Қазақстанда өсімдік майын өндіру 24%-ға өсті

0
19

Қазақстанда майлы дақылдарды қайта өңдеу көлемінің тұрақты өсуі жалғасуда.
2025 жылғы қаңтар–шілде қорытындысы бойынша өсімдік майын өндіру өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24%-ға артып, 420,5 мың тоннадан 521,2 мың тоннаға жетті. Оның ішінде күнбағыс майының өндірісі 457,7 мың тоннаны құрап, өткен жыл деңгейінен 24,5%-ға жоғары болды (367,8 мың тонна).

Жалпы, 2024 жылы елде 753 мың тонна өсімдік майы өндірілді. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда (672,1 мың тонна) 12%-ға артық. Күнбағыс майының өндірісі 18,3%-ға өсті.

Бүгінде елімізде жылына 4,7 млн тонна майлы дақыл тұқымын өңдеуге қауқарлы 88 қайта өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, өндірістік қуаттардың орташа жүктемесі шамамен 35%-ды құрайды. Бұл өңдеу көлемін одан әрі арттыруға зор әлеует бар екенін көрсетеді.

Экспорттық көрсеткіштер де оң динамиканы көрсетуде. 2024 жылы өсімдік майлары экспорты 29%-ға артты. Негізгі экспорт бағыттары: Қытай Халық Республикасы – жалпы көлемнің 42,4%-ы, Өзбекстан – 35,4%, Тәжікстан – 12,7%, Ауғанстан – 3,2%, Қырғызстан – 1,4%, Латвия және Түрікменстан – 1,8%.

Өндірістің өсуі майлы дақылдар егіс алаңдарының ұлғаюының арқасында қамтамасыз етілді. 2025 жылы олардың көлемі 36%-ға (+1,055 млн га) артты. Ең көп өсім мына дақылдар бойынша байқалды: күнбағыс – +481 мың га (ел тарихындағы рекордтық егіс алқабы), зығыр – +376 мың га, рапс – +173 мың га.

Күнбағыс егісін ұлғайту бойынша көшбасшылар Павлодар облысы (+136 мың га), Қостанай облысы (+109 мың га), Солтүстік Қазақстан облысы (+65 мың га) және Ақмола облысы (+46 мың га) болды.

Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері майлы дақылдарды анағұрлым рентабельді дақыл ретінде көбірек таңдай бастады. Бұл ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру бағытының өзектілігі мен тиімділігін дәлелдейді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ