Азық-түлік келісімшарт корпорациясы Вьетнамға астықты жөнелтуді бастады

Азық-түлік келісімшарт корпорациясы көлемі 15 мың тонна қазақстандық жоғары сапалы бидайдың бірінші партиясын Вьетнамға жөнелтуді бастады. Контейнерлік пойыз Ақмола облысының астық қабылдау кәсіпорындарынан жөнелтіледі. Жеткізу мультимодальды схема бойынша жүзеге асырылады: алдымен, астық теміржол бойынша Достық – Алашанькоу шекара өткелі арқылы Қытайдың Ляньюнган халықаралық теңіз портына жеткізіледі, содан кейін теңіз кемелеріне тиеліп, Вьетнамның Hai Pong портына жіберіледі.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Асылхан Джувашев атап өткендей, астықты Вьетнамға жөнелту компания үшін тарихи маңызға ие. Оңтүстік-Шығыс Азия нарығына шығу экспорттық бағыттарды әртараптандыру және қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін халықаралық нарықтарға ілгерілету жөніндегі стратегияны іске асыруда маңызды кезең болады.
«Соңғы бес жылда ұлттық оператор Қазақстан үшін басым нарықты бекіту мақсатында Қытайға жыл сайын 200 мың тоннаға жуық астық жеткізді. Биыл біз жеткізу географиясын кеңейту арқылы экспорт көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде Марокко Корольдігіне 60 мың тонна азық-түлік бидайы жөнелтілді. Оңтүстік-Шығыс Азияға келетін болсақ, бұл нарық жоғары әлеуетке ие және қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін перспективалы болып табылады», – деп атап өтті Асылхан Джувашев.
Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық астықтың Вьетнамға соңғы жөнелтілуі 2017 жылы болды. Содан кейін жеткізу көлемі небәрі 720 тоннаны құрады.
Азық-түлік келісімшарт корпорациясы алыс шетел нарықтарындағы позицияларды нығайтуға бағытталған экспорттық саясатты қалыптастыруда. Назарда – Еуропалық одақ елдері, MENA аймағы (Таяу Шығыс және Солтүстік Африка), сондай-ақ Оңтүстік-Шығыс Азия.