Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының рухани ұстазы

2025 жылы ұлы ақын, ойшыл, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толмақ. Осы тарихи датаға орай Батыс Қазақстан облысында ауқымды мәдени-рухани шаралар өткізу жоспарлануда.
Жалпы алғанда, облыс орталығы мен аудандарды қоса алғанда 30-40-қа жуық түрлі деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл шаралар Абай мұрасын насихаттауға, ұлы тұлғаның шығармашылығы мен философиялық көзқарасын кеңінен танытуға бағытталады.
Соның аясында 7 тамыз күні сағат 11:00-де Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында Ж.Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап ғылыми кітапхананың бастамасымен «Абай мұрасы – ұлт руханиятының алтын діңгегі» атты облыстық ғылыми-танымдық конференция өтеді.
Конференция барысында филология, тарих, мәдениет салаларындағы ғалымдар мен мамандар Абай шығармашылығы мен ілімі туралы мазмұнды баяндамалар жасап, пікір алмасады. Атап айтқанда, конференция келесі бағыттарды қамтиды:
Абай шығармашылығындағы адам мен қоғам мәселесі;
Абай – ұлттық тәрбие мен рухани жаңғырудың темірқазығы;
Абай ілімі – заманауи білім мен ғылымдағы тұғырлы негіз.
Шара аясында Абай шығармаларының көрмесі ұсынылып, үздік баяндамалар арнайы жинақ түрінде жарық көреді.
Ал 10 тамыз күні Абай ескерткішінің жанында «Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары» атты ашық аспан астындағы салтанатты кеш өтеді. Бұл шараға облыс басшылығы, зиялы қауым өкілдері, мәдениет қызметкерлері, шығармашыл жастар мен қала тұрғындары қатысады деп күтілуде. Гүл қою рәсімі – ұлы ойшылға деген тағзымның белгісі болмақ.
Салтанатты шарада Абайдың өлеңдері оқылып, әндері шырқалады. Сонымен қатар, 5 тамызда өткізілетін «Абайдың асыл мұрасы – халықтың рухани азығы» атты облыстық байқаудың жеңімпаздары да осы күні марапатталады.
Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының рухани ұстазы. Оның өшпес мұрасы – ұлттың ар-ожданы мен болмысын айқындайтын мәңгілік бағдар. Алда өтетін іс-шаралар жас ұрпаққа осы құндылықтарды жеткізіп, Абайды жаңаша танытуға бағытталады.