Парижде Нұрғиса Тілендиевке арналған көрме ашылды

Парижде ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде ұлы композитор, дирижер, Халық қаһарманы, қазақ музыкасының заңғар тұлғасы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған «Шабыт бастауы: Нұрғиса Тілендиевтің мұрасы» атты халықаралық көрменің салтанатты ашылуы өтті.
Аса көрнекті өнер иесінің ғасырлық мерейтойы – тек қазақ халқы үшін ғана емес, барша өркениетті әлем үшін елеулі оқиға. Бұл маңызды дата ЮНЕСКО тарапынан халықаралық деңгейде аталып өтетін мерейтойлар қатарына енгізілді. Осы арқылы әлем жұртшылығы Нұрғиса Тілендиевтің азамзатқа сіңірген өлшеусіз еңбегін мойындап, қазақ өнерінің рухани қуатын тағы бір мәрте танып отыр.
Аталмыш көрмеде Алматы қаласындағы Музейлер бірлестігінің қорынан алынған 70-ке жуық құнды жәдігер қойылған. Олардың қатарында композитордың өз қолымен жазған партитуралары, сирек фотосуреттері, жеке заттары, сондай-ақ Ахмет Жұбанов сыйға тартқан «Дариға домбыра» да бар. Айта кетейік, кезінде бала Нұрғисаның музыкалық білім алуына Ахмет Жұбанов себепкер болған еді.
«Бүгінгі көрмені көріп, бойымды шексіз толқу мен мақтаныш кернеді. Әкемнің рухына көрсетілген үлкен құрмет үшін Алматы әкімдігіне, ЮНЕСКО-ға алғысым шексіз. Әкем өте қарапайым жан болатын. Оның дарыны мен адамгершілігі бір-бірінен бөлінбейтін егіз ұғым еді. Ол барлық шығармасын халқына, жеріне деген сүйіспеншілікпен жазатын. Шабыты негізінен түнде ашылатын. Табиғи есту қабілеті соншалық – шығарманың толық сарыны санасында сайрап тұратын. Тіпті сол әуенді бірден қағаз бетіне түсіріп үлгеретін», – деді қызы, Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» қазақ мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық халық аспаптары оркестрінің дирижері әрі көркемдік жетекшісі Дінзухра Тілендиева.
Көрменің ашылу салтанатына ЮНЕСКО-ға мүше елдердің елшілері, дипломатиялық миссия өкілдері, халықаралық ұйым қызметкерлері, Франция жұртшылығы мен сонда тұратын қазақ диаспорасы қатысты. Көрме 19 маусымға дейін жалғасады.
«Нұрғиса Тілендиев өз халқының рухани жадынан қуат ала отырып, заманауи әлемге ашық болды. Оның шығармашылығы біз барлық мәдениеттерден іздейтін құндылықты – түрлі элементтердің үйлесімін бейнелейді. Бір ғана нота өз алдына әсем болуы мүмкін, бірақ бірнеше нотаның үндестігі ғана нағыз гармония тудырады. Дәл сол сияқты, әртүрлі дауыстарға құрметпен қарап, біз шын мәнінде мағыналы дүниені бірге жасай аламыз. Бұл – ЮНЕСКО мандатының өзегі: бейбітшілікті мәдениеттер арасындағы диалог пен ынтымақтастық арқылы нығайту», – деді ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары Эрнесто Оттоне.
Көрме аясында қазақ және басқа да түркі халықтарының ұлттық музыкалық аспаптары ұсынылды. Алты тақырыптық бөлімнен тұратын көрме экспозициясы композитор шығармашылығының сан қырын аша түсіп, қазақ музыкасының терең тамыры мен өрісі кең болмысын бейнелейді.
«Бұл көрме – қазақ музыкасының алтын арқауы болған тұлғаның мұрасына көрсетілген зор құрмет. Бұл – түркі дүниесінің ортақ рухани кеңістігін жаһандық деңгейде танытудың жарқын көрінісі», – деді Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов.
Көрмені Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Музейлер бірлестігі ұйымдастырды. Жобаның жүзеге асуына Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдігі, Түркі мәдениеті және мұрасы қоры атсалысты. Жоба қазақтың бай музыкалық мұрасын шетел жұртшылығына кеңінен танытуға бағытталған.
«Нұрғиса Тілендиев – ән, күй, романс, опера, балет, кантата, поэма сынды жанрларды қатар меңгерген, қазақ музыкасының заңғар тұлғасы. Бүгінде Алматыда Тілендиевтің мемориалдық музейі жұмыс істейді. Ескерткіш те орнатылған. Сондай-ақ, биыл Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театры композитордың мерейтойына орай
арнайы спектакль ұсынбақ. Жалпы Париж төріндегі көрме — әлемдік қоғамдастықтың қазақ халқының рухани құндылықтарына көрсеткен терең құрметінің белгісі. Бұл жұмыс жалғасын табады», – деді Алматы қаласы Мәдениет басқармасы Тарихи-мәдени мұраны қорғау бөлімінің басшысы Алтынай Әлімханова.
Нұрғиса Тілендиевтің өмір жолы – тұтас бір дәуірдің шежіресі. Ол 500-ден астам музыкалық туынды жазып, 50-ден аса драмалық қойылым мен 20-ға жуық кинофильмге музыка жазған. 12 жасында оркестрдің концертмейстері атанып, 14 жасында дирижердің көмекшісі болды. Ұлы Отан соғысына жасына қарамастан аттанып, елге оралған соң Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясын тәмамдады. Кейін Мәскеудегі консерваторияда оқып, сол оқу орнының алғашқы қазақ студенті атанды.
«Біз бұған дейін Оңтүстік Корея, Түркия, Мажарстан, Сербия, Италия, Аустрия, Чехия елдерінде қазақ тарихы мен мәдениетін насихаттайтын көрмелер өткіздік. Франциядағы бұл көрме – біздің ортақ еңбегіміз. Қазір Тілендиев музейінде реэкспозициялық жұмыстар жүргізілуде, жастарға арналған танымдық шаралар ұйымдастырылып жатыр. Біз ұлы маэстроның мұрасын жаңаша қырынан танытып, оны болашақ буынның жүрегіне жеткізуді көздейміз», -деді Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова.
Нұрғиса Тілендиев – Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының, Құрманғазы атындағы халық аспаптар академиялық оркестрінің бас дирижері, сондай-ақ өзі негізін қалаған «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің көркемдік жетекшісі болған қазақ музыкасының көрнекті тұлғасы.