«Егемендік пен елдіктің еңселі мінбері» атты мерейтойлық іс-шара өтті

0
8

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Ана тілі» газетінің 35 жылдығына арналған «Егемендік пен елдіктің еңселі мінбері» атты мерейтойлық іс-шара өтті.

Іс-шара аясында «Ana tili» газетінің архивіндегі тарихи және құнды фотосуреттерден көрме ұйымдастырылды. Көрмеде басылым тарихынан, ел егемендігінің қалыптасу кезеңдерінен сыр шертетін фотоматериалдар қойылды. Бүгінде газеттің фотоқорында 10 мыңнан астам фотосурет болса, олар кезең-кезеңімен цифрландырылып жатыр.

Сондай-ақ көрме аясында белгілі фототілші, «Ana tili» газетінің қызметкері Азамат Құсайыновтың «Ұлттық рух және бір сәт» атты жеке шығармашылық фотокөрмесі өтті. Онда тарихи оқиғалар, ұлт тұлғалары, әдебиет пен өнер, ұлттық дәстүрлер және ауыл өміріне арналған фотошежірелер ұсынылды.

Сондай-ақ келушілер назарына 1990 жылдан бастап жарық көрген газет тігінділері мен бас редакторлардың еңбектерінен құралған деректі көрме де назардан тыс қалмады.

Ұлттық кітапхана тарапынан 1990 жылғы «Ana tili» газетінің бір жылдық шығарылымы қайта түптеліп, реставрациядан өткен мұра бас редактор Ерлан Жүніске  табысталды.

Сонымен қатар тұңғыш бас редактор Жарылқап Бейсенбайұлы басшылық еткен кезеңде (1990–1997) жарық көрген мақалалар топтастырылған кітаптың тұсауы кесілді.

Іс-шара аясында «Егемендік пен елдіктің еңселі мінбері» атты дөңгелек үстел отырысы өтті.

Жиынға бұған дейін газет басқарған бас редакторлар мен орынбасарлар, ардагер журналистер, қоғам қайраткерлері, жазушылар мен тіл мамандары қатысты.

Іс-шарада ҚР Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын табыстады.

Мерекелік жиын аясында газет ұжымы ұйымдастырған «Нұрлы жұлдыз – бабам тілі» атты поэзия және «Менің өмірімдегі ана тілі» атты шығармашылық эссе байқауының жеңімпаздары марапатталды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ