Мемлекеттік рәміздер – ұлттық рух, бірлік пен мақтаныш сезімін қалыптастырудың негізгі құралына айналуда

0
24

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп мемлекеттік рәміздер, геральдика, сондай-ақ оларға теңестірілген ведомстволық және өзге де наградалар мәселелері жөніндегі Республикалық комиссияның отырысына қатысты.

Іс-шара барысында сенатор мемлекеттік рәміздер мен геральдиканың елдің тарихи мұрасын, мәдени құндылықтары мен егемендігін айқындайтын мемлекеттік бірегейліктің ажырамас бөлігі екенін атап өтті. Қарқынды жаһандық өзгерістер, цифрландыру және қоғам тарапынан ашықтық пен мәдени даралыққа деген сұраныстың артуы жағдайында Комиссия қызметі заманауи үрдістер мен талаптарға бейімделуі тиіс екенін айтты.

«Республикалық комиссияның жұмысын жетілдіру – ашықтық, технологиялық жаңашылдық, мәдени сабақтастық пен қоғамдық қатысу қағидаттарына негізделуі қажет. Бұл – мемлекеттік рәміздерге деген құрметті сақтау мен арттыруға ғана емес, сонымен қатар оларды ұлттық бірегейлік пен егемендіктің маңызды белгісі ретінде қоғам санасында нығайтуға мүмкіндік береді. Комиссия жай ғана реттеуші емес, ХХІ ғасырдың жаһандық трендтері мен ұлттық құндылықтарын ескеретін мәдени-визуалдық саясат орталығына айналуы тиіс», – деді Нұртөре Жүсіп.

Сенатор сарапшылар қауымдастығымен өткен пікірталас аясында қазіргі ақпарат пен бейнелер, символдар қоғамдық санаға саяси немесе экономикалық шешімдерден кем әсер етпейтінін атап өтті. Сондықтан да мемлекеттік рәміздер – ұлттық рух, бірлік пен мақтаныш сезімін қалыптастырудың негізгі құралына айналуда.

«Бүгінде мемлекеттік және геральдикалық рәміздер қоғам үшін тек ресми немесе сәндік элемент ретінде ғана емес, ұлттық бірегейлік, патриотизм мен мемлекетіміздің визуалдық мәдениетін қалыптастыратын тірі құралға айналды. Бұл рәміздер тек заңдық талаптар мен геральдика дәстүрлеріне сай ғана емес, сонымен қатар заманауи, шабыт беретін әрі ел ішінде де, халықаралық деңгейде де танымал болуы тиіс», – деді сенатор.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ