Семей қаласындағы ескі көпірдің асфальты толық жаңартылды

Облыс әкімі Берік Уәли қаланы аралау барысында жергілікті халыққа «Ескі көпір» атауымен белгілі автогуж көпірінде болды.
Мұндағы асфальт жабынын ауыстыру жұмыстары 16 тамызда басталған болатын. Ұзындығы 1 шақырымға жуықтайтын жолдың ескі асфальт қабаты қырып алынып, орнына қалыңдығы 6 см жаңа тасты-мастикалық асфальт төселді. Бүгін жол белгілері сызылып, ертеңнен бастап қала тұрғындарының қолданысына беріледі.
«Оқушылар каникулға шыққан кезде аспалы көпірге асфальт төсеуді бастағанбыз. Енді міне, жаңа оқу жылының қарсаңында екінші көпірді де аяқтап, тұрғындардың ыңғайлы жүріп-тұруы үшін жағдай жасап отырмыз. Бұған дейін мұнда жылдамдық сағатына 40 шақырым болса, енді автокөліктер 60 шақырым жылдамдықпен жүретін болады» деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі автогуж көпірінің жанында салынып жатқан жаңа көлік өткелінің құрылысы туралы да айтты. Биыл өткен «Орталық Азия – Қытай» саммитінен кейін ҚХР Төрағасы аймақ елдеріне қайтарымсыз грант берілетінін атап өткен болатын. Аталған көпір құрылысын қаржыландыруды қайтарымсыз грант есебінен шешу жөнінде облыс тарапынан ұсыныс беріліп, бастама Президенттің қолдауына ие болды.
«Үкіметпен, тиісті министрліктермен келісілді. Қаржы бөлінетін болды. Мердігер компания жыл соңына дейін көпірдің бірінші кезеңін аяқтап, көліктердің жүруіне жағдай жасаймыз деп отыр. Яғни, жол ашылады. Асфальт төсеу жұмыстары көктемде басталады. Ал ескі көпір келесі жылы жаяу жүргіншілер көпірі болады. Батыс елдеріндегідей қайта қалпына келтіріп, жаяу жүргіншілерге арналған үлкен көпір, Арбат жасаймыз. Қала әкімдігі жоба ұсынады. Бұл көлік өткелі қала тұрғындары велосипед теуіп, демалып, емін-еркін жүретін орын болады. Шағын сауда орындары орнатылады. Яғни, жаяу жүргіншілер Арбатына айналдыратын боламыз» деді аймақ басшысы.