервтік қуатсыз жұмыс істеп тұр.
Оларды реконструкциялау жобасын жүзеге асыру 2024 жылы басталған, Үкімет резервінен 2,04 млрд теңге, облыстық бюджеттен 655 млн теңге бөлінген болатын. Аталған кезеңде суды химиялық тазарту қондырғыларын ауыстыру, ескі қазандықтарды бөлшектеу, сондай-ақ жаңа жабдықтар жасау үшін зауытқа өтінімдер беру бойынша жұмыстар орындалды.
Жобаның аяқталуы алдағы жылыту маусымына дайындалуға және қаланың оңтүстік бөлігі тұрғындарын: 197 көппәтерлі тұрғын үй кешенін, 73 әлеуметтік және 69 шаруашылық нысанды тұрақты жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде жылу желілерін жөндеу бойынша 4 жобаны іске асыру көзделуде.